Фото: facebook.com/TeachForQazaqstan
Барлық кезеңнен өткендер бағдарлама бойынша өңірлерге жіберіліп, 2 жыл бойы жалақысына қосымша тағы 300 мың теңге стипендия алады. Бұған қоса олар кәсіби тұрғыда дамудың жолына түсіп, педагогикалық даярлықтан өтеді.
«Teach for Qazaqstan» бағдарламасы – білім сапасын арттыруға бағытталған «Teach For All» жаһандық желісінің бір бөлігі. Оның негізін 2007 жылы АҚШ-тағы «Teach for America» үкіметтік емес ұйымының басшысы Венди Копп пен англиялық «Teach First» үкіметтік емес ұйымының басшысы Бретт Уигдорц қалаған. Бүгінде бұл бастама әлемнің 62 елінде сәтті жүзеге асып келеді. Ал елімізде аталған бағдарлама маман тапшы өңірлерге үздік педагогтерді тарту, сол арқылы барлық балаға бірдей сапалы әрі заманауи білім алу мүмкіндіктерін жасау, білім сапасындағы теңсіздікті жою мақсатында былтырдан бастап қолға алынды.
«Teach for Qazaqstan» бағдарламасына педагогикалық бағытта білім алған, бакалавриат/магистратура бітіргені туралы дипломы бар, бірақ осы салада тәжірибесі жоқ мамандар және педагогикалық емес бағыттағы болса да бакалавр/магистратура деңгейінде білім алған адамдар немесе жоғары оқу орнында педагогикалық мамандықтың 4-курсында оқып жүрген студенттер қатыса алады.
Бағдарламаға қатысушыларды іріктеу 4 кезеңнен тұрады. Қатысуға ниетті жандар ең алдымен teachforqazaqstan.org ресми сайтына кіріп, онлайн-сауалнама толтыруы керек. Сауалнама сұрақтары қазақ және орыс тілдерінде берілген. Мұнда әр қатысушы өзі туралы жеке ақпарат, мамандық атауын, оқу үлгерімінің орташа балын (GPA) көрсетеді, не себепті бағдарламаға қатысуға ниет білдіргені туралы мотивациялық эссе жазуы қажет. Екінші кезеңде асессорлармен онлайн-сұхбат болады. Үшінші офлайн кездесу кезеңінде кәсіби және педагогикалық білігі анықталады. Соңғы кезеңде қатысушы мамандығына қарай пәндік тест тапсырмаларын орындайды немесе әдіскерлермен сұхбаттасады. Бұл кезеңде қатысушының тек пәндік білімі тексеріледі. Барлық кезеңнен өткен үміткерлер серіктес жоғары оқу орындарына қайта даярлауға жіберіледі.
Бағдарламаға қатысушылар алдағы оқу жылынан бастап жұмыс істеуге, қоныс аударуға дайын болуға, Қазақстан азаматы болуы және мұғалімдерге арналған жазғы институт бағдарламасын бітіруге міндетті. Бұл жобаға қатысуға ниет білдіргендер қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, тарих, география, информатика, математика, биология, физика, химия пәндерінің бірінен сабақ береді. Сондықтан осы пәндерге сәйкес келетін мамандықты бітірген болуы шарт. Мысалы, қазақ тілі пәнінен сабақ беруге ниетті адам қазақ тілі филологиясын немесе лингвистиканы оқыған болуға тиіс.
«Teach for Qazaqstan» бағдарламасы қайта даярлау жазғы институтында тегін оқытып, ресми түрде жұмысқа орналастырады. Сонымен қатар екі жылдық келісімшарт аясында мектептің жалақысы мен қосымша 300 мың теңге стипендия тағайындайды, коучингтік және әдістемелік қолдау көрсетеді. Сондай-ақ қатысушылар құнды тәжірибе жинақтап, өңірлердегі әлеуметтік жобалардың жүзеге асуына атсалыса алады. «Teach for All» жаһандық желісінің, халықаралық нетворкингтің толыққанды мүшесі болады.
Қысқасы, бағдарламада бақ сынап көруді қалайтындар 5 ақпанға дейін өтінім бере алады. Ал іріктеуден өткен бағдарлама қатысушылары мұғалімдер жетіспейтін шалғай өңірлерге, шағын қалалар мен ауылдарға аттанады.