Тәрбие • 29 Қаңтар, 2024

Тәрбиедегі түйткіл

265 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде жастардың ауыр қылмысқа бару фактісі азаймай тұр. Статистиканы бағдарласақ, кейінгі үш жылда кәмелет жасына толмаған бес мыңға жуық бала ауыр қылмыс жасаған. Оң-солын бағамдап үлгермеген жеткіншектер, әсіресе тонау, қарақшылықтан бөлек, есірткіге үйір көрінеді.

Тәрбиедегі түйткіл

Бас прокуратура Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті төраға­сының орынбасары Руслан Әлкенев жасөспірімдер қылмы­сы тұрақты өсу үрдісіне ие еке­нін мәлімдеді. Жазаға тартылған жас­өспірімдер мәселесі «Ama­nat» партиясы жанындағы Жас­тар­ды қолдау жөніндегі рес­пуб­­ли­калық кеңестің отырысында ке­ңінен талқыланды.

– Кейінгі үш жылда қыл­мыс­тық жауапкершілікке 4 919 кәмелетке толмаған жасөспірім тартылды. Жасөспірімдер жа­са­ған қылмыстардың негіз­гі түрлері – ұрлық, тонау, бұза­қы­лық, алаяқ­тық, есірткі қыл­мысы және жыныс­тық қатынасқа қа­тысты қыл­мыс­тар. Алаяқтық пен есірткі қыл­мыстарын жасау­да ұстал­ған жасөспірімдер са­нының ай­тар­­лықтай өсуі ерекше алаң­дау­шылық туғызады. Балалар қылмысының өсу се­беп­­­терінің бірі – «тәуекел то­бын­­­дағы» кәмелетке толма­ған­дар­дың қараусыз қалуы және олар­дың сабақтан тыс уақытта бақылаусыз жүруі. Қылмыс жа­саған кәмелетке толмаған­дар­­дың жалпы санының 48%-ы немесе жартысы еш жерде оқы­майды немесе жұмыссыз жүр­гендер. Өткен жылғы талдау көр­сеткендей, бұл негізінен 9-сы­нып­тан кейін оқуын жал­ғас­­тыр­­­маған балалар, – деді Р.Әлкенев.

Комитет өкілі кәмелет жасына толмағандардың қылмысының өсуіне білім беру ұйымдарының профилактикалық жұмысты дұ­рыс ұйымдастырмауы және ювеналды полиция ықпалының болмауы да себеп деп отыр. Ал отырысқа жиналғандар пробле­ма­ның негізгі өзегі жастардың бойындағы тәрбиеде деген пі­кір­ді ортаға салды.

– Отбасындағы сүйіспен­ші­ліктен бастау алатын патриот­тық сезім кемелдену жо­лында сан түрлі кезеңнен өтіп, жалпы­халықтық патриот­тық санаға, еліне деген сүйіспеншілікке ұла­сады. Ол – әлеуметтік құбы­лыс ретінде кез келген ұлт пен мемлекеттіліктің дамуы­ның негізі. Патриотизмді қоғам­дық сананың ең маңызды құрам­дас бөлігі ретінде жете баға­ла­мау қоғам мен мемлекет­тің әл­сіреуіне әкеледі, – деді Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев.

Жиында Оқу-ағарту ми­нистр­лігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова патриот­тық сезімді қалыптастыру бо­йынша жасалған жұмыстарға тоқталды. Сала өкілі мектепке дейінгі, жалпы орта, тех­ни­калық және кәсіптік білім беру ұйымдарының тәрбие маз­мұнына «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы былтыр қыркүйек айында енгізілгенін, бағдарлама ұлттық, адами құндылықтарға негізделгенін айтты.

– Құжатта білім беру ұйым­да­­рындағы тәрбие жұмы­сын то­лыққанды жүзеге асыру үшін білім алушылардың бо­йында қалыптастырылуға тиіс құн­дылықтар мен тәрбие­нің мақсаты, міндеттері айқын­дал­ды. Баланың уақытын тиім­ді пайдалану, сабақтан тыс уақыттағы сынып­тан тыс іс-шара­лармен қамту маңызды. Қазіргі қоғам өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, атап айтқанда, өз бетінше шешім қабылдайтын, ынтымақтастық жасауға қабі­летті, бастамашыл адамдарды тәрбиелеуге жаңа талаптар қойып отыр. Мұн­дай қасиеттер балалар мен жасөспірімдерде адамгершілік мақ­саттары бар қоғамдық қозға­лыс­та қалып­тасады, – деді ол.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай музей аралатып, көк туды жел­бі­ретумен патриоттық сезім қалып­таспайтынын ашық сынға алды. Депутат бұл бағытта Корея мен Жапония тәжірибесін қарастыруды да ұсынды.

– Біз балаларды тәрбиелеуге келгенде оның әлеуметтік жағ­дайына, бөлмесінің қанша шаршы метр болуына, ата-анасының дауыс көтеріп ұрыс­пауына қатты мән беріп кеттік. Бірақ бұл «жанашырлық» қо­ғам­дағы тәрбиеге, «толық адам­ды» қалыптастыруға әсер етпейтінін түсіну керек. Қазір қоғамда кімдер көбірек насихатталып жатыр деген сұрақ бар. Телеарналар мен интернет ресурстарында бүгінгінің батырлары, еңбек адамдары жұлдызға айналған кезде ғана патриоттықты қа­лыптастыратын мем­лекетке бет бұрамыз. Біз әлі күнге дейін шоу-бизнес жұлдыздарын насихаттап, рей­тингтің соңына түсіп кетке­німізді көрсетеміз. Бала құқы­ғы деген ұғыммен әлемнің озық тәжірибелерін алдық деген оймен, тозық тәжірибесін алға­ны­мызды оның салдарынан кө­ру­ге болады. 700 баланы му­­зей аралаттық деген нәтиже емес. Көк туды желбіретумен ғана идеологияны қалыптастыра ал­май­мыз, – деді депутат.

Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы іс­тері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров отаншылдық және мем­лекет­шілдік қа­сиет әр ба­­ланың бо­йынан табылуы қажет деп санайды.

– Балалар мен жасөс­пірім­дер­ді шынайы патриоттық се­зім­ге тәрбиелейтін патриот­тық ұйымдардың жұмысын жан­дандыру – маңызды іс. Отан­ды сүю отбасынан бастау алатындықтан, тәрбие беру де сол ортадан қалыптасуы қажет. Өзің тұратын үйді, аулаңды, қалаңды таза ұстау, қоғамдық орындарды бүлдірмеу, ұқыпты болу – айналаңнан, өскен ортаң­нан басталатын тәрбие екені бел­гілі,– деді министрлік өкілі.

Жиын соңында Нартай Сәр­сенғалиев былтыр атқарыл­ған жұ­­мыстарға тоқталды. Оның сөзінше, мамыр айынан бастап республикалық Жас­­тарды қолдау кеңесінің 7 оты­­рысы өткен. Сондай-ақ 79 аймақтық кеңес отырысы ұйым­дастырылған. Онда 195 сұрақ қарас­тырылып, жергілікті ат­қару­шы органдарға 302 ұсы­ным беріліпті.

– Кеңес отырыстарының қоры­тындысы бойынша Орта­лық мемлекеттік органдарға 133 ұсыным жолданды, қазіргі таңда оның 122-сі орындалып, 11-і қаралып жатыр. Сонымен қатар еліміздің 20 аймағында өңірлік Жастарды қолдау кеңесі қызмет атқарады. Кеңес құрамы біліктілік талаптарына сай арнайы квота арқылы жасақталған. Біз барлық саланы қамтуды ты­рыстық. Осы арқылы әр са­ланың өзекті сұрақтарын ашық айтатын азаматтарды бір ар­наға тоғыстыра алдық, – деді Нартай Сәрсенғалиев.