Әдебиет • 29 Қаңтар, 2024

Әдебиетке жарнама керек

216 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өз заманында Толстой ақсақал: «Келешекте жазушылар біз сияқты том-том шығармалар жазбауы мүмкін. Тіпті көркем нәрселерге бару да бірте-бірте тыйылуы мүмкін. Мақалалық дүниелермен шектеліп, соны әдебиет деп есептеп, сондай бағытқа ауып кетуі мүмкін» деген екен. Бұл пайымның айтылғанына, міне ғасырдан да ұзақ уақыт өтіпті. Толстой тәмсілі шынға айналып келеді.
Қоғамда қанша жазушы болса, сонша оқырман қалды. Бұл – бүгінгі әдебиеттің ауа райына қатысты айтылған дәл сөз. Адамдардың жазуға, руханиятқа қызығуы тіптен әлсірегенін осыдан байқаймыз. Оқырманның азаюы әлемде де өзекті мәселеге айналса да, Батыспен салыстырғанда қазақ әдебиетінде шығармашылық жетістіктер әлдеқайда аз. Мәселен, қазір бізге кітап оқығанның бәрі сұлу һәм қадірлі. Толстой біздің бұл халімізді де тап басып танып айтыпты. Бұдан бөлек публицистік сарыны басым жазбалардың көркем әдебиетке таңылып жүргені, бұл үрдістің белең алып бара жатқаны тағы бар.
Әдебиетті әр адам өзінше түсінеді, өзінше пайымдайды. Әркімнің көкей кеңістігінде өз «әдебиеті» бар. Көркем ой мен сұлу сөздің түйіскен тұсы – әдебиет хақында өзіміз емес, өзге ұлттың қандай ой айтары бізге таңсық. Осы орайда таңсық дүниенің астарына үңіліп, Аустрияның жас жазушысы Александр Вадиммен онлайн-байланысқа шығып, сөйлесіп көрген едік.

Әдебиетке жарнама керек

– Аустриялық қоғамның көркем әдебиетке көзқарасы қандай?

– Халықтың бәрі Стефан Цвейгті оқыған деп айта алмаймын. Бірақ көп­шілігі классикаға қызығады. Мұ­ны, әсіресе үлкен кісілерден жиі бай­қаймын. Ал жас оқырмандарға келер болсақ, мен қазір «Жастарды әдебиетті оқуға қалай алып келеміз?» деген зерттеу жұмысын жүргізіп жатырмын.

– Зерттеу барысында қандай ой түйдіңіз?

– Әдебиетке байланысты негізгі проблема Аустрияда қандай болса, Орталық Азия елдерінде де сондай. Бұған Қазақстанда өткен әдеби форумдарға барғанда көзім жетті. Ол мәселе әдебиеттің маркетингтік-менеджменттік жағына байланыс­ты. Халық ақын-жазушыларды, жаңа шыққан кітаптарды күнделікті теледидардан немесе басқа да жарнама орындарынан көре алмайды. Өйткені әдебиет кеңістігі қаланың бір бұрышындағы кітапханалармен ғана шектеліп қалған. Қарапайым оқырманның осындай түсінікте қа­луына әдебиетті жасаушылар мен оны қол­даушылар, жергілікті билік органдары кінәлі деп есептеймін.

– Көркем әдебиеттің оқылуы үшін не істеу қажет?

– Біріншіден, шығармадағы оқи­ға желісі оқырманды жалықтырып алмауға тиіс. Екіншіден, әдебиетке жас­тарды алып келу керек. Жастардың әдебиетке келуін күткелі, міне, қан­ша уақыт өтті, ешқандай нәтиже шы­ғып жатқан жоқ. Бұл өте өкінішті. Шын өнермен бетпе-бет кездескенде адам­ның танымы, түсінігі, ойлауы қайта туғандай өзгереді. Және жастардың көп­шілігі сыни көзқараста ойлай алар болса, әлем әдебиетінде талай жаңа­лықтар орын алар еді.

– Оқырманды қалай жалық­ты­рып алмауға болады?

– Қазір барша елдің сатылымында ең бірінші орынды смартфондар алып тұр. Кітап емес, ұялы теле­фондар. Меніңше, халыққа айфон қалай сатылса, кітаптың да жарнамасы сол деңгейде болғаны жөн. Ал кітап – оқырманының қызығушылығын арттыру үшін жазылған шығарма қызығып оқитындай көркем болсын. Әрі оған тарих пен аңыздың сюжеттері керек. Әсіресе қазіргі қо­ғамның түсінігіне сай заманауи тарихи аңыздар. Қысқасын айтқанда, ХХІ ғасыр кітап оқуды сәнге айналдырса деймін.

– Ал өзіңіз осы мақсатта қандай жұмыстар атқарып жүрсіз?

– Өзімнің ұйымдастыруыммен жеке сайт жасадық. Онда жастарды мәдени және демалыс орындары­на, мейманханаларға кітап оқуға шақы­рып, суретке түсіріп, оны сол сайтқа жариялаймыз. Өзгелерге қызығушылық тудыру мақсатында кейде атақты адам­дарды да қатыстырып жатамыз. Бұл – жұмысымның бір қыры. Кітапты басып шығарушы баспагерлермен қоян-қолтық араласып тұра­мын. Әр кітаптың ішкі-сыртқы дизайнын, пішінін заманауи талапқа сай орындауға атсалысамын.

– Авардың халық ақыны Расул Ғамзатов: «Аптасына бір өлең оқы­ған адам – азамат, күніне бір өлең оқыған адам – ақын», деген екен. Кітапты көп оқитын боларсыз?

– Ойлап қарасам, кітап оқымаған күнім жоқ сияқты.

– Қай жанрды қалайсыз?

– Көбіне роман оқығанды ұната­мын.

– Қазақ шығармаларынан оқы­ғандарыңыз бар ма?

– Аударманың жоқтығынан сіздер­дің әдебиетпен таныс емеспін. Бірақ сіздерде өткен әдеби форумдарда қазақ авторларын неміс тіліне аудару мәсе­лесі көтерілді. Алдағы уақытта қазақ кітап­тарын қолыма алып қалуым мүмкін.

– Әлем әдебиетінен кімдерді сүйіп оқисыз?

– Орыс әдебиетінен Л.Толстойдың, Ф.Достоевскийдің, Н.Гогольдің шы­ғармаларымен жақсы таныспын. Біз­дің халық классиканы оқығанды ұнатқандықтан болар, мен ғана емес, бұл жазушылардың шығармашылығынан Аустриялықтардың да хабары бар.

– Аустриялық қаламгерлер туралы не айтасыз?

– Аустриялық жазушылар жұрт­шылыққа кең танымал десем болады. Оларға еңбектері үшін мемлекеттен арнайы қаржы бөлініп отыр. Және жас қаламгерлердің де бір шоғыры қалыптасқан. Олар өте белсенді және еңбекқор. Эльфрида Елинектің 2004 жылы Нобель сыйлығын иеленуі елімізде әдеби ахуалдың реттелуіне көп әсер етті. Сол уақыттан бері қоғам­да әдебиетке деген көзқарас біршама өзгергендей.

– Қай шығарманы оқуды ұсынар едіңіз?

– Йозеф Рот, Стефан Цвейг және Харуки Муракамиді айта аламын. Әлем әдебиетінде қарап тұрсаңыз, жазушы да, шығарма да көп. Көптің ішінен қайсысын суырып аларыңды кейде білмей жатамыз. Сол үшін әр адамға оқушылық талғам керек. Кез келген кітапты ашып, оқи беруге болмайды. Оқиға желісі ерекше немесе жазылу тарихы қызықты шығармалар кездесіп жатады. Осы орайда мына бір әңгіме есіме түсіп отыр: Оскар Уальд Жорис Карл Гюисманстың «Наоборот» романын оқып болған соң, өзінің «Дориан Грей» шығармасын (роман) жазуға кіріскен екен. Міне, бұл әдебиетте авторлардың бір-біріне ықпалы күшті екенін байқатса керек.

– Әңгімеңізге рахмет!