Қоғам • 24 Қаңтар, 2024

Қайсарлығына қайранбыз...

157 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Жүрегің мықты болу керек. Апатқа түскен жандарға алғашқы ем-дом жасайтын – бізбіз. Кез келген жағдайды эмоцияға берілмей, салқын қабылдауды үйренуге тиіссің. Әйтпесе түрлі жарақат алғандарды көріп, жаның түршіксе, қолың дірдек қағады. Сол себепті біздің жұмыс жұмсақтықты қажет етпейді», дейді Қарағандыдағы Апаттар медицина орталығының құтқарушы-дәрігері Алмагүл Алдабекова.

Қайсарлығына қайранбыз...

Рас-ау, апат кезінде түрлі ауыр жарақат алған адам алдыңа келгенде абдырап қалмай, алғашқы көмек көрсету үшін жүректің түкті болмағы керек. Алмагүл Амангелдіқызы өзіне тиісті қызметті әбден меңгеріп алған маман ретінде абыройлы.

Жас талапкер Алмагүл Бұқар жырау ауданы Суық су ауылын­дағы мектепті үздік біті­ріп, Қарағандының медицина ака­демиясына оқуға түседі. Төрт жылдық білімімен қоса, маман­дандырылған алғашқы жедел көмек көрсету бойынша тағы төрт ай біліктілігін жетілдіреді. Алғашқы еңбек жолын Теміржол емханасында дәрігер болып бастаған ол жедел жәрдемде де жұмысын жалғастырады. Кейін өзі тәлім алған Қарағанды медицина академиясында алғашқы жедел көмек көрсету бойынша студенттерге дәріс оқып, білген-түйгенімен бөліседі. Тәжірибе, тәлімін әбден жетілдіріп алған соң, қазіргі қызметіне ауысады. Мұндай мықты медицина маманы Апаттар медицина орталығына ауадай қажет еді. Алмагүл Амангелдіқызы ақ халатын құтқарушының формасына ауыстыра салуға бірден келісіпті. Келіскен себебін өзі былай түсіндіреді:

– Академияда алғашқы жедел көмек көрсетуді оқыдық. Мықты деген медицина мамандарынан тәжірибе түрінде үйрендік. Кейін «Жедел жәрдемде» дәрігер болдым. Одан соң студенттермен білгенімді бөлістім. Әр дәріс сабағына тыңғылықты дайындықпен бару қажет. Соның арқасында менің де білімім жетіліп отырды. Бірден қазіргі орталыққа қызметімді ауыс­тырдым. Әрине, мұнда жұ­мыс істеу үшін өжеттілік керек. Өмір болған соң, түрлі қатер де бо­лады. Содан зардап шеккен­дерге ем-дом жасап, жанын аман алып қалуға күш салсақ деген ниет болды менде.

Қайсар қыздың орталық қабыр­ғасында қызмет етіп жат­қанына бес жылға жуықтапты. Тіп­ті, Түркиядағы зілзала кезінде құт­қару жұмысына қатысқан. Он­дағы ауыр оқиғаны терең тебіре­ніс­пен еске алып, әңгімелеп берді.

– Сол жолы іріктелген құ­рам­мен Түркиядағы Нұрдағы қаласына ұшып бардық. Біз Қазақстан елінің атынан келдік. Алғашқы күні кірпік қақпай жұмыс істедік. Баласын іздеп шарқ ұрған ананы, әкесін күтіп отырған баланың зарын естіп, баспанасыз қалған, шарасыз күй кешкен елді көріп, жанымыздың жабыққанын несіне жасырайын? Өз-өзімізді жинап, жұмы­сымыз­ды әрмен жалғадық. Ме­нің жұмы­сым – алғашқы көмек көр­сету. Ем-домымды жаса­дым. Азан-қазан болған жұрт­тың көбінің күйзелістен қан қы­с­ым­дары түсіп кетіп жатты. Бірі­­не өксіктен дем жетпеді. Со­ның бәріне көмек көрсеттік. 9 ақпан күні Қарағандыдан бар­ған құт­қарушылар үйінді асты­нан үш адамды тауып, аман алып шықтық. Сонда бос кел­мегенімізді түсіндік. Адамның өміріне араша түсу – ол деген үлкен нығмет. Жанын сақтап қалған сайын біз керемет күй кешеміз. Адам – ең құнды бай­лық. Үлкен байлыққа кенелгеннен де керемет әсер аламыз, – дейді қызметіне адал Алмагүл.

Алмагүл Алдабекованың Түркиядағы құтқару жұмысы кезіндегі күні-түні жасаған еңбегі еленді. Мемлекет басшысы қызмет­тік борышын атқарудағы жанқияр­лығы үшін «Ерлігі үшін» медалі­мен марапаттады.

Орталыққа ойда-жоқта түсе­тін дабыл дамыл таптырмайтынын айтады. Көбіне жол апатына түскен жандарға көмек көрсетіпті. «Былтыр «Қарағанды-Алматы» күре жолында жан түршігерлік жол апаты өте көп болды. Неге екенін білмейміз, мүмкін жол жөнделіп жатқаннан болар, жаз бойы сонда жүрдік. Дабыл түскен сайын орталықтан терең күрсініп алып шығамыз. Сосын шыдамдылық танытамыз. Айтуға аузымыз бармайтын түрлі апаттарға барып, онда­ғы адамдарды алып шығып, меди­ци­налық көмек көрсетеміз. Оңай емес»,  дейді құтқарушы-дәрігер.

Алмагүл Амангелдіқызы – бір әулеттің келісті келіні. Төрт бірдей ұлдың анасы. Жолдасы Абай Сағатұлы ішкі істер саласында еңбек етеді. «Екеуміз де елдің амандығы үшін қызмет етіп жүргендіктен, бір-біріміздің жанымызды түсінеміз, қолдау көрсетеміз», – дейді.

Үлкен ұлдары Бексұлтан фагот аспабында ойнаса, Нұрасыл домбыраны шебер тартады екен. Ал Әділбек есімді балалары жүзу­ге қатысады, шахмат ойнай­ды. Кенжелері балабақшаға барады.

– Екі ұлымыз әнге әуес, күйге құмар. Отағасы екеуміз оларды өнер саласына бет бұрады деп отырмыз. Үшіншіміз спортты жақсы көреді, жолымызды сол жалғар, – дейді анасы күлімдеп.

Алмагүл Аманкелдіқызы – медицина саласындағы 15 жылында қаншама адамның өмірін аман алып қалды. Өжет дәрі­гердің ерік-жі­геріне қайран қалдық. Ал біздер қара нардай қадірлі ана­лардың ізін жал­ғағандарды алыстан іздеп жүрсек...

 

Қарағанды облысы