Экономика • 26 Қаңтар, 2024

28 ірі жоба: Нәтижесін уақыт көрсетеді

222 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жамбыл өңірінің экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында біршама жұмыс атқарылып жатыр. 2023 жылдың қыркүйек айында өңір тізгінін қолға алған Ербол Қарашөкеев бірнеше айдың бедерінде шетелдік әлеуетті инвесторлармен кездесіп, инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың жолдарын пысықтады.

28 ірі жоба: Нәтижесін уақыт көрсетеді

Дерекке сенсек, 2023 жылы облыс бойынша жалпы құны 75 млрд теңгені құрайтын 13 жаңа өнді­ріс ошағы іске қосылыпты. Са­лыс­тырып қарасақ, 2024 жылы атқарылатын жұмыс ауқымы был­тырғыға қарағанда екі есе жоғары екен. Нақтырақ айтар болсақ, осы жылы 180 миллиард теңгеден ас­там қаражатты құрайтын 28 жоба­ны іске асыру жоспарланған. Тү­сі­не білгенге бұл, әрине, аз шаруа емес.

Өңір басшысының сөзіне сен­сек, алдағы уақытта жалпы сома­сы 2,3 триллион теңгені құрай­тын 69 жобаны іске асырудың қам-қарекеті жасалып жатыр. Нә­ти­жесінде, 5,5 мың адам жұ­мыс­­­пен қамтылатын көрінеді. Бұл жұ­мыстар алдағы бірнеше жыл­дың бедерінде іске асатын секілді.

Өңірге қауқарлы инвесторларды тартудың маңызы зор екені анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі өңірлерде жұмыс орнын арттыру қажетін шегелеп тапсырғаны мәлім. Пре­зидент тапсырмасын іске асыру үшін жергілікті атқарушы билік­тің тізгінін ұстағандар тынбай жұ­мыс істеуі керек. Шетелдік әлеует­ті инвесторлармен бірлесіп жұ­мыс істеуге баса ден қойған өңір басшысы Ербол Қарашөкеев алыс-жақын шет мемлекеттердегі қуат­ты компания өкілдерімен жиі-жиі жүздесіп, олардың жобала­ры­на қолдау көрсетіп жүр.

сми

Таяуда ғана өңір басшысы Е.Қа­­ра­­шөкеев Қытай Халық Респуб­­ли­­ка­сына сапармен барып қайтты. Іссапар барысында Шань­­дун провинциясындағы бизнес фо­рум шеңберінде әлеуе­ті зор шетел­дік инвесторлар­мен жүздесіп, бір­ле­сіп жұмыс істеу­дің жоба-жоспа­рын пысықтаған. Іскерлік байланыс­ты нығайту мақсатында ұйымдасты­рылған кездесу барысында жергілікті инвесторлар Жамбыл жерінде қол­ға алынған іс-шараларды жоға­ры ба­ғалапты. Жұмылған жұды­рық­тай бірлесе жұмыс істеуге ниет білдірген­дер де жоқ емес. Әрине, облыс басшысы олардың инвестициялық жобаларын толық­қанды зерделеуге мән беріп отыр­ғаны анық. Ең бастысы, жергілікті халықты жұмыспен қамту мәселесі назардан тыс қалмақ емес.

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан дерекке жүгінсек, облыс басшысының Қы­тайға барған сапары жемісті түйін­делген көрінеді. Қытайлық «GUOFENG» компаниясы Бай­зақ ауданы аумағында жаңа жо­баны қолға алмақшы. Ком­пания басшылығы Байзақ жерін­де трактор құрастыру ісін жетіл­діруге құлшынып отыр. Бұл жұмыс тараптардың қолдауы негізінде толықтай жүзеге асса, жамбылдық шаруалар үшін де тиімді болатынына талас жоқ.

Жергілікті атқарушы билік жыл­­дар бойы Әулиеата же­рін­­де жаңартылған энергия көз­­де­рі нысандарының санын арт­ты­­ру мәселесіне айрықша назар аударып отырғаны мәлім. Қытайлық әлеуетті компания­лар бұл істі де қолға алуға, нақ­ты нәтиже шығаруға ниетті. Аны­ғырақ айтар болсақ, «Zaozhuang Zeneng Electric Power Engineering Go Ltd» компаниясының ресми өкілдері бұған дейін де Жамбыл облысына ат басын бұрып, инвес­тиция салудың екі тарапқа қан­шалықты тиімді болатынын зерделеп кеткен еді. Енді бұл ком­па­­ния­ның басшылары алдағы уа­қыт­та жобаны іске асырудың жол­дарын қарастырып отыр. Со­ған қарағанда инвестициялық жо­ба қос тарап үшін де тиімді секілді.

Аймақ басшысы өңірде ауыл ша­руашылығы техникасын шы­ғару, астықты, ауыл шаруа­шы­лы­ғы өнімдерін терең өңдеу мә­се­лелеріне айрықша ден қойып отыр. Ол осы бір өткір мә­се­лені ретке келтірудің маңы­зы зор еке­нін бірнеше мәрте айт­қан да болатын. Ол үшін, әрине, әлеуетті ком­паниялармен тон­ның ішкі бауындай араласып, жұмыс істеу керек. Соңғы дерек­терге зер салсақ, қытайлық инвес­торлардың осы бағыттар бойынша жобаларды қолға алу мақсатымен Жамбыл облысына ағылатын уақыты да алыс емес.

Жамбыл облысы фосфор өндірі­сінде еліміздің локомотив өңіріне айнал­ғанына талай жыл болды. Жеті мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтып отырған «Қазфосфат» ЖШС-ның жұмысы жыл өткен сайын жанданып келеді. Өндіріс көлемі де бірнеше жылғы көрсеткішке қарағанда артқан. Ірі серіктестіктің қолға алған жұмысын әрмен қарай жетілдіре түсу үшін шетелдік әріптестермен бірлесе жұмыс атқарудың маңызы зор екені анық. Е.Қарашөкеев Қытайдың Хубай провинциясына барған сапарында бұл мәселені де назардан тыс қалдырмаған.

Дерекке жүгінсек, «Қаз­фосфат» ЖШС мен қытайлық «Wuhan Top Resources Holdings Co Ltd» компа­ниясының арасында өзара ынты­мақтастық туралы келісімге қол қойылған. Қазіргі уақытта аталған ком­паниямен электромобильдерге арнал­ған литий-темір-фосфат аккумуляторларын өндіру, «Жаңа Жамбыл фосфор» зауытында өндірілетін сары фосфорды Қытайға экспорттау, сары фосфор мен құрамында фосфор бар өнім өндіретін жаңа кешен салу мәселелері жан-жақты зерделеніп жатыр екен. Тараптар тіл табысса, Жамбылда жаңа кешен бой көтеруі ықтимал.

Қытайлық «ВNK Group» және «Ningbo mengkwa machinery co ltd» компания­ла­рымен де тиісті деңгейде келіс­сөз жүргізілді. Ком­пания бас­шы­­лығы 2024 жылдың соңы­на дейін жалпы құны 4,4 млн дол­­лар­ды құрайтын тамшылатып суару жүйе­лері мен полиэтилен құбыр­ла­рын шығаратын зауыт салуды жос­пар­­лап отыр. Жергілікті атқарушы билік оларға қолдан келгенше қолдау көрсе­туге әзір.

Жалпы алғанда, өңір басшысы Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысында өндіріс ошақтарының санын да, олардың жұмысының сапасын да арттыру мәселесіне айрықша назар аударып отыр. Жауапты басқармалардың басшылары мен аудан әкімдеріне шетелдік инвесторларға қолдан келгенше қолдау көрсетудің маңызды екенін де шегелеп тапсырды. Бір анығы, Е. Қарашөкеев шетелдік компанияларды Жам­былға шақыру арқылы өңірде өндірісті өркендетуге ден қой­мақ­шы. Нәтижесі қандай боларын уақыт көрсетер.

 

Жамбыл облысы