Әдебиет • 29 Қаңтар, 2024

Дыбыстар диалогі

6830 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Төбелесті күтпеген жерден бастау керек, сонда қызық болады» депті ақын Тоқаш Бердияров. Тоқаш ағасының осы бір сөзін Есенғали Раушанов эпиграф етіп алып, ол кісінің ішкі даусын керемет өлеңге айналдырған. Бұл – жалғыз Тоқаш ағаға арнау емес, жеке туынды, поэзия. Ішкі даусы, яғни жанының үні болмаса, адамның бары не, жоғы не. Ол неден бас тартып, қалайша тебіндейді – басқа әңгіме. Бар болғаны – адам туғанда дауыс салып туады.

Дыбыстар диалогі

Ертеректе бір кісінің балалары туа шетіней беріпті. Әйелі кезекті рет қайта босанғанда бала құрсақтан түскенімен, жыламаған соң «тағы да өлі туды-ау» деп күдер үзіп кетіп бара жатса, нәрестенің шар еткен даусы шығып, жалт бұрылыпты. «О-о, дыбыс, тұңғыш рет дыбысы естілген бала осы, аты да Дыбыс болсын» депті. Күтпеген жерден естілген сол дыбыс (дауыс) жаннан түңілген отбасыға қуаныш сыйлап, өмірін жалғасты етсе керек. Осындай-осындай қасиеттері бар дауыстың. Бастағанымыз Есенғалидің Тоқаш Бердияров туралы жазған өлеңі еді ғой. Бұл да сол дыбыстардың диалогынан тұрады:  

«Теңіз-теңіз ойларда тербелдім көп,

Ел көргім кеп талпындым, жер көргім кеп.

– Өлең қайда? – дедім мен Алматыға,

Тоқаш көкем жолықты:

 – Ол – менмін – деп, күтпеген жерден...

Ол мұхит деп түсінді өмірін де:

– Бауыр тұтып кетіп ем сені мүлде,

Бірақ маған (өзімдей матрос қой)

Нұх пайғамбар жақындау, – деді бірде, күтпеген жерден...

Шайхана да орнында, майхана да,

Қыс өтеді, бал көктем қайта орала.

Қалғып кетсем, естимін көкем даусын:

– Кемең тоқтап қалмасын, байқа, бала, – күтпеген жерден».

Біз ықшамдап алып отырған алты шу­мақ өлеңнің әр ауызының соңы осылай «күт­пеген жерден» болып аяқталады. Бар бол­ғаны – осы ғана. Ақынның өлеңіне көз жүгіртсе, шығарма Тоқаш пен Есенғали дыбыстарының диалогі іспеттес. Демек драма дауыстар арасында жүреді. Ол өмірде бар адамның дауысы ма, жоқ аян ба, маңызды емес, тіл қатса жеткілікті. Өйткені жырдың соңындағы «кемең тоқтап қалмасын, байқа, бала» деген түйін өмір бойы қайрап өтетін дауыс емес пе? Бара-бара бұл үн өмірдің өзіне айналуы да бек мүмкін. Мәселен, Морис Симашконың «Жусан» хикаясындағы Бейбарыстың өмірін ұстап тұрған жалғыз ауыз сөз есіңізде шығар? Сіз басқаша ой қорытуыңыз да мүмкін, бі­рақ біздіңше кей тұсында өмірдің өзін әш­керелеп, әділетсіздігін бетіне басқан хикаяда Сұлтан ғұмырының қасиеті мен қасіретін өзек еткен жалғыз-ақ дыбыс болып шығады. Жалғыз-ақ сөз мазасын алып, жүрегін суырардай сезімдерге бөлейді. Өмір бойы сол сөздің мәнін ашсам деген арманмен жүреді. «Көке-көке» деген ең аяулы әрі қасіретті сөз еді ол үшін. Соның түбіне жетем деп жүріп ажалмен алысып, қаншама қиындықтарды жеңеді. Абай «бір Алладан басқаның бәрі өзгермек» дегеніндей, Бейбарыс тағдырына қожалық еткеніне таласуға бола ма? Көкесінен айырылған күні тереңдей түскен, бәлкім теріс айналған тағдырын билеген тұлға. Қыпшақ даласында қаннен қаперсіз, шамасы есі де толық кіре қоймаған бала ауылын жау шапқан күні дұшпан қолына түсіп, көкесінен көз жазып, құлдыққа сатылып кете барған. Есін толық білгендегі өмірі нанға таластан басталады... Соншама сұмдықтарды жеңіп шыққан жанның ішкі дауысы болып өмірімен бітіскен сөздің қуаты ақыр соңында қыпшақ даласының бір түп жусанына алып барады. Жарты әлемді билеп, мұсылман әлемінің панасына айналған билеуші өмірінің мәні мен мазмұнын ұстап тұрған көке деген дыбыс қыпшақ даласының бір түп жусанынан сая тапқанын түйсінетін ұрпақ келген күні біздің барлық тынысымыз ашылып, рухымыз аспандары анық.

P.S. Ал сіз ішкі дауысыңызды тап­тыңыз ба?