Абзалдың айтуынша, әртүрлі халықтың тілі мен мәдениетін білу сол арқылы дәстүрін терең түсінуге қызығушылық мектепте оқып жүрген кезінде басталған. Сондықтан ол мектепті бітірген соң армандаған кәсібінің маманы болсам деген мақсатпен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің аударма ісі бойынша мамандығына оқуға түседі. Кейін жоғары оқу орнын тәмамдап, қолына диплом алған соң әскер қатарына алынады.
Жас сарбаз әскери борышын өтеп жүріп те шет тілдерін үйренуді жалғастыру үстінде. Өзінің айтуынша, адамға ең басты керегі – ниет пен табандылық. Сарбаз бос уақытының барлығын кітапханада өткізеді, сол жерде шет тіліндегі көркем әдебиет пен түрлі тақырыптағы шығармаларды оқиды.
«Өзімнің ана тілімнен басқа, орыс, ағылшын, қытай, қырғыз, өзбек тілдерінде еркін сөйлей аламын. «Екі тілді білетін – екі адамға тұрарлық кісі» деп бекер айтылмаса керек-ті. Себебі өзге ұлт өкілімен өз тілінде сөйлессең тез тіл табысып кетесің, бір-біріңді түсіну де оңайға түседі. Өзің қазақ бола тұра басқа ұлтпен де солардың тілінде еркін сөйлесу адамға рахат бір сезім сыйлайды, өзгелердің тілін түсініп, ойыңды солардың тілінде жеткізе алу да бір өнер екенін сонда ұғынасың», дейді Абзал Жаңабай.
Жас сарбаз – әскери-есептік мамандықты меңгеру ісінде де өзінің еңбекқорлығымен дараланған азамат. Ол тәжірибе мен білімді әрдайым қатар алып жүргенді қалайды. Әскери саланың маманы ретінде өзін үнемі кәсіби тұрғыда дамытумен айналысады. Оның білімді, тәртіпті азаматқа тән жүріс-тұрысы, сарбаздық адал қасиеті қашан да көпке үлгі. Сондай-ақ ол әріптестеріне қалай тілді еркін меңгеру керектігі жөнінде ақыл-кеңес беруден ешқашан жалыққан емес.
ШЫМКЕНТ