Саясат • 25 Қаңтар, 2024

Башқұртстан басшысымен кездесті

132 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов Астанаға делегациямен келген Ресей Федерациясы Башқұртстан Республикасының басшысы Радий Хабировпен кездесті.

Башқұртстан басшысымен кездесті

ФОТО: primeminister.kz

Кездесу барысында Қазақстан өңірлері мен Башқұртстан ара­сындағы өнеркәсіп коопе­рация­­сын нығайту жөніндегі шара­лар, сондай-ақ Қазақстан-Ресей ын­тымақтастығын одан әрі тер­ең­дету мақсатында ауыл шаруа­шылығы, логистика, білім беру және туризм салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Үкімет басшысы Ресей Қазақ­станның негізгі сауда-эконо­микалық әріптестерінің бірі еке­нін атап өтті. Бұған 2022 жылы тауар айналымы көлемінің 10%-ға өсіп, 27 млрд долларға жеткені дәлел. Өткен жылдың 11 айында да арадағы сауда-саттық жақсы нәтиже көрсетіп, шамамен 24 млрд долларды құрады.

«Қазақстан-Ресей сауда қа­ты­настарының дамуына Баш­құртстан Республикасы елеулі үлес қосып келеді. Аталған кезеңде өңірлер арасындағы тауар айналымы 350 млн доллардан асты. Осы ретте арадағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейту үшін зор әлеует бар», деді Ә.Смайылов.

Сонымен қатар Премьер-министр Астанада өтіп жатқан биз­нес-форум мен ынтымақтастық жө­ніндегі жұмыс тобының отырысы екіжақты өзара іс-қимылға елеулі серпін беретініне сенім білдірді.

Өз тарапынан Башқұртстан басшысы өнеркәсіп кооперация­сын одан әрі тереңдетуге және сауда қатынастарын дамытуға қызығушылық танытты.

«Кәсіпорындарымыздың эко­номикалық ынтымақтастығы ар­тып  келеді. Мүмкіндіктер енді ға­на іске асырыла басталғанын көріп отырмыз. Тауар айналымын одан әрі ұлғайту – алдағы жылдардағы ортақ міндетіміз. Бұл үшін тиісті алғышарттың барлығы бар», деді Радий Хабиров.