Фото: kaz.inform.kz
Мәулен Әшімбаев атап өткендей, өңірлерге сапары кезінде сенаторлар кәсіпкерлермен және инвесторлармен міндетті түрде кездеседі. Осыған байланысты ел бойынша аталған сала өкілдерін алаңдатып отырған үш негізгі мәселені қамтитын блок құрылған еді.
«Бірінші мәселе – қандай да бір түйткілдер бойынша шешімдерді келісу мерзімінің ұзақтығы. Бізде адамдар жауапкершілікті өз мойнына алғысы келмейді, жүйе солай жұмыс істейді. Осыған байланысты орталық немесе жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан шешуді талап ететін мәселелер кейінге қала береді. Сондықтан инвесторлармен жұмыс істеудің барлық процедурасын нақты жазу керек. Екінші мәселе, кен орындары туралы кейбір аспектілер бойынша ақпаратқа қол жеткізудің қиындығымен байланысты. Осы ретте инвесторлар үшін қажетті ақпараттар бойынша аудит жүргізу қажет. Үшінші мәселе, мемлекеттік органдар арасындағы үйлестірудің жеткіліксіз деңгейде болуына қатысты. Бұл орталық атқарушы органдар арасында да, сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдар арасында да кездеседі. Яғни орталық деңгейде шешімдер қабылданғанымен, олар жергілікті жерлерде толық іске асырылмайды», деді Палата спикері.
Мәулен Әшімбаев Сенат өз тарапынан осы мәселелерді шешуге және қажет жағдайда тиісті заңнамаларға өзгертулер енгізуге ықпал етуге дайын екенін айтты.