Тұлға • Бүгін, 08:40

Шерағаңның қаламгерлік қазынасы

40 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

2 ақпан – Ұлттық баспасөз күні «Қазақ газеттері» серік­тестігі мен Ұлттық архив көрнекті жазушы, біртуар редактор Шерхан Мұртазаның жеке қолжазбалары мен құнды құжаттары қорының ашылуына орай дөңгелек үстел өткізді.

Шерағаңның қаламгерлік қазынасы

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

«Шерхан Мұртазаның қаламгерлік қазынасы» атты дөңгелек үстелді жүр­гізген «Қазақ газетте­рі» серік­тестігінің бас директоры, алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы «Қазақ» газеті тағылымын тілге тиек ете келіп: «Қазақ бас­па­сөзінің қара нары Шерхан Мұртаза­ның Ұлттық архивтегі қорының ­ашылуы Ұлттық баспасөз күніне сәйкес келіп отыр. Былтыр Республика күні қарсаңында біздің «Egemen Qazaqstan» газетінде сақталған Шерағаның 6 мың бетке жуық мол мұрасын Ұлттық архивке тапсырған едік. Оның ішінде өзінің жазған қолжазбалары, шығармаларына жинаған материалдары, фотосуреттері мен құжат­тары бар еді. Міне, осы материалдар «емделіп», өңделіп, Ұлттық архивтен жазушының жеке тектік қоры ашылды», деді.

ш

Жиында Премьер-министр­дің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева­ның құттықтау хатын Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли оқып берді. «Қазақ руха­ния­тының алып тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті жазушы Шерхан Мұртазаның қаламгерлік мұрасына арнал­ған тағылымдық жиынның жо­ғары деңгейде өтуіне тілек­тес­пін. Шерхан Мұртаза қазақ­тың болмыс-бітімін көркем сөз­бен кескіндеген қайраткер ретінде елдік мүддені бәрінен биік қойды. Журналистиканы ұлтқа қызмет етудің жолы деп білді. Қазақ баспасөзінде қа­лып­­тастырған мектебі, редактор ретіндегі талапшыл­дығы, ең­бек­қорлығы тұтас бір буынның кәсіби әрі азаматтық тұлға болып қалыптасуына ықпал етті. Еліміздің Ұлттық архивінде зия­лы тұлғаның жеке құжатта­ры­ның ғылыми тұрғыда жүйеле­ніп, ұлт игілігіне айналуы – маңыз­ды тарихи оқиға. Бұл ұлттық жа­ды­мыздың толыққанды қорға­уына жасалған нақты қадам деп білемін. Осындай маңызды бас­қосу қазақ руханиятына тың серпін берері сөзсіз» делінген хатта.

е

Ұлттық архивтің директоры Сағила Нұрланова сөз өнері­нің, ұлттық рухтың биігі саналатын Шерхан Мұртазаның жеке тектік қорының ашылуы Ұлт­тық баспасөз күні қарсаңында өтуін жақсылыққа балады. Архив директоры қаламгердің мұралары арасындағы «ауруға шалдық­қан» парақтар емделіп, бүлінген және зақымдалған материал­дар арнайы реставрациялық зертханада механикалық тазалау­дан өткізіліп, арнайы вакумдық камералар арқылы толықтай зарарсыздандырылғанын атап өтті. Сондай-ақ құжаттар мазмұ­нына, жазылған уақытына, тақы­рып­тық бағытына қарай жүйе­леніп, әр параққа ғылыми тұр­ғыда сипаттама дайындалып, ар­найы тізімдеме жасалғанын атап өтті.

р

«Белгілі қаламгер Шерхан Мұртазаның мұралары осыдан үш ай бұрын Ұлттық архивке тапсырылған болатын. Содан бері 6 мыңға жуық құжаттың әрбір парағын өңдеп, емдедік. Алда­ғы уақытта біз оларды цифрлы фор­матқа көшіреміз. Осылай­ша, бұл мұралар шерхантанушы ғалымдар мен зерттеушілер­ге қол­жетімді бола түседі. Осы іс-шараның ойдағыдай өтуіне бастамашы болған «Egemen Qazaqstan» газетінің ұжымына алғысымды білдіремін», дей ке­ліп, бұл бағыттағы жұмыстар жү­йелі түрде жалғасатынын айт­ты. Сондай-ақ ол архивтің сараптау-тексеру комиссиясының шешімімен Шерхан Мұртаза­ның құнды мұралары мемлекет­тік сақтауға қабылданып, №312 жеке тектік қорының ашылғанын куәландыратын сертификатты табыстады.

а

Сонымен қатар жиында мемлекет және қоғам қайраткері, «Egemen Qazaqstan» газетін ұзақ жыл басқарған қаламгер Сауыт­бек Абдрахманов Шерхан Мұртазаның «Сталинге хат» пье­сасының премьерасы өткен сәт туралы естелігін бөлісіп, қа­ламгердің қайраткерлік қырына тоқталды. «Біз журналистердің шығармашылығы туралы айт­қанда олардың кітаптарын көбі­рек мысалға келтіреміз. Кітап­қа енбеген шығармаларын оқу үшін газеттің тігінділерін ақта­рамыз, сонымен шектелеміз. Ал шын мәнінде редакторлық де­ген – қатпар-қатпар құбылыс. Редак­тордың идея беруі, ұжым­ды басқаруы, кадрларды ірік­теуі және оларды тәрбиелеуі сияқты нәрселердің ешқайсысы ескерілмейді. Сондықтан шер­хан­танудағы тағы бір арна ол кісі басқарған газеттердегі тігін­ділерді қарау деп білемін. Сол арқылы ол уақытта газеттің қалай өзгергенін, Шерханға дейін қалай болғанын, оның тұсында қалай болғанын және одан кейін қалай өзгергенін сараласа, Шераға­ның қазақ баспасөзінде теңдессіз ­редактор болып, қай басылымға барса да бірден бағын жандырып жібергенін көреді», деді Сауытбек Абдрахманов.

н

Бұдан кейін «Egemen Qazaqstan» газетін басқарған жур­налист, бү­гін­де «Астана ақ­шамы» газетінің ­бас редакторы Еркін Қыдыр да осы ойды жал­ғап әкетті. «Осыдан бір ғасыр бұрын Алаш ардақтыла­ры бас­пасөзді ұлтын оятуға пайдалан­са, Шерхан Мұртаза ширек ғұ­мырын редакторлыққа арнады. Кешегі тоталитарлық заманда ұлтының ұнжырғасы түспеуі үшін тер төгіп, ұлы миссияны орындады. Сондықтан Шер­хан Мұртазаның редакторлық мек­тебі жеке зерттеуді қа­жет етеді», дей келіп, оның мұ­ралары­ның елорда төріндегі Ұлттық архивте сақталуы­ның өзіндік мәні бар екенін айтты.

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан да Шерхан Мұртаза­ның тұлғалық қасиетін таразылай түсті. «Шерхан Мұртаза – ғасыр­да бір туатын қайраткер. Өмірі­нің соңына дейін күреспен өткіз­ген мұндай тұлғалар елімізде өте сирек. Ол кеңес дәуірінде ұлт­тық баспасөздің басы-қасында жүріп, ұлтына қызмет етті. Сол себепті ол кісіні кешегі Әлихан, Ахмет секілді Алаш қайраткерлерінің ізбасары деп айтуға толық негіз бар», дей келіп, талас-тартыс арасында жүріп ұлттың жоғын жоқтағанын, журналистикада мектеп қалыптастырғанын айтты.

н

Сондай-ақ жиында баспасөз саласының ардагерлері Жарыл­қап Бейсенбайұлы, Жанат Елші­бек, Ағайдар Ысымұлы, Оңда­сын Елубай, Шархан Қазығұл, Талғат Батырхан, зерттеуші ғалымдар Серік Неги­мов, Марат Әбсеме­тов, Қайрат Сақ сөз сөйлеп, Шерхан Мұрта­за­ның журналистика саласына сіңір­ген еңбектеріне талдау жасады. Дөңгелек үстелде қарым­ды қа­ламгердің тәуелсіздікті ны­­ғай­туға үлкен үлес қосқаны, «Egemen Qazaqstan» газетінің ­бе­тінде елдік мәселелерді көте­ріп, басылымның абыройын ас­қақ­татқаны, қызметкерлердің әлеу­меттік жағдайын жасағаны, бас­қа да адами қасиеттері туралы әңгімеледі. Осылайша, Ұлт­тық баспасөз күніне орай өткі­зілген іс-шара журналистикада өшпес ізін қалдырған Шерхан Мұр­таза­ның қаламгерлік жолын еске алуға арналды. 

Соңғы жаңалықтар