Фото: gov.kz
Жалпы, инвестиция тарту ісінде «бюрократияға мүлде жол жоқ – барынша нақты іс-әрекет» қағидаты басшылыққа алынуы қажет. Бүгінгі таңда Үкімет алдында 2029 жылға қарай экономика көлемін 450 млрд долларға дейін, яғни 2 есеге дейін ұлғайту жөнінде міндет тұр. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін елге кемінде 150 млрд доллар шетелдік инвестиция тарту қажет. Осы орайда инвестиция тарту бойынша жүктелген міндеттерді жүзеге асыру бойынша Түркістан облысында қолға алынған жұмыстар жөнінде айта кетелік. Облыста өткен жылы инвестиция көлемі 972 млрд теңге болып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 26,1%-ға өскен. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада үшінші орынға шықты. Жалпы, инвестицияның 66,8%-ын құрайтын жеке инвестициялар 1,5 есе артып, 649,6 млрд теңгеге жетті.
Жуырда облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өңірлік инвестициялық штабтың биылғы алғашқы отырысында 20-дан астам жобаның жүзеге асырылу барысы талқыланған болатын. Бүгінде облыста «Саутс ойл» компаниясы өңдеу өнеркәсібі және энергетика саласында 5 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Ордабасы ауданындағы мұнай өңдеу зауыты құрылысының бірінші кезеңі аяқталған. Екінші кезеңі келесі жылы аяқталып, 650 жұмыс орны ашылмақ. Мемлекет тарапынан қолдау бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Италияға жұмыс сапары барысында екі ел арасында маңызды келісімдер жасалды. Солардың бірі – Түркістан облысы Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салу жобасы. «Қазақстан-Италия» инвестициялық дөңгелек үстелі аяқталған соң, Мемлекет басшысының қатысуымен бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою рәсімі өтті. «Самұрық-Қазына» АҚ мен Balestra компаниясы арасында Созақ ауданының Тайқоңыр ауылында жылдық қуаты 800 мың тонна болатын күкірт қышқылы зауытын салу жобасының шарттары мен мерзімін айқындайтын келісім жасалды. Бүгінде «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ өз инвестициясы есебінен Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт құрылысын салу жұмысын бастады. Арнайы жер бөлініп, сәулеттік-жоспарлау тапсырмасы әзірленген. Аталған жобаның құны – 100 млрд теңге. Зауыт ашылған соң 274 адам жұмыспен қамтылады.
Сайрам ауданында «Мал биржасы» жобасын жүзеге асыру жұмыстары басталады. Бұл жоба «Nurym Group» компаниясы тарапынан аустралиялық үлгіде жасалмақ. Кәсіпкер Сырым Ертаевтың айтуынша, жаңа жобада мал базарының құрылымын түзуде сатушылар мен төрт түліктің, сауда жасаушылардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылмақ. Онда саудаға әкелінген малды ыңғайластыруда заманауи технологиялар қолданылады. Сонымен қатар малдарға арналған арнайы орындарда олардың жемшөбі мен суының уақтылы берілуіне жағдай жасалған. Ең бастысы, мал биржасында тазалықтың талапқа сай болуы қатаң қадағаланады. Қазіргі таңда жобаның сметалық құжаттамасы аустралиялық мамандармен бірге әзірленіп жатыр. Алматы – Самара тас жолының бойында мал базарын салу үшін 40 гектар жер учаскелері анықталды. Сондай-ақ Кентау қаласындағы «Кентау байыту фабрикасын» қайта жаңарту және қалдықтарды қайта өңдеу өндірісін іске қосу, Шардара ауданында жүгері дәндерін терең өңдеу зауытын салу, Бәйдібек ауданындағы травертинді әрлеу тастарын өңдеу жобаларын жүзеге асыру бойынша да нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сауран ауданында украиналық «UBC BG» ЖШС тоңазытқыш жабдықтарын шығаратын зауыт салмақ. Жуырда Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылдық округінде 5 мың бас малға арналған бордақылау алаңы іске қосылды. Кооператив жылына 4 мың тонна ет дайындауға қауқарлы. Шаруа қожалық төрағасы А.Рысқұловтың айтуынша, мал бордақылау алаңы – 1,7 гектар, жоба құны –1,5 млрд теңге. Бүгінде алаңда 20-25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ Сауран ауданында «Жандос» тері өңдеу кәсіпорынның қазығы қағылды. Аудан орталығында салынатын кәсіпорынның жоба құны – 1 млрд теңге. Ол 30 гектар жерге орналасқан. Жоба қуаты – жылына 100 мың дана тері өңдеу, 50 адам жұмыспен қамтылады. Аталған нысан күзде пайдалануға беріледі.
Польшалық кәсіпкерлер де облыс нарығын игеруде қызығушылық танытып отыр. «Stasin» компаниясы өңірде күркетауық фермасын, ет комбинатын ашуға дайын. Сондай-ақ тұқы балығын өсіру бойынша жаңа жобалар ұсынды. Өнім жергілікті және Еуропа нарығына шығады. Компанияның негізін қалаушы Кшиштоф Борковски облыс әкімімен кездесуде «Stasin» иелігіндегі күркетауық фермалары, ет комбинаттары мен құс фабрикалары әлемнің 20-дан аса еліне ет экспорттайтынын айтып өтті. Ал облыс әкімі өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды. «Облыста арнайы экономикалық аймақ, индустриалды аймақтар бар. Онда кәсіпкерлердің жобаларын қабылдауға мүмкіндік мол. Инфрақұрылым және өзге де мәселелер бойынша қолдау көрсетіледі. Қазығұрт пен Сайрам ауданында бизнес бастауға болады. Ол үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі», деді Д.Сатыбалды. Сондай-ақ облыс әкімі Қытай Халық Республикасының «China Gezhouba Group Overseas Investment Co., Ltd.» компаниясы бас директорының орынбасары Ма Йингинмен кездесіп, 2 күн және 2 жел электр стансаларын салу мәселесін талқылады. Компания өңірде жалпы қуаты 1 ГВт-дан аса күн және жел электр стансаларын салу бойынша ниет білдірген болатын. Облыс әкімдігі ол ұсынысты жан-жақты қарап, зерделеген. Бұл ауқымды жоба болғандықтан, Үкіметке, энергетика саласына жауапты министрлікке тиісті хаттар жолдаған. Яғни жобаның жүзеге асуына мүдделі. Кездесуде жобаны іске асырудың алғашқы қадамы ретінде арнайы меморандум жасалды. Аталған компания облыс аумағында жалпы қуаты 1,3 ГВт күн және жел энергетикасы нысандары бойынша 4 жобаны жүзеге асыруға ниет білдіріп отыр. Атап айтсақ, Сауран ауданының Ибаата ауылында қуаты 240 МВт, Созақ ауданының Шолаққорған ауылында қуаты 300 МВт күн электр стансаларын, Бәйдібек ауданының Жүзімдік ауылында қуаты 300 МВт, Түлкібас ауданының Шақпақ баба ауылында қуаты 500 МВт жел электр стансаларын салу жобалары жүзеге асырылады. Электр энергиясын өндіретін 4 нысанды пайдалану жылына 4 млн тонна көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға және 900 млн текше метр газды үнемдеуге мүмкіндік береді. Жалпы, инвестор 1,5 млрд доллар көлемінде инвестиция салады деп жоспарланған. Инвестормен ортақ келісім жасалып жұмыс басталса, электр стансаларының біріншісі 2025 жылы, ал соңғысы 2028 жылы пайдалануға берілмек.
Түркістан облысы