Қоғам • 28 Қаңтар, 2024

Мамансыз іс мандымайды

229 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

«Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс, үлкен жұмысқа көп жұмысшы керек», депті Ахмет Байтұрсынұлы. Иә, ұлт жұмысы – шынында үлкен жұмыс. Ел болған тұста сол ұлт жұмысына көп болып жұмылдық, бірлікке ұйып, білек сыбана кірістік. Бұл жолда тапқанымыз да бар, жоғалтқанымыз да шаш-етектен. Енді барды айтамыз, кем-кетікке келгенде бірімізге біріміз қараймыз, көктен түсе қалғандай бұл не сұмдық деп «көсіле» шабамыз. Тізгініне «жабысып», шылбырынан жетектегендер де, мін таппай қызыл сөздің көркін қыздырғандар да қалысар түрі жоқ. «Шабысқа» жаңа толқын да қосылады. Оларға дау айта алмайсың. Талабың теріс деуге қақың қайсы?

Мамансыз іс мандымайды

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Осы ала шапқынның басты әттеген-айы – ұрпақтың келешегін анықтап, ке­мелдікке жетелейтін білім беру ісіндегі, денсаулық саласындағы берекесі шамалы, бірнеше он жылдан бері әр бас­шы әртүрлі жүргізіп, жүйкені жұ­қарт­қан ретсіз реформалар десек, қате­лес­пейміз. Сауатты елден сауатсыз жұртқа айналып бара жатқанымызды бүгін біреулердің көңілі үшін бүгіп қалғанмен, ертең әшкере болары хақ. Бар кінәні жастарға, кембағал ата-аналарға жапқан боламыз. Онымен ақталу қайда? Ауқаттылардың балалары бөлек оқиды. Бұл да заманға қарай шығар. Дегенмен аз қазақтың ұл-қызы киелі жерімізде, қасиетті топы­рағымызда бір-бірінен алыстамай, жат болмай, сылтауды себепке айналдырмай, қолтықтасып жүруіне дәнекер болсақ, қане? Себеп дегеннен шығады, біз көп түйткілдің себебін ашып айтпай, салдарымен күресеміз. Ойдан-қырдан құраған сылтауларды «сапқа» тіземіз. Осыдан келіп себебі көмескі тартады. Ендеше салдарды көлденеңдете бермей, селкеу себебін анық айтсақ, жөнсіздік пышақ кесті тыйылар еді. Осындай ұлт ісі сынға түскен шақтарда «Алаш баласы, жұрт қызметіне кіріс» (Ә.Бөкейхан) деп адал сөз айтудың орнына жабайы нарықты жалаулатып, қара бастың қамын күйттеп кететініміз бар. «Өз күніңді өзің көрге» басып, майлы жілікке таласқандардың қырсыз қылығы бүгінгі күйге түсірді ме екен дейсің іштен күбірлеп.

Бұл байламдарымызға бас басылым­ның 2023 жылдың 14 желтоқсанында журналист Фархат Қайратұлының энергетик-ғалым, профессор Дәурен Ахметбаевпен «Отандық энергетика ентігіп тұр» деген тақырыптағы сұхба­ты дәйек деп білеміз. Есіліп айтар есепте, көсіліп сөйлер сөзде бәрі оңалып келеді дегенмен, көп саланың тынысы ашылмай, ентігіп тұрғанын кім жоққа шығара алсын? «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?» дегендей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев таяудағы сұхбатында Қаңтар қасіретінің астарын: «...қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды», деп ақиқатты ашып көрсетті. Қолдан жасалған қойыртпақты тайға таңба басқандай алға тартудың арқауында ентігу мен діңкелеудің жатқанына шүбә бар ма? Шындықты бүкпей айтқан Мемлекет басшысы одан алда құтылып, ес жиюдың жолын да атап өтті.

Энергетик-ғалымның маман дайын­дау ісіндегі қазып айтқан дәлелдері көкейге қонымды. Әсіресе жүйесіздік тобықтан қағып тоқыратқаны анық. Бұл талай айтылды. Жаңа реформа жасалады, жақсарады деді. Бірақ келіп-кетіп жататын министрлер қатыра қоймады. Сөз ағыл-тегіл, іс шұбырынды. Мыңдаған жас жоғары оқу орындарына үмітпен келіп, шала сауат маман болып, кетіп жатты. Содан да болар, көбінің қатырма қағазының қадірі болмай қалатыны. Оның үстіне жоғары оқу орындары саңырауқұлақтай қаптағанмен, оларды бітірген маманды күтіп отырған, «кел» дейтін жұмыс орны кемшін еді. Қитұрқысы естен тандырған жекешелендіруде іске жарайтынды түрлі жолмен қанжығасына байлап алғандар – өктем, шетінен өзім білем еді. Қарапайым халықтың көкейін ел болу мақтанышы кернеді. Осы екіге жарылу: бай мен кедей дегенді жылтыңдатты. Ақыры даласы дарқан, байлығы мол жұрттан Асан мен Үсенді шығарып тынды. Қазіргі замандағы Асан мен Үсеніміз көздері күңгірттеніп, екі жаққа қарап тұрған секілді.

Қанша жерден «көзіне» күл шашсақ та, совет кезінде маман дайындау жұмысы жұғымды еді. Еңбек орындары қалада да, далада да баршылық болатын. Енді зердеңе салсаң, адалдықтан аттамаған толқын-толқын ұрпақ қан-сорпасы шығып жиған халық мүлкін ханталапайға салған ашкөздік, Президент айтқан билік пен қоғамды аздырып-тоздыруға әкелді. А.Байтұрсынұлына жүгінсек, бұқараның ұлын ұлша тәрбиелеуге емес, құлша тәрбиелеуге жеткізгендейміз. Содан болар олардың жалтақ, жетекшіл болып бара жатқаны. Мұның түп тамырын білімсіздіктен іздеу керек шығар. Сұхбаттағы мысалға көз жүгіртелік: «Нағыз керек пәндер қысқартылып кетті. Ал, шын мәнінде, біз тәжірибе тұрмақ, теорияның өзін дұрыс оқыта алмадық», деп бұрын энергетиктерді техникумдар төрт жыл оқытатынын тілге тиек етіп, оқыту бағдарламалары сөзде бар, істе жадағай екенін алға тартады. Бағдарлама оңбаса, білім оңа ма, ісіне жетік маман шыға ма? Біз осқыра қарайтын советтік ғылымның арқауында АҚШ энергетика бағдарламасын жасап, сол бойынша кадр әзірлеп жатқанын еске салады. Бұл қалай дегізе беретін энергетиканың түйіні түйдек-түйдек түйткілдерін былайша тізбектейді: «Жауапты орында біліксіз маман отырса, нашар менеджер болмағанда қайтеді? Энергетиканы дәрігер не мал дәрігері басқарса, нашар бол­­мағанда несі қалады?Бізде энергетика­ны энергетик басқармайды, дұрысы бас­қартпайды. Себебі ол жұмыстың жайын біледі. Ал ондай адам биліктегілерге қашанда кедергі келтіреді», дейді профессор. Расында, қазір ісін білгенді емес, бас шұлғығыш білмейтінді қолай көре­ді. Құлақтың тыныштығын ойлайды. Бір­деңе бола қалса анаған, мынаған итере салып, біреуді кінәлі етіп, құтылып кетеді.

Бұл енді айдай рас сөз. Абай айтпақ­шы, рас сөзде жалғандық болмайды. Тоқырау мен тұралауды біз осыдан іздеп, түйінін тап бассақ, көп түйткіл әттең-айдан арылып, жұрт талабы мүлтіксіз орындалар еді. Тағы бір мәселе туралы ащы болса да ақиқатты атайды. Бар мәселені шешетін: болбырап қалған бос белбеу емес, білімі мықты, білігі заман талабына сай мық шегедей кадр деген ұғым болушы еді бұрындары. Олар негізінен тас көшеде, тас үйде өскендердің арасынан емес, ауыл елден, жер қасиетін білетін, жұртым деген ұғымды қарапайым ата-әжесінің сөзінен санасына сіңірген, «тәйтін» түсінген, әке-шеше ымынан ұққан, жақсы мен жаманды, обал мен сауапты ажырата алатын алғырлардың арасынан таңдалатын еді. Қазір ол таңдау қағаберісте қалды. Кеше атқа мінгендердің ұл-қызы мұрагер болып, жылы орынтаққа өлшемі келмесе де, суытпай-ақ қонжия қалатын әдет орныға бастағандай. Бірақ сол әкім, министр болғандардың үміт артқан жеткіншектерінің кейбірі сенімге дақ түсіріп, сан соқтыратынын кім жоққа шығарсын? Энергетик-ғалым Ахметбаев осындай келеңсіздікке тосқауыл қою үшін: «Министрді жоғарыдан топ еткізіп қоя салмай, төменнен жоғарыға қарай сатылап даярлау керек. Әйтпесе, кеңседен шықпаған адамға шикі нан да жақсы, піскен нан да жақсы емес пе?» дейді. Мұндай күлкілі тірліктер баршылық. Ұят болды-ау демей, бедірейіп тұратындар да аз кездеспейтін болып барады. Бұл етек ала берсе, ұлт сорына айналып жүрер.

Көктем жер-әлемді қалай түрлендірсе, ғылым жаһанды жаңғыртады. Ақылды қазақ Абай айтпай ма: «...Малды сарп қылып, ғылым табу керек. Өзіңе табылмаса, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқы­ған намаз, тұтқан руза, қылған қаж ешбір ғибадат орнына бармайды». Бұл ақи­қаттың ақиқаты. Ақиқатты басқа емес, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп адам ретінде төрт құбыласы түгел, дәулеті мен сәулеті бабаларынан үзілмей келе жатқан, соны місе тұтып отырып қалмай, ұлтым қайтсе іргесі берік жұрт болар екен деп «Қайран сөзін» шын абыз Абай айтып отыр ғой. Абай сөзін, Алаш сөзін ерте ұққан арыстар ғылымы дамыған елдің кереметтеріне ерте ұмтылған. «Ғылымы өскен ел – мәдениет тарихында шын өскен ел. Ғылым-тәрбиесі өркендеген ел – өсер ұрпағын, халық қоғамын шын көгерткен ел» (М.Әуезов) деген олар ана ғасырда. Осыны бұлжытпай атқарған кешегі қазақ ғылымы, алашшыл қазақ ғалымдары: «Ғылым, өнер артылған сайын дүниеде бейнет кемімекші. Осыған ақылы жетіп, есі енген жұрттар ғылым мен өнерді бірден-бірге асыруға тырысады», (А.Байтұрсынұлы) деп керемет таланттарымен талайды тамсандырғаны тарихтан мәлім. Сөзіміз жалаң шықпасын, бірер мысал, атомның айбынымен төрткүл дүниені тіреткен Игорь Курчатовтармен иық тірестірген Қаныш Сәтбаевтың, кемелдігі мен кемеңгерлігі тең Мұхтар Әуезовтің ұлтын ұлықтап өткен өмір жолдарына, өнегелеріне, ой жібере алсаң бір әрлі әлем емес пе? Біз осы күндері: «Елім деп шын еңіреп жүрген ері кім, өтірік емешегі үзіліп, өз мүддесін күйттеп жүрген епсегі кім – соны айқын ажырата...» (Ә.Кекілбайұлы) алмай ұтылып жүргеніміз хақ. Мұны сұхбаттағы ғылымға қатысты ой-байламдардан айқын аңғаруға болады.

Иә, ұлтымыздың алғыр азаматтары жетіп артылады. 1999 жылы Астанада жаратылыстану ғылымдары бойынша әлем ғалымдары бас қосты. Араларында екі Нобель сыйлығының лауреаты болды. Олармен аудармашы арқылы тіл айқастырғанымызда математика мен физикадан қазақ ғалымдары озық тұрғанын айтып, ғалымы мықты елдің ғылымы да озық деп еді. Әйтсе де түрлі реформалардың шеңберінде қалған озық ғылым бұрынғы биігіне, Сәтбаев дәуіріне жете алмай келеді. Сәтбаев академиясының да сәні кетіп, мәні өзгерістерден көз ашар емес. Соңғы қадам үміт отын тұтатқандай. Атақтың шекпенін жамылғандардың емес, тұнық бастаулы ғылым ордасы болса екен.

Ашылған жаңалық өндірістен орын алмаса, жанып барып өшкен шала секілді. Ғылым жетістігін бағалау ісінде білімдарлықпен бар екенбіз, өндіріске енсін, игілігін ұлт ұрпағы көрсін деп жанашырлық танытып, еңсе тіктейтін жетістік екен деудің орнына кейде бақай есеп басым түсетіні, қуана білмей, қулыққа басып кету жағы қылаң беретіні бар. Оған газет материалындағы ғылым докторы М.Қамбаровтың ғылыми жобасы өз Отанымызда – үшінші, іргелес жатқан Қытайда, жүзден аса мемлекет бақ сынаған бәйгеде – бірінші, мұхиттың арғы бетінде жатқан АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласындағы әлемдік жарыста бас жүлдені қанжығаға байлапты. Міне, бағалай алсақ, бұл – ұлт ғылымының өрісін кеңейтер жетістік, өндірісте ор­нық­са, жемісі ұшан-теңіз.

Өндірісіміздің сүбелісі шетелдіктер­дің қолында. Енді жер иесі ретінде қазақ, жер бетіндегі ас, киім болатынға иелік етсе, ауылды құрта бермей, кешегі «Қазақ – баладай аңғал, сүттен ақ, судан таза, бүлінбеген халық» (Ә.Бөкейхан) ұрпағы бүгінде рухын оятып, қайта түлесе, тағамның неше түрімен, өзге де барымен көзге ұрар еді. Оны кім атқарады? Халқым деген қолы таза маман атқарады. Бұл қиял болар қазірше, қиял шындыққа айналмай тұра ма? Бар маманды қайта даярлап, оқып жатқан­дарды «айдай салдан аз өлді, көре салдан көп өлдінің» керін келтірмей «Ел иесі сендер, оян, ойлан», «Бөтен кісі қазаққа ешқайдан жақсылық әкеліп бермейді. Өз күшіне, өз қуатына сенбеген адам да, халық та ғұмыр жүзінде бәйге алмайды. Біреуге телмірген адамнан, халықтан қосақ түрткен жетім лақ бақытты» (Ә.Бөкейхан) дегенді ұқтырсақ ұтылмас едік. Мұны сан сылтауды ысырып тас­тап, ұлт жұмысы деп, сөзбен емес, жүйелі іспен атқарсақ, қазақ екінші қырынан көрініп, бар екенімізді төрткүл дүниеге танытар едік-ау.

 

Сүлеймен МӘМЕТ,

ардагер журналист