Егемен Қазақстан • 25 Қаңтар, 2024

Қазақстан энергия тапшылығынан қалай құтылады?

204 рет
көрсетілді
44 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының атом энергиясын игеріп, ел игілігіне айналдыру көкейкестілігі мен АЭС-қа қатысты ұстанымды ха­лық­тың өзі шешетіні туралы пікірі қоғамда әлі қызу талқыланып жатыр. Маңызды мәселені қоғамның ақыл-парасаты анықтайды. Кейде білдей аты бар азаматтардың дәлелденбеген ақпаратқа арқа сүйеп, теріс пікір білдіріп жүргені ойлантады. Осы ретте «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған Президент сұх­батын негізге ала отырып, басылым алаңында «Қазақстан энергия тапшы­лы­ғынан қалай құтылады?» атты дөңгелек үстел ұйымдастырдық. «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы модераторлық еткен басқосуға «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ ғылыми орталығының басшысы, физика-математика ғылымдарының докторы Манарбек Қылышқанов, ҚАЭС ЖШС атом энергетикасы бөлімінің жетекші инженері Асуан Сиябеков, Қазақстан электр энергетиктері қауымдастығының төрағасы Арман Телев, Қазақстанның азаматтық альянсының төрайымы Бану Нұрғазиева, қауым­дас­тырылған профессор, ядролық физика бойынша PhD Нұрлан Амангелді, «Байтақ» жасылдар партиясы орталық аппаратының басшысы Бекберген Керей қатысып, АЭС жөніндегі өзекті сауалдарға жауап берді.

Қазақстан энергия тапшылығынан қалай құтылады?

сми

Дихан Қамзабекұлы:

– Құрметті қонақтар, АЭС-ке қатысты дөңгелек үстелге келгендеріңізге рахмет. Жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деп аталған көлемді сұхбаты жария­ланды. Қоғамда үлкен резонанс тудырды. Елдегі өзекті мәселелер ашық айтыла келіп, атом электр стансасына қатысты демократиялық ұстаным алға тартылды. АЭС қоғамдағы ең маңызды мәселенің бірі емес, бірегейі десек жаңылыспаймыз. Себебі елдің ұлттық қауіпсіздігі мен келешекте өркендеп дамуының басым бағыттары энергетикалық қауіпсіздікке тікелей байланысты екені белгілі.

Президент сұхбатта салаға қатысты бұған дейінгі ойын сабақтастыра айтты. Сөйтіп, АЭС салу немесе салмау мәселесін референдум арқылы халықтың таңдауы шешетінін тағы да бір мәрте шегеледі. Өйткені АЭС-ке қатысты халықты толғандырған бірқатар сұрақ пен мәселе әлі де бар. Мемлекет басшысы осының бәрін саралап, Конституцияның кепілі ретінде тұжырымды ой айтты.

Сіздерді АЭС-ті білетін маман, зерттеп жүрген ғалым ретінде «Қазақстан энер­гия тапшылығынан қайтсе құты­лады?» атты дөңгелек үстелге арнайы шақырдық. Мақсатымыз – ел-жұртқа АЭС-тің маңыздылығы мен мән-мағы­на­сын тереңірек таныстырып, байыпты түсінік қа­лыптастыру. Жаңа дүниеге жұрт әуел­ден жатырқай қарайтыны белгілі. Түрк­сіб темір жолы тартылғанда да халық қарсы болды. Ойлы ақын-жа­зу­шы­ларымыз да пойыздан қауіп көріп, қорқынышқа бой алдырғаны рас. Сөйтіп, қарсы шығарма да жазды. Себебі ақын халықтың ойын, сезімін жеткізеді.

Уақыт көрсеткендей, елдің барлық ай­мақтарына төселген темір жолдар ел тұр­мысының түзеліп, өркениетке ілесуіне  үлесін қосты. Сол сияқты жа­сыл энергияның тұрақты әрі қуатты көзі саналатын АЭС-тің де игілігі мен мол табысын дұрыс парықтай алмай жатқан шығармыз. Десек те, АЭС біздің халыққа аса жат дүниеде емес. Маңғыстаудың орталығы Ақтауда АЭС неше жыл жұмыс істеп тұрды. Ал 1957 жылдан бері Курчатовта – 2, Алматыда 1 реактор әлі күнге жұмыс істеп жатыр. Оның қызметіне мұқтаж алыс-жақын шет елдердің де тапсырыстарын орындап беріп отыр.

Әлемде мәдениет пен руханиятта алдыңғы қатарда саналатын Франция елі атом өнеркәсібін терең игеріп, энергия өндіруде де жеке-дара көш бастап тұр. Өткен жылы Франция президенті Макрон Эммануель ресми сапармен елімізге келгенде осы әңгіменің куәсі болдық. Осыдан 20 жыл бұрын Оңтүстік Кореяға жолым түсті. Онда да осы өндірістің орасан дамығанын көрдік. Ол мемлекеттер Қазақстанмен үнемі ынтымақтастықта болғысы келеді. Себебі бізде уран шикізатының мол қоры бар. Осы байлықтың үстінде отырған біздің халымыз өздеріңізге аян.

Мемлекет басшысы өткен жылы 1 қыр­күйектегі «Әділетті Қазақ­станның экономикалық бағдары» атты Жол­дауында АЭС туралы ұсыныс ен­гізіп, салынып-салынбауын референдум арқылы халық таңдауы шешетінін айтты. Дегенімен, ауқымды мәселеге мамандар мен ғалымдарды жұмылдырып, олардың ой-пікірін білу маңызды екеніне назар аударды.

Қазір елге АЭС-тің көкейкестілігі мен энергия қуатының жетіспеуі қандай дең­гейде? Сұраққа профессор Манарбек Қалымұлы жауап берсе, дұрыс болар еді.

 

сми

Манарбек ҚЫЛЫШҚАНОВ:

– Бұқаралық ақпарат құралдарының қара шаңырағы – Egemen Qazaqstan газеті АЭС тақырыбын көтеріп, елдің келешек тағдыр-талайында маңызды рөл атқаратын энергия қауіпсіздігіне арнап дөңгелек үстел ұйымдастырғанына қуаныштымын. Ең бастысы – азық-түлік пен әскери қауіп­сіздік. Әйтсе де бір күн электр энер­­гиясы болмай қал­са, оның ғаламат шы­ғынын түгел есеп­теп шығу, айтып түсіндіру мүлде мүмкін емес. Өйткені ондай жағдайда азық-түлік өндіре алмайсың, мықты әскери қорғаныс болмайды, өндіріс орын­дарының бәрі тоқтайды, бүкіл инфра­структура қирайды, құлайды. Осы жағы­нан қарағанда, энергетикалық қауіп­сіз­дік алдыңғы екеуінен ешқандай кем емес. Сондықтан бұл сұрақ маңызды мәсе­ле­лер­дің ішіндегі аса маңызды шара деп айтамыз. «Бірінші байлық – денсаулық». Ден­саулықтың ар жағында тұрған кісінің қау­қары, қуаты десек, мемлекеттің қау­қары, қуаты энергиямен байланысты екені түсінікті. Экономика саласында электр қуатының орны ерекше. Тіпті, оны тәуелсіздікті айқындайтын маңызды атри­бут деуге де болады.

Саладағы әр ойды, ақпаратты үнемі сараптап отыруға тырысамын. Ашығын айтқанда бүгіннің өзінде, елімізде энергия жетіспеушілігі байқала бастады. Әсіресе оңтүстік өңірлерде. Жетіспеген энергия­ны сатып аламыз. Өйткені энергияның қа­тысы бар бүкіл ел тіршілігін тоқтатып қоюға әсте болмайды. Ал оны сатып алу тым қымбат. Осылай отыра берсек, ел та­бы­сы бөтен елдің экономикасын дамы­ту­ға жұмыс істейді.

Бұл мәселеге тәуелсіздікті сақтап қа­лу­дың бірден-бір жолы ретінде қараған жөн. Елге қажет энергияның шикізаты мен басқа да маңызды атрибуттары өзі­міз­де бола тұрып, оны дұрыс пайдалана алмасақ, елдігімізге сын әрі зор мүмкіндікті жіберіп аламыз. Осында отырған маман, ғалым азаматтар «АЭС құруды 10 жыл бұрын бастауымыз керек еді. Сонда қазіргідей энергия тап­шылығына ұрынбаған болар едік», деді. Мен бұл ойды құптаймын. Әлемдік саясат күрделі болып тұрған кезде түрлі себептер болған шығар. Ал енді дәл бүгін іске кіріспесек, өркениетке іле­суден кеш қа­ламыз.

Мемлекет басшысы елге тағдыршешті мәселені референдум арқылы нақтылауды ұсынғаны халықтың көңілін дөп басты. Әлемдегі сауатты, білімді елдердің қа­та­рында тұрмыз. Халықтың дұрыс таң­дау жасайтынына сенім артқанымыз абзал. Десем де халыққа ақпаратты түзу жеткізу жағы аздап кемшін бе деген ой да жоқ емес. Өскеменде АЭС-ке қатысты жиынға әдейілеп барып қатыстым. Сонда интернеттен, әлеуметтік жеңіл-желпі желілерден ақпараттарды там-тұмдап оқып алып, кейбіреулер соны жалау­латып отыр. Оның бірде-бірі дәлел­ден­бе­ген, жалған мәліметтер. Қазіргі ғылыми жетістіктер мен энергия қауіп­сіз­ді­гінің қаншалықты маңызды екенін жайдары тілмен түсіндіріп айтып берген едім, көкірегі ашық, көңілі ояу көпшіліктің беті бері қарады.

Елдегі атом саласының игерілуі мен дамуына тоқталайын. Қазақстан әлемдегі азаматтық әрі әскери салада уранның 40 пайызға жуығын өндіреді. Уран бойынша әлемде қор жағынан – екінші, ал оны өндіру тұрғысында – бірінші орындағы елміз. Бұл – Жаратқанның қазаққа бере салған мол байлығы. Кеннің жерасты орналасуы өте жақсы. Ол құм түрінде, яғни жер астында еріту әдісімен өндіріледі. Шахта қазбаймыз. Ұңғыманы бұрғылап, қышқыл ерітінді құяды да, құмды ерітіп, ерітіндіні жер бетіне сорғылар арқылы сорып алады. Бұл әдіс – экологиялық жағынан өте тиімді амалдың бірі. Неге 40 пайыз ғана уран алып отырмыз. Өйткені басқаларға қарағанда әлдеқайда пайдалы әрі жеңіл тәсіл қолданамыз.

Мен жұмыс істейтін Үлбі металлургия зауытында аз байытылған уранды тазалап, таза шикізат өндіріп аламыз. Оны ЗОУ (закись-окись урана) деп атайды. Ол әрі қарай Ресей аумағында толық байытылады. Себебі табиғи жағдайда алған уранды толық тазартқан күйінде де реакторға салуға болмайды. Оның байытылу деңгейі жетіспейді. Табиғи уранда қуат 1 пайызға кем. Негізі 235 деген изотоп болады, анығында жұмыс істейтін сол. Қалған 99,3 пайызы 238 ураны АЭС-те пайдаланылмайды. Ресейде жоғары байытылған шикізат айналып келіп бізге қайта түседі. Одан ұнтақ жасаймыз. Сол ұнтақтың екінші бөлігінен отын таблеткалары жасалады. Ол әрі қарай атом реакторларына барып түседі.

Біз қазір толық циклге таяп қалдық. Өкініштісі, зауыт өндірген өнім тек технологиясы дамыған елдердің экономикасын көтеруге қызмет етіп жатыр. Оны өзіміз қолданбаймыз. Отындық таб­лет­каны Жапония, Қытай, Батыс елдері мен АҚШ алады. Біздің өнімді неге әлемнің алдыңғы қатарлы елдері сатып алады? Өйткені сапалы, жоғары техно­ло­гия­лық өнім. Егер отындық таблетканы қазақ­стан­дық реакторларда тұтынсақ, елде электр энергиясы молайып, құны арзандайды, экономиканың түрлі саласында табыс зор болады.

Елде АЭС-ті салсақ, ұлттың тех­но­ло­гиялық-интеллектуалдық дең­гейін көте­ретін едік. Курчатовта Ұлттық ядро­лық орталық, Алматыда Ядролық физика институты жұмыс істеп тұр. Кезінде ол ғы­лыми орталықтар туралы да түрлі дең­гейде әрқалай әңгіме айтылды. «АЭС жоқ, оларды текке қаржыландырып не қыламыз, жауып тастайық», деген де пікір айтылды. Қазір әлемдегі ең мықты ғылыми журналдардағы жоғары деңгейлі мақалаларға қарасақ, Қазақстаннан сол екі орталықтың жапон, француз, ағыл­шын, қытай, корей ғалымдарымен бір­лесіп жазған ғылыми еңбектерінің бәсі биік. Жеке-дара басылған ғылыми шы­ғар­малары да аз емес. Оларды өрке­ниет­ті орта лайықты бағалап жатыр. АЭС салуда мықты дайындықтың бірі – осы ғылыми орталықтардың өз елімізде болуы. Онда мықты мамандар бар. Елдіктің ертеңін ойлай алатын әрбір азамат АЭС туралы жан-жақты ойланып барып, референдумда дұрыс таңдау жасайды деп үміттенемін.

 

Дихан Қамзабекұлы:

– Рахмет, Манарбек Қалымұлы! АЭС-тің экологияға, қоршаған ортағы тигізетін әсері туралы сұрағымыз бар. Қазіргі ғы­лы­ми, өндірістік түсінік не дейді? Біз­дің елдің ұстанымы қандай? Бұл сауалды Арман Болатұлына қойғымыз келеді.

 

сми

Арман ТЕЛЕВ:

– Манарбек Қалымұлының ойын жал­ғас­тырайын. АЭС-ті бизнес нысан ретінде қарастырғанда әр заттың құнын бағалап, уранды шикізат түрінде ғана емес, соңғы шегіне дейін байытып, АЭС арқылы энергияны шетелдерге сатсақ пайдасы қандай болады? Қосымша электрлі өндірістің түр-түрін құрып, нарыққа жаңа, сапалы өнімдер шығарсақ, құба-құп емес пе? Қазір табыс соңында жүрген жұртқа өз тілінде осылай түсіндірген жөн ғой. Әр са­лада қосымша құн, құндылық жасауы­мыз керек. Сонда ненің аса қажет екені айқындала түседі.

Ал экологиялық жағынан қарасақ, АЭС жасыл энергия тобына жатқызылды. Қазіргі заманда көмір жағып, одан энергия алу қоршаған ортаға, табиғатқа, жалпы жер әлемге қауіп төндіріп тұр. Сондықтан АЭС – экологиялық әрі экономикалық та мәжбүрлік. Орталық Азияға қарасақ, біз бұл аймақтағы елдерді базалық тұрғыда энергиямен қамтамасыз етуіміз керек. Ілгеріде сондай тұжырымдама болған. Ол жүйе 90-жылдары бұзылды. Енді қайыра қалпына келтірген дұрыс. Сонда таулы көршілерден келетін су ағыны бөгелмейтін болады. Бұл – тауар айырбасы іспетті. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанға энергия қуатын береміз, есе­сіне олар суды бөгемейді. Бұрынғы келісімге қайту керек.

Шағын генерацияны, жаңа ғылыми технологияларды дамыту қажет. АЭС-ті игеріп, керегімізге пай­да­ла­нуға тиіс­­піз. Себебі біржақты бол­маған абзал. Мүм­­кіндігінше жан-жақты, әр­қалай қа­лып­та, тек алға қарай ұмтылайық. Тым құрығанда бәрі 50-де 50 болсын. АЭС-тің үлкенін де, кішісін де са­лайық. Бәрін қатар дамытқанда ғана бірін екіншісі толықтырып отырады. Қалай болғанда да бізге базалық электр энергиясы керек. Содан да АЭС-тің салынғанын қолдаймын. АЭС-пен бірге ғылым да басқа салалар да алға басады. Оған күмән болмасын. Атом реакторлары бізде бұрыннан бар, енді соны әрі қарай жетілдіріп, дамытып әкете алсақ озық ойлы ұлт қа­лып­тастырудың бір қабыр­ға­сын бекітеміз.

Халық жаңаның жақсылығын білмей тұр. Содан бір бөлігінде қорқыныш бар. Ке­­зінде автомобильді «шайтан арба» де­ген. Бұл психологиялық факторды жою үшін, түсіндіру жұмыстарын жал­ғас­тыра берген жөн. Мысалы, Үлбі металлургия зауыт немен айналысатынын ха­лық толық білмейді. Бізде әлі де PR жұмысы тым кемшін. Өткен 30 жылда бір адамды мадақтауға көңіл ауып кетті де, ғылыми жетістіктер мен сала­да­ғы табыс айтылмай қалды. Соған қа­раған халық өз сенімінен айрылып қал­ғандай. Енді ғылыми жаңалықтарды халық­қа референдумға дейін түсіндіруге тиіспіз. АЭС салынған күнде оның қауіп­сіздігін МАГАТЭ (Атом энергия­сы жө­нін­де­гі халықаралық агенттік) бас­та­ған көптеген халықаралық ұйымдар мен қауым­дас­тық­тар қадағалайтынын жұртқа дұрыс жеткізуіміз керек.

Әлемде бір ұшақ құласа, ол компания­ның барлық ұшағы тоқтатылып, оның құлау себебі тексеріліп, зерттеледі. Ал АЭС-те бұл әлдеқайда қатал. Оны іске қосу шарасына қазақстандық ғалымдар ғана емес, жетекші елдердің мамандары мен ғалымдары атсалысады. Негізі саладағы біздің ғалымдарымыз бен мамандарымыз француздық әріптестерінен бір де кем емес. Ондаған жылдан бері олармен бірге жұмыс істеп келе жатыр.

 

Манарбек Қылышқанов:

– Адамдарда екі қорқыныш бар. Біріншісі – Семей ядролық полигоны, екіншісі – Чернобыль мен Фукусима АЭС-теріндегі апат. Бұл жерде ара жігін ажыратып алу керек. Семей ядролық сынақ полигоны атом бомбасының жойқын жойғыш қасиетін зерттеуге арналды. Оның мақ­са­ты тіршілік иесінің бәрін қирату, түп-тамырымен жою болды. Ал АЭС – аза­мат­тық мақсатта жұмыс істейтін станса. Чернобыль реакторын қарастырсақ, ол – РБМК деген реактор. Онда станса құнын түсіру үшін және энергия қуатын неғұрлым көп алу мақсатында кейбір қа­уіпсіздік шараларын сақтамаған. Се­бебі энергия қанша көп өндірілсе, сон­шалық арзан болатыны мәлім. Ол туралы құжатты фильмдер түсірілді. Со­ның негізінде де түсіндіру жұмысын жүр­гізген ләзім. Оны зерттеймін деген адамға ашық ақпарат жеткілікті. Қазір бірінші буынды ондай реакторлар жоқ. Көбі ВВЭР деген реактор. Ол өз қауіпсіздігін дәлелдеді. Ал Фукусимада тым үлкен цуна­­ми болды. Ондай биік цунами жапон тарихында ешқашан болмаған. Цунамидің биіктігі жобадан асып түскенде, дизель генераторларының бәрі су астында қал­ды. Апат содан орын алды.

Радиоактивті қалдықтарға тоқта­ла­йын. Егер АЭС штаттық режімде жұмыс іс­тесе, шығарындысы нөл деп есеп­те­леді. Яғни қоршаған орта мен ауаға ти­гізетін зияны жоқ деп танылған. Рек­тор­дың ішінде радиа­ция бар, сыртында пераметр орнатылған. Негізі отынды салғаннан кейін цикл 1,5-2 жыл реактордың құрылымына байланысты жұмыс істейді. Қуаты 1200 МВт реак­тор­ларда жылына 50 м3 артық емес радио­ак­тив­ті қалдықтар түзіледі.

Көмірден қалатын тау-тау қалдығы мен ауаны және қоршаған ортаны ластап, келтіретін орасан зиянын айтудың өзі қорқынышты. Әуеге ұшқан ол шығарын­ды­лардың бәрі аспан астында қалып жатыр. Өздігінен ешқайда кетпейді. Халық осының бәрін екшеп, жағдайды дұрыс парықтай білуі керек. Біз оған көмек­те­се­міз. Ал АЭС реакторында авария 10 млн жылда 1 рет болуы ықтималдығы бар. Мұны ғалымдар үлкен жауапкершілікпен ай­тып отыр.

 

Дихан Қамзабекұлы:

– Қазақ елі жасыл энергияға көшу бойынша халықаралық қауымдастық талаптарын орындамаса, ел экономикасына тигізетін зардабы қандай болады? Бұл сұрағымызға Асуан Оңғарбекұлы жауап берсе.

 

сми

Асуан СИЯБЕКОВ:

– Қазақстан бұған дейін АЭС салуға екі рет талпынып көрді. Түрлі себептермен екі мүмкіндікті де қолдан шығарып алды. Енді АЭС салудағы үшінші мүмкіндікті мық­тап ұстап қалған жөн. Бұл жолы ел­дік­тің тағдыршешті мәселесіне қатысты жоба толық іске асырылғаны дұрыс деп санаймын. Елдегі алғашқы АЭС-ті салу және сәтті пайдалану үшін, тәжірибесі бар, технологиясы сыналған реакторлор қарастырылады. Яғни бұл реакторларда шетелдік ғалымдар өздерінің сы­нама жұмыстарын не болмаса АЭС қауіпсіздігін есепті зерттеу әдістерін жүр­гізген. Сондықтан біз сынама жұмыс­тары атқарылған реакторлар тобын қарас­ты­ра­мыз. Барлық ғалымдар мен мамандар осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Олардың әрқайсысы әлемдегі жетекші мемлекеттердің сала қызметкерлерімен бірге жұмыс істеп, тәжірибе алмасып жүрген мамандар. Біз апат орын алған Чернобыль немесе Фукусимадағы реакторларды қарастырып жатқан жоқпыз. Ол реакторлардың жаңа буындыдан типі мүлде дерлік бөлек. Апат орын алған реак­торды қоямын десең, ондай технология­лар қазір жоқ. Оған МАГАТЭ мен өзге де ха­лықаралық қауымдастықтар келісім бермейді. Себебі Қазақстанда салынатын АЭС қауіпсіздігі жер планетасының қауіпсіздігі іспетті. Осыны түйсініп, ел ке­ле­шегін кемелдендіруде АЭС-тің ма­ңызы қандай болатынын дұрыс бағам­дай білуге тиіспіз.

Осы кезде өткен ғасырдың 80-90-жылдары апат болған реакторларды ескеріп, оның үшінші буынын жасап шығарып жатыр. Олар – Су-Су ректорларының ең қауіпсізі. Бұл реакторларда әлі бірде-бір рет апатты жағдай болған жоқ. Үлкен сенімге ие болған, жоғары талапқа сай реакторларды ғана қарап жатырмыз. Жаңа буын реакторларын халықаралық қауымдастықтар жасыл энергия тізіміне енгізіп қойғаны айтылды. Соған орай Еуропа мен АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея сынды дамыған елдер жаңа талаптар қойған.

Париж келісімі деген бар. Ол бойынша өнім жасыл энергиямен жасалған болмаса аталған елдерге оны сатып алудан немесе пайдаланудан бас тартады. Әйтпесе, бағасын тым төмендетеді. Дамыған ел­дер­дің нарығына кіруді мақсат тұтқан әрбір ел халықаралық талаптарға сай біртіндеп жасыл энергияға көшуге тиіс. Онсыз әлемдегі көптеген экономика есік­тері, тіпті басқа да қақпалар біз үшін жа­бық болады.

Нақтылай түссем, Сarbon (tax.) салығы деген бар. Мысалы, біз шикізат шыға­ра­мыз. Оның ішінде мыс пен қалайы бар. Осы өнімдерді Еуропа нарығына алып барғанда оның қандай жолмен өндірілгені, жасалғаны тексеріледі. Онда жасыл энергияның үлесі қандай? Ол елдер осыған мұқият үңіледі. Өйткені жер әлемдегі барлық ел бір аспанның астында тіршілік кешіп отыр. Аспанның тазалығы, жердің амандығы бәріне керек. Сондықтан қайда барсаң да «Өнімді немен, қалай шығардың?» деген сұрақ қойылады.

Тарата айтсақ, Сarbon tax – әдетте көлік және энергетика секторларында отынның көміртегі мөлшеріне салынатын салық. Көміртек салығы – көміртегі бағасының бір түрі. Бұл термин көмірқышқыл газы шығарындыларына баламалы салықты белгілеу үшін де қолданылады, бірақ оны парниктік газдардың кез келген түріне немесе экономиканың кез келген секторы шығаратын парниктік газдардың жиынтығына қолдануға болады.

Біз тек көмірден ғана энергия алып отыра берсек, сауда мен қарым-қатынас, басқа да тіршілік қиындай түседі. Мы­салы, салық мөлшері өлшеусіз өсуі ықти­мал. Сондықтан жасыл энергияға көшуді кідіртуге әсте болмайды. Бұл – бүкіл­әлем­дік үрдіс. Ал Қазақстанда жасыл энергия­ны өндірудің тиімді әрі қауіпсіз және энергия қауіпсіздігін сақтаудың тура амалы АЭС салу болып тұр. Ал АЭС-тің жа­сыл энергия көздері тізімінде тұрғаны баршаға аян.

«Қазақстан атом электр стансалары» ЖШС мен Энергетика министрлігі 13 реак­тордың типін қарады. Реакторлардың бәрі Су-Су реакторлар деп аталады. Олар АҚШ, Франция, Ресей, тағы басқа елдерден алынған. Ал Жапонияға өз сұрақтарымызды жібердік. Олар оған жауап берген жоқ. Мүмкін Фукусима мәселесіне байланысты шығар. Қазір іріктелген осы 13 реактордың ішінен шорт-парақ жасадық. Онда Францияның ЭРТЭР 1200 деген мықты реакторы, Оңтүстік Кореяның APR1400, Ресейден ВВЭР-1200 және Қытайдың HPR1000 реакторы бар. Бәрі – үлкен реакторлар. Қуаттылығы 1200, 1400 МВт-ға тең. Таяу болашақта туатын энергия тапшылығына байланысты үлкен реакторлар таңдалды.

Қазір осы 4 мекемемен жұмыс жүр­гізіліп жатыр. Оларға қоятын әлі де сұрақ­тарымыз бар. Бәрін мұқият қарап жүр­міз. Бірақ ел арасында, «Дамыған елдермен де келісім жүргізіп жатырмыз, деп халықты алдаусыратады, негізі Росатомды таңдап қойған», деп айтатындар бар. Бұл пікір – мүлде қате. Қазір барлық вендормен бірдей келіссөз жүріп жатыр. Өйткені сұрақ көп. Негізі, өте өзекті мәселе. Қауіпсіздігінен басқа құрылысына жұмсалатын қаражат пен қажетті заттарды жеткізу тізбегі бар. Сол АЭС-те жұмыс істейтін қанша маманды оқыта алады? Мысалы, біреуі – 100, кейбірі – 300 маман оқытып бере алады деген сияқты мәселелерді рет-ретімен тәптіштеп жатырмыз. Әлі ешбіріне нақты таңдау түскен жоқ. Мемлекет басшысы Жолдауында АЭС құрылысы жалпы халықтық референдумда таңдалады, деді. Оң нәтиже болған жағдайда жұмыс әрі қарай жүргізіледі.

Қазір Балқаш көлі жанындағы ауыл маңын ұсынып отырмыз. Ел ішіндегі жұмыс толық тиянақталғаннан кейін ғана вендорды таңдау кезі келеді. Одан кейін қуаттама жұмыстары басталады. Биыл не келер жылы референдум өтіп, халық АЭС құрылысын таңдаса, құрылысы тек 2030 жылға қарай басталса, салып бітіріп, пайдалануға беру мерзімі 2035 жылға дейін барады.

 

Дихан Қамзабекұлы:

– Келесі сұрақ АЭС-те жұмыс істейтін мамандарға қатысты болады. АЭС-ті салуға, оны дұрыс пайдалануға отандық мамандардың әлеуеті жете ме? Бұл сауал­ды осы саланы зерттеп жүрген ғалым ретінде профессор Нұрлан Амангелдіге бағыттасақ.

 

сми

Нұрлан Амангелді:

– Егер АЭС салынса, оны меңгеріп әкететін мамандар бар. Оны маған дейін де айтып өтті. Жалпы, еліміздегі 3 жо­ға­ры оқу орнында осы мамандыққа, яғни, ядролық физикаға оқытады. Олар – Әл-Фараби мен Еуразия ұлттық уни­вер­ситеттері және Семейдегі Шәкәрім атындағы университет. АЭС-те 2000 адам жұмыс істейді. Оның 400-ге жуығы ядролық физика мамандары болады. Айтқандай, Алматыдағы Ядролық физика институты, Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталықтың институты бар. Осыған қарағанда, біздің ел маман тар­шы­лығын көрмейді. Бұлармен бірге, Алматы мен Курчатовтағы реакторларда жұмыс істеп келе жатқан білікті маман­дардың 50-60 жылда жинаған мол тәжіри­бе­сі тағы бар. Сондықтан бұл салаға Қазақстан енді келеді деуге болмайды.

Халық дұрыс таңдау жасаған күнде 2035 жылға дейін АЭС салынады. Негізі АЭС-ті салатын мемлекет маман оқытып беру міндетін мойнына алғаны дұрыс. Өйткені реактордың ерекшелігіне байланысты мамандарды қосымша оқытқан оңды. Жалпы, АЭС-те жұмыс істейтін маман мәселесін шеше аламыз.

 

Асуан СИЯБЕКОВ:

– Нұрлан мырзаны толықтырсам дей­мін. АЭС-те ең бастысы – қауіпсіздік, ал екінші мәселе – мамандар даярлау. Негізі, қайсы реакторды таң­­дасақ, оны ұсынған тарап міндетті түрде соған лайық мамандар даярлау міндеттемесін мойнына алады. Ол келісім­шартта көрсетіледі. АЭС салынып біт­кенге дейінгі 10 жылда қажетті маман­дар­дың бәрін дайындап үлгереді.

 

сми

Бану НҰРҒАЗИЕВА:

– Үлкен ағам Мәскеудегі Курчатов физика-математика институтында 1975 жыл­дары оқып, Дубнада жұмыс істеді. АЭС мәселесі көтерілгеннен бері осы тақырыпта ағаммен көп әңгімелесемін. «Қазақстан болашағын ойласа, бірінші кезекте энергия тапшылығынан құтылу­дың амалын қарастыруы керек. Мол энергияның бір көзі – АЭС. Қазіргі атом реакторлары адамға, қоршаған орта­ға мүлде дерлік қауіпті емес» дейді. Елде 20 облыс бар. Бәрінде Азаматтық альянс­тың бөлімдері құрылған. Сон­дағы жетекшілердің 19-ы АЭС салуды қолдайды. Әсіресе оңтүстіктегі Түркіс­тан, Жамбыл облыстарының адамдары энергия тапшылығын қазір көріп отырмыз, дейді.

Әлемдегі алдыңғы қатарлы 5 мемлекетте де АЭС бар. АҚШ-та 97 реактор жұмыс істеп тұр. АҚШ – үлкен мемлекет. Ал батыстағы Франция қандай ел? Далиған даламызға 5 Франция сыйып кетеді деп кеуде кереміз. Сол Францияда 58 АЭС бар. Оған қайғырып, қасірет шегіп отырған ешкім жоқ. Керісінше ел игілігіне пайдаланып экономикасын дамытып, халқының тұрмыс-тіршілігін жақсартып, әлеуетін көтеріп жатыр.

Осыдан бірер күн бұрын, немістер не амал қарастырып жатыр деген оймен, интернет парақшаларын ақтарып шықтым. Сөйтсем, онда да үкімет АЭС салу керек дегенді айтып жатыр. Бүгін АЭС керек емес деген халық, ертең электрге қатысты барлық тіршілігі тоқ­тап, қараңғыда қалса не істейді? Неміс бас­шылары осыны меңзейді. Елдегі түрлі ұйымдардың кейбірі Президент ұсынысына қарсы шығып, босқа байбалам салады. Өздерінің ұсынысы, көкте күн жарқырап тұр, жерде жел жүгіріп жүр, қанша энергия керек болса содан ала берейік дейді. Айналдым-ау, күннің бетін бұлт торлап, жердің желі тынығатын кездер де бар ғой. Сонда жарығың сөніп, тамағың піспей, суың ақпай, үйің аязға қатқанда, күте тұрыңдар жел жүгірсін, бұлт көшсін дейміз бе? Оған қоса алып кәсіпорындар мен зауыттарды жел мен күннен алынған титімдей энергиямен жүргізе алмайсың. Мұны мамандар баяғыда дәлелдеп, күн сайын айтып жүр.

Қазір жаһандық жылыну қаупі күн санап артып келеді. Жақында Дубайда болған конференцияға үкіметтік емес біздің ұйым да қатысты. Сол жерде 200 мемлекетке ауаға зиянды шығарындылар шығаратын отыннан бас тартасыңдар деп талап қойды. Келісімшарт түзіп, қол қойдырып отыр. Иә, біздегі көмір қоры тағы 300-400 жылға жетеді. Бірақ көмірдің заманы өтіп бара жатқанын түсінуіміз керек. БҰҰ-ның қатарындамыз. Олар жылу мен энергияның 80 пайызға жуығын көмірден алатынымызды сынайды. Оның кесірі мен зардабын өз азаматтарымызбен қатар, көрші елдердің де халқы тартып отырғанын ұмытпайық. Тазалық пен талғамды өзімізден бастап, кейін көршілер мен басқалардан сұрайық. Елде соның салдарынан онкологиялық аурулар күн санап көбейіп жатыр. Бұлай қалай ел боламыз?

Қытай келесі жылы атом энергиясын өндіруден әлем бойынша бірінші орынға шығуды көздеп отыр. Ондағы халық АЭС-сіз болашақ жоқ екенін түсінген. Біздің елде жыл сайын 400 мыңдай бала дүниеге келеді. Бұл жарты Астанаға жуық. Иә, өсейік, өнейік, бұдан да көбейе бергеніміз жақсы. Бірақ ертеңгі күніміз не болады? Осыны байыптап ойлайтын кез келді.

Қазір реакторлардың +3, 4 буыны шыға бастады. Олардың кепілдігі 80 жыл дейді мамандар. Бір қалыптан таймай сонша жыл жұмыс істейді. 2011 жылы Фукусима апаты орын алғанда жапондар рас, қорқып қалды. АЭС-тен мүлде бас тартамыз ба дегенді де айтты. Десе де ғалымдары барлық жағдайды зерттеп, зерделеп алған соң АЭС-сіз мемлекеттің күні қараң болатынына көз жеткізді. Сөйтіп, 2015 жылы қайтадан іске қосып, игілігіне жаратып жатыр. Бүгінде «тағы АЭС саламыз ба?» деген мәселені қайта көтере бастады.

Осы орында күн панеліне тоқталып өтейікші. Қазір оның жер бетін қаптап көбейіп бара жатқаны сондай, оның істен шыққандарын қайда жіберерін білмей, қай жерде қалай жоюды білмей әлек болып жатқан елдер бар. Оның бәрі адам ағзасымен қатар, қоршаған ортаға орасан зиян әкеледі екен ғой. Оны жоюдың амалын әзірше ешбір мемлекет таба алмай отыр. Оның үстіне олардың істен шыққандарын жөндеп, қайта қатарға қосу құны да тым қымбат көрінеді. Тіпті АЭС құнынан асып кетуі де мүмкін екен. Зияны мен шығыны ғалымдарды қайта ойландырып, тығырыққа тіреп қойыпты.

 

Дихан Қамзабекұлы:

– МАГАТЭ АЭС-тің қауіпсіздігіне қаншалықты жауап береді? Оған қоса тиісті халықаралық ұйымдар тарапынан қорғала ма? Оның шарттары қандай? Сондай-ақ біздің елге бір АЭС жеткілікті ме?

 

Асуан СИЯБЕКОВ:

– МАГАТЭ деген – ядролық қаруды таратпау тәртібін қолдау, атом қуатын бейбіт мақсатқа қауіпсіз пайдалану жолындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мен кеңейту мәселелерімен айналысатын үкіметаралық тәуелсіз ұйым. БҰҰ жүйесіне кіреді, бірақ онымен арнайы келісім негізінде қарым-қатынас жасайды. Біз оның құрамына 1994 жылы кірдік. Содан бері әр салада ынтымақтастықта жұмыс істеп келе жатырмыз.

АЭС-ке қатысты МАГАТЭ-ның өз ұсыныстары бар. Олар атомды осыған дейінгі пайдаланылған тәжірибелерден, оны қолданған елдердің жасаған оқулық­тарынан жинақталған. Біз ол ұсыныс­тар­ды қабылдағанымыз абзал. Әсіресе АЭС салатын болсақ. Бірақ ол ұйым, мынаны былай істеңдер, деп үзілді-кесілді талап қойып, нұсқау бере алмайды.

Қазақстанда бір АЭС бүкіл энергия тапшылығын түгел шеше алмайды. Өйткені ол генерацияның жоғарылауына, халық санның өсуіне байланысты. Мәсе­лен, 1 МВт энергия 1000 адамға жет­кі­лікті. Бану Ғаниқызы айтып отыр ғой 1 жылда 400 мың нәресте дүниеге келеді. Осының бәрін есепке алсақ, 2 блокты 1 АЭС біздің елге жетпейді.

 

сми

Бекберген КЕРЕЙ:

– Үкімет сағатында Энергетика ми­нистрі 2030 жылға қарай 6,2 ГВт қуат тап­шы­лығы болатыны туралы айтты. Бұл дегеніңіз – бізге 5 АЭС керек деген сөз. Немесе 500 МВт көмірмен жұмыс істейтін кемі 12 жылу электр стансасын салу керек. Бірақ жаңа Асуан мырза айтқандай бұған халықаралық қаржы институттары қаржы бөлмейді. Шарт солай.

 

Бану НҰРҒАЗИЕВА:

– Дубайдағы конференцияда (СОР28) БҰҰ қабылдап, 200-ге жуық ел қол қойған резолюцияда көмір ғана емес, мұнай мен газды да кезең-кезеңмен азайту көзделген. Себебі жаһандық жылынуға олардың да әсері аз емес.

 

Нұрлан Амангелді:

– Дихан Қамзабекұлы, жаңа «Бір АЭС Қазақстанның қажеттілігін өтей ала ма, әлде тағы да керек пе?» деп нақты сұрақ қойдыңыз. Қазір ғалымдардың есебі бо­йынша 1 реактор Қазақстан халқының 10 пайызының ғана қажеттілігін өтей алады деп болжап отыр. Әрі қарайғы есебін өздеріңіз шығарып ала беріңіздер.

 

Дихан Қамзабекұлы:

– Халықта ядролық қалдықтарға қа­тыс­ты сұрақ бар. Оны зерттеп жат­қан ғалымдар нені біліп, не айтып жатыр? Келешекте адам игілігіне пайда­лануға бола ма? Әйтпесе, мүлде залалсыз­дан­ды­ру­ға қол жеткізу мүмкін бе?

 

Манарбек ҚЫЛЫШҚАНОВ:

– Ядролық қалдықтардың екі түрі болады. Біріншісі – таза қалдықтар. Яғни ешқандай сәулеленбеген, реактордың ішінде жұмыс істемеген қалдықтар. Бізде БН-350 стансасының қолдануға дайын, бірақ қолданылмаған қалдығы болды. Ол жоғары байытылған. Сондай отынды Үлбі металлургия зауытында төменгі байытылған түрге айналдырып, қайта жасап шығардық. Бізде ондай мүмкіндік бар.

Қазір Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталық ядролық қалдықтарды залалсыздандыру, әйтпесе жою жұмыстарымен шұғылданып жатыр. Оның төте және ең жақсы тәсілі құм және цементпен аралас­тырады да, ең төменгі байытылған қылып, оны қайта құйып бетондап тас­тайды. Сөйтіп, оның құрамынан уранды қайыра ала алмайтындай күйге келтіреді. Кейін жерастына көміледі. Бұл тәсілді барлық мемлекет мақұлдап отыр. Өйткені оның қоршаған ортаға зияны жоқ, болашақта да болмайды. Себебі көп құм, цементпен араласқан соң радиациясы өте төмен. Ал штаттық режімде жұмыс істеп тұрған стансаның отыны 5 жылда толығымен 1-ақ рет ауыстырылады. Жыл сайын отынның белгілі бір мөлшерін алады да, орнына жаңасын салады. Ішіндегі отын ортаға қарай немесе ортадан шетке қарай жылжып отырады. 5 жылда толық бір цикл жасап, отын толық 1 рет алмасады. Сонда орта сақтау бассейіні деген болады. Жердің астында, судың ішінде. Ол жалпақ тілмен айтқанда, жанып болған отынды салқындататын бассейн. Салқындаған соң оны қайта жарату керек. Қазір мұндай отынды қайыра өңдейтін технология Ресей мен Францияда бар.

Француздардың бұл технологиялары үздік саналады. Онда барлық жағдай жасалған, негізінен роботтар жұмыс істейді. Бүгінде бүкіл Еуропа отынды пайдаланып болған соң Францияға береді. Олар отындарды ұнтақтап темірін бөлек, уранын бөлек ажыратып алып қайта өңдейді. Ол кезде оның ішінде плутони пайда болады. Ал плутони – екінші рет пайдалануға болатын элемент. Олар одан араласқан моксжандырғы алады. Ол уран, плутони және акциттен жасалған. Сөйтіп, оны екінші рет тағы пайдаланады. Францияда ондай реакторлар бар. Жалпы, ол нарық та ашық тұр. Ақшасын төлесе, біздің де пайдаланылған отынды алып, өздерінде қайта өңдеп, арнайы реакторларына істе­те­ді. Қалғанын қазақстандық әдіспен бетондап, нығыздап, нықтап көмеді.

 

Бекберген КЕРЕЙ:

– Энергетикалық қауіпсіздік ұлттық қауіп­сіздіктен кем емес екенін Прези­дент­тің өзі де айтқаны есімізде. «Бай­тақ» жасылдар партиясы ұлттық қауіп­сіздік қатарындағы энергетикалық және экологиялық қауіпсіздіктерді қамта­ма­сыз ету мақсатында энергия көзде­рін әртараптандыру және қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін барынша азай­ту қажеттілігін үнемі айтып жүр. Өйт­кені пар­тияның басты мақсаты – жасыл энергияны дамытып, экологияны халықаралық талаптарға сай сақтау.

Біле білсек, Қазақстан 2015 жылы Париж келісіміне қол қойып, көміртекті бейтараптық жолын таңдаған. Саламатты ұрпақ өсіру үшін әрине бұл таңдау өте дұрыс жасалды. Ал былтырғы жылы 2 ақпанда 2060 жылға дейінгі Көміртекті бейтараптылыққа қол жеткізу стратегиясын тағы бекіттік. Аталған келісімді және стратегиялық құжатты қалай орындаймыз? Көмірден келіп жатқан залалды әбден тарттық. Оған халықтың көзі жетіп болды.

Мемлекет басшысының атом энергиясын дамыту мүмкіндігін зерделеу жөніндегі ұсынысын қолдап, реакторлық тех­нологияларды таңдау бойынша жүр­гізілген зерттеулерді өзектендіру, АЭС-тің қуаты мен құрылыс ауданын анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Партиялық базадағы сарапшылар мен мамандар атом энергиясының қауіпсіздігі, тиімділігі және қоршаған ортаға әсер ету тұрғысынан пайдалану аспектілеріне терең зерттеулер жүргізеді.

«Байтақ» партиясының делегациясы былтырғы жылғы 30 қараша мен 12 желтоқсан аралығында Дубайда өткен COP-28 климатқа арналған конференцияға қатысты. Оған 198 мемлекеттен өкілдер келді. Оның ішінде 100-ге тарта мемлекет басшылары болды. Конференцияның маңызды шешімдерінің бірі – көміртекті бейтараптылыққа қол жеткізу және кли­маттың өзгеруімен күресе жүріп прогреске жету үшін АЭС-тер салу. Бұл шара аса маңызды екені айтылып, қабылданған шешімді бәрі қолдады.

Шығарындыларды таза нөлге жет­кізу үшін, жаһандық таза электр қуа­тын өндіру 7 есеге артуы керек. Таза нөлдік шығарындылар 2050 жылдың сценарийінде электр энергиясын көмір­тек­сіздендыру қажеттілігі, таза электр қуатын өндіруді 2022 жылғы бастапқы 10 595 ТВт/сағаттан 73 030 ТВт/сағатқа дейін арттыруды талап етеді. Дүние жүзінде Net Zero-ға қол жеткізу үшін, Қазақстан қазірден бастап 2050 жылға дейін жан басына шаққанда жыл сайын 200 кВт/сағат таза электр қуатын өндіруді қолға алуы қажет.

 

Дихан Қамзабекұлы:

– Уақыт тауып, алыстан ат арылтып дөңгелек үстелімізге келіп, АЭС-ке қа­тыс­ты халықты алаңдатқан сұрақтарға жауап беріп, өзара және журналистермен пікір алмасып, бізге беймәлім көп дүниенің ағы мен қарасын ажыратып, дұрысы мен бұрысын анықтап бергендеріңіз үшін бәріңізге рахмет. Бұйыртса, бұл тақырыпты талқылау «Egemen Qazaqstan»-да әрі қарай жалға­сады.

Халықты да түсінуге болады. ХХ ғасыр­да өте күрделі әрі қиын кезеңдерден өттік. Сондықтан біздің бұл жұмысты халыққа арналған қызмет деп түсініңіздер

Академик Рахметқажы Берсімбай есімді генетик бар. Сол кісі ұйымдастырған бір конференцияға қатыстым. Семей ядролық сынақ полигонының зардаптарына қатысты бір ғылыми жоба орындалған екен. Сондағы ақаумен туған адамдардың генетикасын зерттеген. Біз әдетте ядролық бомба сынағы өткен жерде бәрі мәң­гі­лік­ке құрыды деп ойлаймыз ғой. Бірақ олай емес көрінеді. Жаратқан бәрін өзі реттейді екен. Академиктің зерттеуінше, 3 ұрпақ алмасқаннан кейін адам тұқымы тазарып, мутациялар қайта рет­теліп, әрі қарай дұрыс жалғасады. Бұл да Жаратқанның адамға деген мейір-ша­па­ғаты болар. Мүмкін туған топы­рақ­тың тазалық қасиеті шығар.

 

Дөңгелек үстелді дайындаған –

Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»