Құқық • 25 Қаңтар, 2024

Қаржылық бақылаудың нәтижесі

250 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазір қар­жы­лық қитұрқы әрекет өршіп барады. Қарапайым ел азаматтарынан бөлек,­ мемлекеттік мекемелер мен ірі компаниялардың өзі зардап ­шегіп жатады.

Қаржылық бақылаудың нәтижесі

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

«Аңқау елге – арамза молда» дегеннің кері келді. Жұртты алдап соғып, қолындағы қаржысын қағып кету дерегі жиі кездеседі. Тұрғындар банк қызметкері немесе полиция болып қоңырау шалғандарға бар жиғанын беріп жібереді. Әрине, мұның бәрі қаржылық сауатсыздық пен қарапайым қауіпсіздік қағидаларын сақтамаудан. Алаяқтар адамдарды былай қойып, мемлекеттің қазынасына да қол салудан тайынбайды. Сондықтан еліміз қоғам дертіне айналған қаржылық алаяқтықпен күреске бел шеше кірісті. Технологиялық өзгерістер мемлекеттік сектордың да жұмыс тәсіліне тың өзгерістер қажет екенін байқатты. Елімізде азаматтардың құқығын қорғау мақсатында әрі құқықтық сауатты насихаттау үшін қаржылық орган қайта жаңғырды.

2014 жылдың 6 тамызы қаржы мониторингі ұжымының қайта түлеп, тарихы басталған күн. Сол жылы Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік (Қаржы полициясы) таратылып, Қаржы министрлігінде жаңа комитет құрылды. Мемлекеттік кіріс комитеті Экономикалық және қаржылық қыл­мысқа қарсы іс-қимылды жүзеге асырады. Орган құрамына Эконо­микалық тергеу қызметі де кірді. Ұжым қызметкерлері құқық бұзушылықты анықтау, оның алдын алу секілді жұмыстарды атқарады. Жыл өткен сайын салалық қызметкерлердің де біліктілігі мен білімін жетілдіріп отыру керек. Себебі қаржылық алаяқтық та тың технологияны пайдаланып, алдап-арбаудың өзгеше тәсіліне көшіп отырады. Қылмыстық істің салдарымен күрескенше, оның алдын алу өте маңызды екені белгілі. Мемлекет үшін азаматтарының қауіпсіз қоғамда өмір сүргені керек. Тұтас қоғам са­уатты болғанда ғана жаман әдеттерден арыламыз.

Ақша айналасындағы алаяқтармен күрес жолында жаңа мекемелердің құрылуы да заңдылық. 2019 жылдың 31 қаңтарында Қаржылық мониторинг комитетінің жанында Экономикалық тергеу департаменттері ашылды. Ал 2021 жылғы 28 қаңтарда Президент Қаржылық мониторинг агенттігін құруды тапсырды. Жаңа агенттік қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), тер­роризмді қаржыландыруға, жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы жұмыспен шұғылданады. Сонымен қатар заң­намаға сәйкес экономикалық және қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алуды, анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеп-тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган саналады. Ведомство тікелей Президентке бағынады және оған есеп береді.

Азаматтар оңай олжа іздеп опық жейтінін түсінуге тиіс. Қоғамда адал еңбекпен табысқа жеткендердің өмірі жиі насихатталып отыруы керек. Қарапайымдылық, адал­дық, еңбекқорлық секілді қағидаттар алға шыққанда ғана мемлекет да­­миды. Кейінгі жылдары агенттік қыз­­­­мет­керлерінің ізденісі мен тынымсыз еңбегінің арқасында қаржылық алаяқтықпен күрес өз жемісін бере бастады. Өткен 2023 жыл сала мамандары үшін табысты болғаны анық. Қызметкерлердің жедел іс-әрекеті көңіл қуантады. Маман­дардың жұмысы халықаралық деңгейде де көрініп, шетелдік сарапшылар тарапынан жоғары бағасын алғаны соған дәлел.

Еліміз беделді ұйымдардың рейтингінде өзіндік рекордқа жетіп, мемлекеттік органның тиімді жұмыс істеп келе жатқанын көрсетті. Мысалы, Базель басқару институтының жыл сайынғы «Basel AML Index» рейтингінде еліміздің позициясы бірден 27 пунктке жоғарылады. Айта керу керек, бұл институт кірістерді жылыстату және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы ең беделді дереккөз саналады.

Халықаралық ынтымақтастықты нығайту жұмыстары да табыс­ты­ жалғасып келеді. Еліміз FATF (Ақша­ны жылыстатуға қарсы күрес шара­ларын әзірлеу тобы) стандарттарына сәйкестілігін бағалау рәсімінен сәтті өткенін де атап өткен жөн. Біз ақшаны жылыстатуға қарсы күрес жөніндегі 41 елден (АҚШ, Канада, Аустралия, Жапония, т.б.) тұратын Азия-Тынық мұхиты тобында бақылаушы мәртебесіне ие болдық. Бұл осы аймақтағы елдермен тиімді қарым-қатынас орнатуға жол ашады. Мұның бәрі отандық мамандардың ел ішіндегі тиімді жұмыстарының нәтижесі екені сөзсіз. Агенттік жыл басынан бері жәбірленушілерге 85 млрд теңге залалды өтеуге үлес қосып, мемлекетке 187 млрд теңгенің активтерін қайтарды. Азаматтарды алаяқтық іске тартуға жол бермеу үшін 36 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды, зардап шеккен салымшылардың 4,6 миллиард теңге шығыны өтелді, қаржы пирамидаларын жарнамалайтын 7,7 мыңнан астам сайт пен аккаунт бұғатталды. Соның арқасында көлеңкелі экономика деңгейі айтарлықтай төмендеді.

Қоғамды алаңдататын тағы бір жайт – есірткімен күрес. Қазір нашақорлық жас­тар арасында белең алып барады. Сала қызметкерлері есірткі сату­шы­лардың қаржылық операцияларын бұғаттау тәжірибесін жолға қойды. Бұл істе 927 банктік шот жабылды. Сонымен қатар агенттіктің атсалысуымен 14 облыста әлеуметтік азық-түлік өнімдерінің 14 түрі бойынша баға төмендетілді. Қалтаны қысқан қымбатшылық заманында бұл шешім қарапайым тұрғындар үшін үлкен көмек болғаны рас.

Былтыр қарашадағы Риддер қала­сының жағдайы жұрт есінде. Қыстың көзі қырауда қала тұрғындары жылусыз қалып, шаһарда төтенше жағдай болғаны белгілі. Жылу электр орталығы қожайындарының кәсіби біліксіздігі мен жауапсыздығынан қалың бұқара зардап шекті. Бұл жағдайдан кейін стратегиялық маңыздағы нысандарды мемлекет меншігіне қайтару мәселесі күн тәртібіне шықты. Агенттіктің араласуымен Риддер ЖЭО мемлекеттің балансына өтті. Әрине, мұның бәрі сауатты мамандардың арқасында жүзеге асты. Тынымсыз еңбек те өз нәтижесін бергенге ұқсайды. Әлеуметтік сауалнама қорытындысы бойынша агенттікке деген жұрттың сенімі 20%-ға өскені байқалады. Сала мамандары үшін азаматтар мен кәсіпкерлердің бағасы маңызды. Сондықтан мемлекеттік мекеме әрқашан халықтың сенім үдесінен шығуға жұмыс істейді. Биыл қаржылық мониторинг органдарының қызметкерлеріне қойылатын міндет өте көп.

 

Балжан СЕЙІЛОВА,

Қаржылық мониторинг органдары

ардагерлері ұйымының төрағасы