Сұхбат • 24 Қаңтар, 2024

Төлеген Оспанқұлов: Құқығы қорғалған қызметкердің қадірі биік

216 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Еңбекқор адам – қоғамның құты. Ал қоғамның құты қашпауы үшін жұмыс күші лайықты бағаланып, еңбек құқығы тиісті деңгейде қорғалып, кісі ақысының желінуіне жол берілмеуі керек. Осылайша, әділет салтанат құрған ортада еңбек адамының абыройы биік болатыны анық. Бұл межеге жету – қашаннан мемлекет мүддесі. Аталған бағытты ілгерілету ісі қалай жүзеге асып жатқанын білу мақсатында ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы – Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұловпен сұхбат құрдық.

Төлеген Оспанқұлов: Құқығы қорғалған қызметкердің қадірі биік

– Төлеген Қапақұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда еңбек адамдарының беделін көтеруге әрдайым мән беріп келеді. Бұл ретте әр Жолдауда жұмысшыларды қолдауға ба­ғытталған нақты тапсырмалар да жүктелді. Мысалы, былтырғы қыр­­күйектегі Жолдауда ұзақ уақыт бойы ауыр жұмыс істеп келе жатқан жұ­мыс­шылар үшін әлеуметтік қолдау те­тік­терін қарастыру тапсырылды. Осы бағытта қандай жұмыстар атқа­рылды?

– Президенттің 2023 жылдың 1 қыр­күйегіндегі «Әділетті Қазақстанның эко­номикалық бағдары» атты Жолдауында зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген, саланы дамытуға елеу­лі үлес қосқан жұмыскерлерге ден­сау­лығына келтірілген зиян деңгейі еске­ріле отырып, 55 жастан бастап зей­нет жасына толғанға дейін арнау­лы әлеуметтік төлем төлеуді енгізу тура­лы тапсырылған еді. Осыған орай жаңа жылдың 1-қаңтарынан бастап Әлеу­меттік кодекске еңбек жағдайлары зиян­ды жұмыстарда істейтін адамдардың әлеу­меттік қорғалу құқығы бойынша арнаулы әлеуметтік төлемдер жүргізу енгізілді.

Кодекстің 195-1-бабының 1-тар­ма­ғына сәйкес зиянды еңбек жағ­дайын­да жұмыс істейтін Қазақстан аза­мат­тарының, ел аумағында тұрақты тұра­тын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың 55 жасқа толған және олар үшін жиынтығында кемінде 7 жыл (84 ай) міндетті кәсіптік зейнетақы жар­налары төленген кезде арнаулы әлеу­меттік төлем алуға құқығы бола­ды. Бұл арнаулы әлеуметтік төлем арнаулы кә­сіп­тік мемлекеттік жәр­дем­ақыдан (2 ең тө­мен күнкөріс дең­гейінің шамасы); зейнеткерлік алдын­дағы аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемінен (1 ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы); жұмыс берушінің қаражаты есебі­нен кәсіптік төлемнен (1 ең төмен күн­көріс деңгейінің шамасы); бірыңғай жи­нақ­таушы зейнетақы қорынан төле­нетін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнет­ақы төлемінен тұрады. Осы тар­мақта көзделген төлемдерге құқық еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін жұмыскер қызметін тоқтатқан немесе зиянды өндірістік факторлардың әсерін болғызбайтын басқа жұмысқа ауысқан жағдайда туындайды. Кодекс­ке енгізілген аталған өзгерістер 1 қаң­тар­дан бастап күшіне енді.

– Кейінгі жылдары елімізде өнді­рістік жарақат алу азаймай тұр. Осы мәселені жүйелі шешу мақсатында 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұ­жы­рымдамасын қабылдау тапсы­­рыл­ды. Бұл құжаттың жай-жап­са­ры қалай болды?

– Еңбекті қорғау саласындағы проб­лемаларды кешенді шешу үшін Пре­зидент Үкіметке Қауіпсіз еңбек тұжы­рымдамасын әзірлеу туралы тапсырма берді. Бұл тұжырымдама әлеуметтік әріптестермен бірлесіп әзірленді және өткен жылдың 26 желтоқсанында тиісті Үкімет қаулысымен бекітілді.

Тұжырымдаманың мақсаты – ең­бек­ті қорғау саласындағы ахуалды фак­тор­лық талдау, жаһандық тенденциялар негізінде жұмысшылардың еңбек жағдайын жүйелі түрде жақсартудың жаңа тәсілдерін қарастыру және еңбек ресурстарын үнемдеу. Сонымен қатар бұл құжатта ұлттық еңбек қауіпсіздігі менеджменті жүйесін қайта іске қосуға, отандық кәсіпорындарда қауіпсіздік мә­дениетін арттыруға бағытталған заңна­маны жаңарту және жаңа цифрлық құ­ралдарды енгізу бойынша шаралар қам­тылады. Жаңа бағыттар аясында кәсіптік тәуекелді интегралдық баға­лауды енгізу, отбасының цифрлық картасы сияқты кәсіпорынның цифрлық картасын әзірлеу көзделген. Бұл карта арқылы кәсіптік тәуекелдер бойынша дербестендірілген кәсіпорындар дерек­қоры және барлық аспекті бойынша еңбекті қорғау барометрі жасалады.

Тұжырымдама өндірістік жара­қат­тануды, кәсіптік ауруларды төмен­де­туге, құзыреттерді арттыруға және ең­бек жағдайларын жақсарту бойын­ша экономикалық ынталандыруды кү­шей­туге ықпал етеді. Бұл ретте ең­бек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау сала­сындағы нормативтік құқықтық ба­заны жетілдіру бойынша жұмыс тұрақ­ты негізде жүргізіледі. Мәселен, заң­н­амаға бірқатар толықтыру енгізу ұсынылады: мемлекеттік еңбек инс­пекторларына қауіпті өндірістік нысандарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында алдын ала ескертусіз тексерулер жүргізу құқығын беру; кәсіптік тәуекелдерді басқару жүйесін енгізу арқылы кәсіпорындардың профилактикалық бақылауын күшейту; кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыру арқылы еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылауды кү­шей­ту; еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарын бұзғаны үшін әкім­шілік санкцияларды қатаңдату. Бұл мәселелердің барлығы бүгінгі таңда Мәжі­лісте қаралып жатыр.

– Еңбек кодексіне сәйкес, еліміздің экологиялық аймақтарында еңбек ететін жұмыскерлер үшін кепіл­діктер белгіленген. Бірақ азамат­тар тарапынан экологиялық жеңіл­діктерге байланысты заңнамадағы нормаларды жетілдіру, яғни эколо­гиялық төлемдерді көтеру туралы ұсыныстар жиі айтылады. Бұл мәселе бойынша өзгерістер енуі мүмкін бе?

– «Арал өңіріндегі экологиялық қа­сірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңның 13-бабына сәйкес, экологиялық қасірет аймағында тұрып жатқан халық­қа аймақтардың санатына қарай коэффициенттермен еңбекақы төленеді, қосымша еңбек демалысы беріледі, сонымен бірге жыл сайын сауықтыруға арнап қолданылып жүрген төлемдердiң үстiне бiр айлық тарифтік мөлшерлеме немесе қызметтiк айлықақы көлемiнде материалдық көмек көрсетiледi.

Конституциялық Кеңестiң 2005 жылдың 29 сәуiріндегi №3 Қаулысына сәйкес заңның 13-бабында көзделген өтемдер мен жеңiлдiктер азаматтар дың зардап шеккен деген мәртебесінің бар-жоғына қарамастан, экологиялық қасiрет аймағында тұрып жатқан бүкiл халық үшiн әлеуметтiк қолдау болып саналады. Бұл ретте көші-қон заңнамасының талабына сәйкес ішкі көшіп-қонушылар, вахталық әдіспен жұмыс атқаратындарды есептемегенде, Қазақстан аумағындағы тұрғылықты жері мен уақытша тұру орны бойынша тіркелуге міндетті екенін атап өткен жөн. Демек заңның 13-бабымен көзделген жеңілдіктер мен өтемақыларды алу үшін жұмыскерлерге заңмен белгіленген экологиялық дағдарыс аумақтарында тұру және еңбек ету, соның ішінде вахта­лық әдіспен жұмыс атқару жеткілікті.

Азаматтық кодекстің 16-бабына сәй­кес «азаматтың тұрақты елді мекені» және «азаматтың тіркелген елді мекені» түсініктері ажыратылады. Азаматтың тұратын елді мекені ретінде ол үнемі немесе басым жағдайда тұратын мекенді атайды. Бұл ретте нақты бір елді мекенде тұрудың мақсаты жұмыс атқару, білім алу және т.б. мақсаттар болуы мүм­кін. Яғни экологиялық дағдарыс аумақ­тарында жұмыс істейтін азаматтар сонда тұрады деп танылады.

Қосымша еңбекақыны есептеудегі қажетті коэффициенттер мен қосымша ақылы еңбек демалысының ұзақтығы экологиялық дағдарыс аумағының классификациясына қарай белгіленеді. Сонымен қатар Арал өңіріндегі эколо­гия­лық дағдарыс аумақтарында тұратын, алайда қызметін өзге елді мекендерде ат­қаратын азаматтарға Заңның 13-бабында көзделген жеңілдіктер берілмейтінін атап өтеміз. Себебі жұмыс уақыты кезінде оларға жағымсыз экологиялық ортаның әсер етуі орын алмайды. Сәйке­сінше жұмыс берушіге де оларға Заңның 13-бабымен көзделген жеңілдіктерді беру міндеті туындамайды. Жоғарыда айтылғандай, бүгінде аталған заңға өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ.

– Бүгінде еңбек нарығында көпте­ген өзгеріс болып жатыр. Мы­салы, пандемиядан кейін онлайн түрде қа­шықтан жұмыс істейтін маман­дар­дың қатары артып келеді. Бі­рақ мұндай жұмысты қолай көре­тін азамат­тардың көбінесе еңбек құ­қы­ғы қорғалмаған. Осы санаттағы маман­дардың құқығын қорғаудың нақты тәсілдері қарастырылған ба?

– Еңбек кодексінде барлық санат­тағы, соның ішінде қашықтан жұмыс істейтін азаматтардың құқығын қорғау шара­лары көзделген. Біріншіден, жұ­мыс­ты қашықтан атқаруға көшкен жұ­мыс­керлермен міндетті түрде еңбек шарт­тарына қосымша келісім жасалуға тиіс. Бұл шара кейін көптеген даулы мә­селенің алдын алуға септігін тигізеді.

Жалпы, қашықтан атқарылатын жұ­мысты үйлестіру Еңбек кодексінің 138-бабымен реттеледі. Аталған бапқа сәйкес, қашықтан жұмыс істеу еңбек шартын жасасу кезінде де, еңбек шартына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіле отырып, еңбек шартының қолданылу мерзімі ішінде де белгіленеді. Қашықтан жұмыс істеу тәртібі мен мерзімдері; еңбек міндеттерін орындау үшін қажетті жабдықпен, көрсетілетін байланыс қызметтерімен және өзге де құралдармен қамтамасыз ету; шығыс­тарды өтеу жұмыс берушінің актісінде айқындалады.

Жұмыскер еңбек міндеттерін орындау кезінде жұмыс беруші, қабылдаушы тарап қамтамасыз еткен жабдықты, ақпа­раттандыру туралы заңнамаға сәй­кес ақпараттандыру нысандарын, көрсе­тілетін байланыс қызметтерін және өзге де құралдарды пайдалануға міндетті. Ал жұмыскер қызмет көрсету кезінде өз құрал-жабдығын пайдаланған, сондай-ақ көрсетілетін байланыс қызметтеріне ақы төлеген жағдайда жұмыс беруші өтемақы төлейді. Мұның көлемі, төлеу тәртібі мен мерзімі жұмыскермен келісу арқылы белгіленеді. Тараптардың келі­суі бойынша қашықтан жұмыс істейтін жұмыскерге қабылдаушы тараптан жұ­мысты орындау кезіндегі өзге де негіз­делген шығыстар, оның ішінде электр энергиясының құны да өтелуі мүмкін.

Қашықтан жұмыс істейтін жұмыс­керлер үшін жұмыс уақытының күнде­лікті ұзақтығының шектеулері сақта­ла отырып, жұмыс уақытының тіркел­ген есебі белгіленеді. Мұны бақы­лау ерекшеліктері еңбек шартында неме­се жұмыс берушінің актісінде айқын­далады. Жұмыскер жұмыс уақытының шегінде жұмыс берушімен байланыс үшін қолжетімді режімінде болуға тиіс. Қабылдаушы тарап кодекстің 77-ба­бының 2-тармағында және 86-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыскердің жұмыс уақытынан тыс кезде қолжетімді режімде болуын талап етуге құқылы емес. Қашықтан жұмысты белгіленген жұмыс уақытынан тыс орындау қажет болған жағдайда осы кодекстің 108, 109 және 110-баптарына сәйкес жоғарылатылған мөлшерде ақы төлене отырып, жазбаша келісім жасалуы керек.

Қашықтан жұмыс істеу кезінде қа­был­даушы тарап жұмыстың орындалуын нақты уақытпен тіркей алмаса, жұмыс уақыты еңбек шартында, жұмыс берушінің актісінде белгіленген жұмыс көлемінің орындалуы ретінде белгіленеді. Еңбек шарты тараптарының келісуі бойынша қашықтан жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін кодекстің 74-бабына сәйкес икемді жұмыс уақы­ты режімі белгіленуі мүмкін. Қашық­тан жұмыс істеген кезде жалақы жұ­мыс­кердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігі мен сапасы­на қарай еңбек шартында және жұмыс берушінің актісінде негізделген жұ­мыс көлемін орындаған кезде толық мөлшерде төленеді.

– Жұмыста бірнеше айлап ақы­сын ала алмаған және басқа да құ­қы­ғы бұзылған жұмыскерлердің ша­ғы­мы жиі байқалып жатады. Он­дай азаматтардың мәселесі қалай шеші­леді? Мұнымен айналысатын ең­бек инспекторларының жұмысына азамат­тардың көңілі тола ма?

– Кәсіпкерлік кодекстің 144-бабы 3-тармағы 4) тармақшасына сәйкес бақылау және қадағалау субъектілерін жоспардан тыс тексеруге құқығы бұзы­лып шағымданған жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негіз болады. Кодекстің 17-бабына сәйкес Еңбек инс­пекциясы жөніндегі жергілікті орган еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. Егер де жұ­мыс беруші еңбек заңнамасының талаптары мен міндеттерін бұзған жағдайда жұмыскер жұмыс беруші орналасқан әкімшілік аумақтағы еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға жүгіне алады. Өтініштің негізінде еңбек инспекция­сы жөніндегі жергілікті орган аталған жұмыс орнында жоспардан тыс тексеру жүргізіп, адамдардың еңбек құқықтары бұзылған жағдайда шаралар қабылдайды.

Осы орайда 2023 жылы жергілікті еңбек инспекциясы органдарының көмегімен 1 017 кәсіпорында 28 мыңнан аса жұмыскердің алдында жалақы бойынша 6,6 млрд теңге берешек анықталғанын айта кеткен жөн. Осы кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 1 447 ұйғарым берілді және 200,5 млн теңгеден аса сомаға айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 26,2 мыңнан аса қызметкердің құқығы қорғалды. Оларға 5,8 млрд теңге берешегі төленді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

«Egemen Qazaqstan»