Білім • 25 Қаңтар, 2024

Бірыңғай тестілеу басталды

380 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қаңтар айындағы ұлттық бірыңғай тестілеу басталғалы бері 15 мыңға жуық талапкер тест тапсырды. Оның 67 пайызы – қа­зақ тілінде, 32,9 пайызы – орыс тілінде, ал 13 оқушы ағыл­шын­ тілінде сынақтан өтті. Қаңтар ҰБТ-сы қазір қалай өтіп жатыр? Алғашқы сынақтың аралық қорытындылары қандай?

Бірыңғай тестілеу басталды

Қазіргі таңда мектеп бітіруші түлектер жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ-ны бес рет тапсыратыны белгілі. Соның алғашқысы – қаңтар айындағы сынақ. Талапкерлер бұл жол­ғы серти­­фикатпен мемлекеттік грант­қа қатыса алмайды, бірақ шек­тік балдан асса, ақылы оқуға түсу­ге мүмкіндік бар. Сонымен қатар тестілеудің қалай өтетінін көріп, ауанын сезініп, білімін бір пы­сық­тап­ алуға таптырмас сәт.

– Қаңтар айындағы ҰБТ-ның бірінші аптасы аяқталды. Тестілеу 10 ақпанға дейін жалғасады. Тес­ті­­леуге қатысуға 136 мың өті­ніш келіп түсті. Олардың ба­сым бөлігі, атап айтқанда, 19%-ы­ «Математика-Физика» пән­дер­ комбинациясын, 14%-ы «Био­ло­гия-Химия» комбинациясын таңдаған. Ең аз таңдалған комби­на­ция – «Химия-Физика», оны 22 адам тапсырған, – деді Ұлттық тес­ті­леу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Грантқа ынталы әр талап­кер­дің мақсаты жоғары балл алу екені анық. Ал жоғары ұпай алу үшін әрине, жоғары деңгейдегі дайындық керек.

– 11-сынып оқушылары қаңтар айындағы сынақтың нәтижесінде білім деңгейін біліп, тестілеудің қандай болатынын сезінеді. Түлектердің көбі бұл жолғы тесті­леу­ден кейін бірден ес жиып, дайын­дыққа білек сыбана кіріседі. Мұғалім ретінде айтарым, ҰБТ тапсыру жылдан-жылға жаңа форматқа ауысып, ака­де­миялық адалдық жақсы сақ­та­­лып, жаңа деңгейге көтеріліп келе жатыр. Қаңтар айындағы тес­ті­леу – оқу­шыларды нағыз ҰБТ-ға тың­ғы­лықты дайындалуға серпін береді. Сон­дық­тан оқушыларыма «Көп алсаң тасыма, аз алсаң жасыма» деп жиі айтамын, – дейді Астана қаласындағы JUZ40 EDUCATION білім беру­ орталығының мұғалімі Нилюфар Қалменова.

Сонымен қатар алғашқы сы­нақ­ты тапсырып шыққан оқу­шы­­­­лар­дың да пікіріне құлақ сал­дық. Олар камераның алдында бірінші рет тапсырғандықтан қат­ты­ қобалжығандарын жасырмады. Тіпті дайындықты 11-сынып­та бастағандықтан, өтпе­ген тақы­рып­тар­дың сұра­ғы­нан мүдіргендерін де ашық айтты. Бірақ бұл тестілеу келесі ҰБТ-ға жүйелі түрде жақ­сы­лап дайындалу керектігін анық ұқ­тырды десті олар.

Ал дайындаламын деген оқу­шы­ға мүмкіндік көп. Атап айтсақ, 2024 жылғы түлектерге білім беру орталықтарының қолдауымен тегін онлайн сабақтар жүргізіліп жатыр. Бұл сабақтар білім беру орталықтарының YouTube арналарында тікелей эфирде өтіп, сақталады. Талап­кер­лер кез келген уақытта оларды қайта қарай алады. Ал енді біліміне емес, смартфонға сенген оқушыларға тәртіп қатал. Қазірдің өзінде 12 талапкер смартфон, шпаргал­ка­ және басқа да ты­йым салын­ған заттарды алып өту әрекеті сал­дарынан тест тапсыру мүм­кін­дігінен айырылды. Тесті­леу кезінде ережелерді бұз­­ғаны үшін аудиториядан 5 адам шыға­ры­лып, олардың нәти­же­лері жойылды.

Айта кетейік, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтіз­бе­лік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым са­лын­­ған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анық­талған жағдайда талапкердің нәтижелері жо­йылады.

 

Бекзат ҚҰЛШАР,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті