Егемен Қазақстан • 29 Қаңтар, 2024

Наурыз – елдік дәстүр негізі

560 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында: «Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін», деп айтқан еді.
Осы орайда қоғамды тұтастандырудың салмақты өзегі, ұлттық бірлік пен татулықтың айрықша арқауы – Наурыз мейрамын жаңаша сипатта атап өтудің жолын кеңесу мақсатында білікті мамандарды шақырдық.
«Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы модераторлық еткен бұл жиынға этнолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Amanat» партиясы фракция жетекшісінің орынбасары Жұлдыз Сүлеймен, нау­рызтанушы Серік Ерғали, Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі Шерзод Пулатов, Р. Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының көркемдік жетекшісі Ерлан Рысқали, «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының жетекшісі Жасұлан Наурызбайұлы қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Басқосуда мына мәселелер көтерілді: Наурызды қазіргі заман форматына сай қоғамның тұтастығы мен бірлігіне қызмет ететіндей ұйымдастырудың жолы қандай? Наурыз мейрамының мазмұнын салт-дәстүрді, елдік, этностық құндылықтарды насихаттаумен бірге немен толықтыруға болады? Наурызға қатысты өңірлік ерекшеліктерді біріздендіру, нормалау туралы пікіріңіз. Наурыз мейрамын еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің ынтымағына, берекесіне айналдырудың тетігі. Наурыздың мазмұны – «татулық мейрамы», осы үрдісті елдік дәстүр деңгейіне көтерудің маңызы. Кеңестік идеологияның Наурыз мейрамын шектеуінің астарында дербестік, демократиялық негізді көргені байқалады, ендеше бүгінгі санадағы түрлі қиындықты сауықтыруға, саламаттандыруға Наурыз құндылықтарын пайдаланудың жолы қайсы?

Наурыз – елдік дәстүр негізі

вап

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

 – Қадірлі қонақтар! Бүгін сіздер­дің қатысуларыңызбен халқымыздың мыңдаған жылғы дәстүрінің арқауы Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы туралы пікір алмасуды жөн көрдік. Мемлекет басшысы таяудағы бағдарламалы сұхбатында айтқандай, «Наурыз – елдіктің дәстүрі, жаңару мен жаңғырудың рәмізі». Қазір заман өзгерді, соған байланысты қо­ғам­дық сұраныс та жаңарды. Олай болса, Наурызды жаңаша тойлауды қатардағы бұқарадан бастап, маман ғалым-этнологтерге дейін көтеріп отыр. Бұдан мемлекеттік деңгейдегі мәдени ұйымдар, ғылыми мекемелер қалыс қалмауға тиіс. Өйткені әрбір мәдени іс-шараның ғылыми негізі мен ұйымдастырылу жүйесі нақтылануы керек. Жаңашыл Наурыз мерекесі жалпыұлттық бірегейлік пен ортақ дәстүрге негізделгені дұрыс. Яғни Наурыз мейрамының ел бірлігін нығайтуға ықпал етуі маңызды. Осы тұрғыдан ой-пікірлеріңізді тыңдасақ.

 

р

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕН:

 – Бүгінгі басқосудың маңызы зор. Өйткені өте өзекті мәселе тал­қыланып отыр. Расын айтқанда, қа­зіргі жаһандану кезеңі қоғам дамуының дәстүрлі заңдылықтарын өзгертті, оның ішінде әлеуметтік және экономикалық қатынастар жаңа сапаға көтерілді. Сондықтан өмір­дің лезде өзгеріп жатқан жылдам ырғағы саяси, әлеуметтік, мәдени қатынастарды бүгінгі кезеңнің негізгі ұстанымдарына қайта қарауды талап етеді. Біз ертеңгі күнімізді ойласақ, еліміздің мәдени болашағына байланысты ғылыми зерттеу болжамын жасауымыз қажет. Күн тәртібіндегі Наурыз мерекесі қоғамның ынты­мақтасуының, бірлігінің факторы болатындығына жаңаша нақты зерттеу жүргізіп, мемлекетшіл көзқарас қалыптастырып, дамыту шарт.

Жаһандану үдерісі, техноло­гия­лар­дың үздіксіз дамуы, жаңа медиа, интернет, тіпті жасанды интеллект мемлекетіміздің алдына жаңа саяси, әлеуметтік мәдени талап қойып отыр. Мұның реңі жыл өткен сайын жаңаша қалып­тасып, жаңаша дамыды. Сон­дықтан жаһандану үдерісі, оның ішінде әлеуметтік желілер өміріміздің құрамдас бөлігіне айналған кезеңінде оның міндеттерін ескермеу мүмкін емес. Ендігі Наурыз мейрамын мерекелеуде мына факторларға мән беруіміз қажет. Наурыз – еңбектің мерекесі, еңбек адамының мерекесі. Наурыз ескіден арылып, жаңа жолға түсудің, жаңаша дамудың, жаңаша ізденудің жолы екенін білім мазмұны тұжырымдамасына енгізу маңызды. Ең бастысы, Наурыз мерекесі – хал­қы­мыздың мәдени бірлігін қалып­тас­тырушы фактор ретінде ортақ құндылық, сондықтан оны білім, мә­дениет, ақпарат саласы арқылы наси­хат жоспарын құру шарт. Мұны мереке­леудің концептуалды конс­­трук­циясынан бөлек шынайы қа­за­қы болмыстың, табиғаттың, күн мен түннің теңесуінің, жас­тар­дың арасында өте құнды минимализм, экологиялық мәдениет, ысы­рап­шылдықтан арылу т.б. мереке мазмұнына мәні жоғары деп ойлаймын. Сондай-ақ еліміздегі түрлі этникалық топтардың қазақ ұлтына үйлесуінің, сол арқылы тұтас ұлт ретінде қалыптасудың формуласы осы мерекеде деп білемін. Бұл жерде қазақы кеңдік, мейірімділік философиясын азаматтардың өмірлік ұстанымына, мінез-құлқына айналдыру өзекті. Мысалы, әйгілі депортация кезеңіндегі қазақтың әлсізді қолдауы, бір үзім нанды бөліп, төрі­нен орын беруі бұрынғыдай тек 1 мамырда емес, осы Наурыз мерекесінің мазмұнында көрініс тапса игі дейміз. Сол арқылы кең болуымыз, мейірім­ділік, кішіпейілділік, ізеттілік секілді ұлттық құндылық­тар­дың жалпы­ұлт­тық ұстанымға айналуының жаңа форматы орнығады.

 

аып

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ:

– Бұл – көптен бері қоғамды ойландырып жүрген дүние. Өз басым, Наурыз мейрамы хақында осыған дейін біраз зерттеп, қалам тербедім. Есте болатын дүние – Наурыздың түбін парсы мәдениетіне телиміз. Қате. Ақиқатында, бұл мей­рам қола дәуірінде парсыларға біз­дің жақтан барды. Сөйтіп, бұл мереке иран-тұрандық сипат алды. Кейін еуропалық славян мәдениетіне ықпалы тиді. Оның сыртында жал­пы адамзат баласы жылдың жа­ңару мезгілі көктемді қарсы алу дәстүрі ежелден бар. Мәшһүр Жүсіп Наурызды Нұх пайғамбар заманына теліп түсіндіруі де осы үрдіс негізінен алынған болуы мүмкін. Бұл кезең – жаңа тас дәуірінің неолит кезеңі. Демек бұл мейрамның 12-13 мың жыл тарихы бар.

Ал бүгінгі басты мәселе – Наурыз мейрамын ұлттық дәстүрлі таным-түсінік тұрғысынан жаңғырту. Бұған дейін оны тұсаукесер, беташар, бесікке салу сияқты тағы басқа ғұ­рып­тық дәстүрлерді еске түсіретін рәсім ретінде тойлап келдік. Бұл ескірді. Оның сыртында көнеден келе жатқан ұғым «Ұлыстың ұлы күні» деген бар. Ұлыс дегеніміз – мемлекет. Яғни бұл атауды «Мемлекеттің ұлы күні» деп тәпсірлейміз. Бұл атау­ды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықтың миына сіңіру керек. Сонымен қатар «Наурыз айтыс­ты» жаңғыртып мейрамның рухани болмысын насихаттаған жөн.

Келесі кезекте есте болатын жайт – бұл мейрамды мемлекет қолға алуы керек. Арнайы толық жүйеленген бағдарлама, тұжырым жасалуы керек. Әйтпесе қазіргі таңдағы жұпы­ны бұқаралық сипаттан аспай қалып қояды. Сол сияқты наурыз мейра­мының басты атрибуттарының бірі – көрісу дәстүрі. Бұны еліміздің батыс өңіріне тән құбылыс ретінде түсініп жүрміз. Осы дәстүрді өңірлік емес жалпыұлттық деңгейге көтерген дұ­рыс. Өйткені «Көрісу» дәстүрінің ас­тарында «тәубаға келу», «жаңару» сияқты кемел түсініктер жатыр.

Тағы бір қажетті дүние – қала-кенттерімізде үлкен қалалардағы жаңа жыл сияқты Наурыз рәміздері жетіс­пейді. Бұған қазір осы мейрамның ерекше белгісі болып жүрген «Қыдыр ата» жарамайды. Бұл қолдан жасаған Аяз атаны еске түсіреді.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

 – Жамбыл Омарұлының мына пайымынан соң Наурыз мейра­мының мазмұнын толықтыруға бай­ланысты ой айтсаңыздар деген өтінішіміз бар.

 

уфке

Серік ЕРҒАЛИ:

 – Еліміздің бас басылымы ұйым­дас­тырып отырған іс-шараның маңызы зор. Бұл уақыт тұрғысынан да өте керек. Жақында осы тақырыпта Мәдениет және ақпарат вице-ми­нистрінің қатысуымен пікір алмасу өтті. Алда осындай талқылаулар жалғасса дейміз. Елімізде Наурыз мейрамы 1988 жылдан бастап, тойланып келеді. Бірақ оның мерекелік үрдісі мен белгілері жаңармай-ақ қойды. Тіпті қазір жұртшылық одан жалығатын күйге жетті. Яғни Нау­рыз – бұқаралық мейрам емес, этнографиялық көрініске айналды. Біз оны жалпыұлттық сипатқа көтере алмадық. Сол себепті Президентіміз тарапынан мейрамның маңызын арттырып, оның рухани қуатын заманауи жаңғырту туралы айтылып отырғаны өте дұрыс.

Яғни Мемлекет басшысының ұсы­нысын іске асырудың бір жолы – Наурыз мейрамын этнографиялық сипаттама мен сахналық көрініс етуден қашып, азаматтық мейрам мен тартымды салтқа халықты үйіретін және де наурыздық танымдар мен атрибуттарды үйлестіріп, адамдардың өздері кірісетін іс-шараға айналдырған дұрыс. Бұған дейінгі сахналық қо­йы­лымдардан ада ету, еркін де ерікті бас­тамаларға бастайтын, бірақ нау­рыз­дық дәстүрге кірігетін және заманауи, жастар қызығатын, формасы жаңа, мазмұны қазақы-түркілік танымдық әрекеттерді ұйымдастыру қажет.

Мемлекеттік мерекені этно­көрі­ніс­тер­мен жалықтыру – ха­лық­тың Нау­рыз мейрамына деген кері әсерін туғы­зады. Бұл мереке жалпы халыққа тар­тымды форматта, маз­мұны ұлттық танымға әсерлі болуы керек.

Шын мәнінде, жаңашыл мейрам бірыңғай этноқұндылықтарды насихаттаудың құралы емес екенін түсінуіміз қажет. Біз осы қасаңдықтан арылмай, Наурызды тартымды мереке ете алмайтынымыз өз алдына, елге ұнамды ету жолын таба ал­май­мыз. Бір сөзбен айтқанда, Наурыз – этностық мереке емес, жал­пы­қа­зақстандық, мемлекеттік мереке еке­нін ұғындыратын форматтағы іс-шараны қолға алып, үйлестіруіміз керек.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

 – Қазір бізде Наурыз мейрамын қарсы алуда түрлі сипат бар. Бір мемлекет болған соң, мереке шарты да бір, норма да бір өрілгені жөн. Бұл – бұлжымайтын қағидат. Мысалы, батыс өңірінде «амал мерекесі» немесе «көрісу күні» деген бар. Тіпті кейбір саяси қайраткерлер, жауапты орындар тарапынан «14 наурыз – көрісу күні» мемлекеттік мереке болсын деген ұсыныс та айтылды. Сонда бір Наурызға түрлі атау беру дұрыс па? Осы мерекедегі бірізділік туралы не айтар едіңіздер?

Серік ЕРҒАЛИ:

– Бірден айтайық: 14 наурыз – мүшелдік жыл басы. «Амал келді – жыл келді» деп жүргеніміз – осы. Дихан мырза, сіз айтқандай, мемлекет бір ғана датаға бағыну керек. Менің пайымдауымша, «14 наурыз – жыл басы» болуға тиіс. Ал 22 нау­рыз – мейрамның қорытынды күні. Ертеде бабаларымыз наурыздың 14-і мен 22-сі аралығында атап өткен. Бұл туралы Мәшһүр Жүсіп жазбаларында бар. Меніңше, 14 наурызға «жыл басы» мәртебесін беруміз керек. Бұны реттеудің жолы – үш күн тойлайтын Наурыз мерекесінің бір күнін 14-іне ауыстырып, мәртебе беруге негіз бар.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

– Серік мырза, сіз айтып отырған мейрамның даталық өзгерістерін қазіргі қолданыстағы Григориан күнтізбемен қалай реттейміз? Оны да ойланған жөн сияқты. Келесі кезекте Наурыз мейрамының рухани-мәдени мәртебесіне ойыссақ. Бұл күллі этносты біріктіретін тетік болуы қажет деген орайлы пікір айтылып отыр. Осыған қандай ой қосасыздар?

 

внег

Ерлан РЫСҚАЛИ:

– Наурыз мейрамын жаңарту, жаңғырту туралы Мемлекет басшысы орынды айтты. Шындығында, Наурызды атап өтудің жүйелі тұжырымдамасы жоқ. Әр өңір, мекеме әртүрлі атап өтеді. Бұл тұрғыдан бұқараны кінәлаудан аулақпыз. Бірақ уақыт өтіп барады, ес жиып, түзелетін кез келді. Бірақ осындай ұлттық мерекелерге жалпыхалықтық маңыз беру, дәстүрден гөрі ақшаны көп ойлайтын адамдарға тапсырылады да, мәдени шара ұлттық бояуын жоғалтып жатады. Біз Еуропаны да көріп жүрміз. Мерекелік шара шынайы, ақылға және дәстүрге құрылса, Батыс талғамы шіләпасын алып, бас иеді...

Екіншіден, Серік Ерғали мырза айтқан «Наурыз мейрамы – халық жаппай қатысатын ортақ мереке сипатынан айырылып, қалың бұқара тек көрермен ретінде тамашалайтын күйге жетті» деген пайым өте өзекті. Алдағы уақытта мейрамды ұйымдастырушылар осыны ескеруге тиіс.

Осы орайда Роза Бағланова атын­дағы «Қазақконцерт» мемле­кет­тік академиялық концерттік ұйымы Мемлекет басшысы айтқан үрдісті жандандыру үшін – Наурыз айының 22-сінен бастап, 28-іне дейін «Наурыз – думан» атты апталық мәдени іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр. Бұған «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы, «Астана мюзикл» мемлекеттік театры, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестріне қарасты өнер бөлімдері қатысады.

Ал бүгінгі талқыланған тақырыпқа ойыссақ, Наурыз мейрамы – тек қазақ ұлтының маңдайына жазылған дүние емес. Жоғарыда профессор Жамбыл Артықбаев айтқан адамзаттық сипатқа ие мейрам. Демек алдағы уақытта бұл мерекенің рухани-қоғамдық сипаты да осы тұрғыдан ойластырылуы қажет. Бұл іске еліміздегі барлық ақпарат құралдары, мәдени мекемелер, саяси ұйымдар, билік бұтақтары жаппай жұмылғаны жөн. Болашақта этнолог ғалымдармен ақылдаса отырып, қазіргі мейрамның тетігі ретінде қалыптасқан жадағай тұрмыстық көрі­ністерді алып тастап, күллі адам­затқа ортақ, бергі жағын айтар бол­сақ, барлық Қазақстан азаматын тұтас­тандыратын құндылықтарды енгізген дұрыс. Ол үшін сапалы бейнетүсірілімдер, телекөпір т.б. жобалар жасалса, ең бастысы, мейрамның рухани өзегі – адам баласы бір-бірін сыйлайтын, құрметтейтін, қадір тұта­тын ұғымдар негізінде қаланса деймін.

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕН:

 – Технологиялар және жаңа медиа дамыған заманда барлық азаматтар, оның ішінде білім саласының үздіктері, ғалымдар, жас жазушылар, ақындар, зиялы қоғамдастық өкілдері, инженерлер, дәрігерлер, диқандар, сол секілді қарапайым шаруа, кәсіп адамдары Наурыз мерекесін насихаттаса, мерекемен құттықтаса, шынайы еңбек адамының мәртебесін бағалауды насихаттау болар еді. Ең үлкен мәселе – біз экономикалық-ма­­териалдық құндылықтардан бө­лек ин­тел­лектуалдық дамуды, бі­лім жи­нақтауды, жеке бір сала­ның кә­сі­би білгір маманы болуды, кә­сіпті мықтап игеруді басымдық ретінде насихаттауға көшуіміз қажет. Сол кезде ғана еңбекті бағалау, қара­пайым еңбек адамын құрметтеу ар­қы­лы Наурыз мерекесінде еңбек құн­­дылығы аясында жастарды бірік­тіруге мүмкіндік болар еді.

 

вку

Шерзод ПУЛАТОВ:

– Бүгін аса маңызды тақырып талқыланып отыр. Наурыз мейрамы бұған дейін елімізде қазақ ұлтымен бірге өзбек, түрік, қырғыз, тәжік, түрікмен қатарлы этнос өкілдерінің қатысуымен тойланып келеді. Қалған ұлттар қонақ ретінде сыйланады. Бұл дұрыс емес. Менің ойымша, Наурыз мейрамынан ешкім қалыс қалмауы керек. Сондай-ақ бұл мейрамда Қазақстанды Отаным деп таныған басқа ұлттардың дәстүрі, арман-мұраты, кәсібі мен өмір сүру әдебі толық көрініс тапқаны орынды. Олар өздерін еліміздің толыққанды азаматы ретінде сезінуі керек.

Өзіміздің көрші мемлекет әрі туысқан ел Өзбекстанда Наурыз мейрамы 20 наурыз күні жалпытүркілік деңгейде атап өтіледі. Оған түркі дү­ниесі басшылары немесе әлемге танымал беделді мәдениет қайрат­керлері шақырылады. Мысалы, жыл сайын оңтүстік өңірдегі қазақ-өзбек ағайындар Ташкенттегі Наурыз мере­кесіне қонақ болып барады. Мере­келік қойылымдар үлкен сахналарда өтеді.

Осы орайда жеке ұсынысым: Наурыз мейрамы тек тоймен шек­телмей, түркі дүниесіне таныс ғұлама­лардың басын қосатын, келелі кеңес өткізетін зор ғылыми конферен­ция­лардың өтуіне мұрындық болса деймін. Сондай-ақ құнды қол­жазба, көне кітаптардың көрмесі ұйымдастырылса, музейлердегі жәді­герлер көрсетілсе, түркі дүниесі бас­­пасөз қызметкерлерінің пікір алмасу ала­ңы ашылса, бір сөзбен айт­қанда, мә­дени-рухани тоғысулар болса деген пікір бар. Бұның түркілік қауым­ды біріктіруге пайдасы тиер деген үміт басым.

 

вап

Жасұлан НАУРЫЗБАЙҰЛЫ:

– Мемлекет басшысы қай кезде де еліміздегі мерекелік күндерді атап өтуде «той тойлаудан гөрі, ой ойлау маңызды» дегенді баса айтады. Біз Наурыз мерекесін атап өтерде осы сөздің маңызына мән бергеніміз жөн. Ұлыстың ұлы күнін жасандылық пен науқаншылықтан ада етіп, маз­мұнды іс-шараларды халықпен бірге атқарайық. Бұл мерекеде ұлттық құндылықтарымызға, соның ішінде сан ғасырдан үзілмей келе жатқан ән мен күйімізге басымдық берілуі керек. Бір өкініштісі, бүгінге дейін біз ұлттық өнеріміз ұрпақ тәрбиелейтін құрал екенін сезінбей келеміз. Тарихымызға қарасақ, халқымыздың басынан қилы оқиғалар өтті. Соның бәрі ұрпақтан -ұрпаққа ұлттық өнер арқылы жетті. Қысқасы, бар құндылықты өнерден табамыз. Ендеше 14 наурыздан 23 наурызға дейін жалғасатын Наурыз мерекесінде осы ұлттық өнеріміз орайымен көрініс табуы қажет. Сондай-ақ бұрын бабаларымыз бұл мейрамды қалай атап өтті, соның бәрін бүгінгі заманға лайықтап, елдің жадына сіңіретіндей түсіндіру жұмысын жүргізейік. Бір сөзбен айтқанда, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, балаларды қуанту  Наурыздың негізі шартының бірі болса деймін.

Ерлан РЫСҚАЛИ:

 – Наурызды қалай тойлау керек дегенде алдағы уақытта тағы бас қосып, осыған жауапты мамандарды, ғалымдарды, өнерпаздарды шақырып, алқалы жиын өткізсек болар еді. Өйткені мерекені өткізудің жалпы бағдарламасын құруымыз қажет. Бағдарламада қазақ жерінде өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкіл­де­рінің де төл құндылықтарын дә­ріптейтін мәдени іс-шаралары көр­сетілгені жөн. Жалпы, кәсіби өнер­паздар қатысатын концертті өткізу оңай емес. Оның өтетін орны соған лайықты ма? Егер олар ашық алаңда концерт қойса, соған жағдай жасалуы қажет. Соны қолында билігі бар азаматтармен талқылап, шешіп алсақ. Мұның көптеген себебі бар. Мәселен, кәсіби өнерпаздардың дені шоу дүниеге дайын емес. Бұрынғы сал-серілер кез келген ортада өнер көрсетті. Өкінішке қарай, біз бойы­мыз­ға басқа мәдениетті сіңірдік. Сондықтан бұған музыканттарды психологиялық жағынан дайындауы­мыз керек.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

 – Наурыз мейрамының рухани-идеологиялық мазмұны – «татулық мейрамы». Бұл күні ренжіскендер тату­ласады, өкпелескендер кешірі­седі. Осы тетікті елдік дәстүр дең­гейіне көтеруге бола ма?

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ:

– Кез келген мемлекетте халықтың татулығы өте маңызды. Осыдан екі-үш күн бұрын Этносаяси зерттеулер институтымен бірігіп, ұлт ұйыстыру туралы 100 бетті қамтыған бір еңбек жаздым. Бұл идеяны 1991 жылдан бастағасы келетіндер де бар. Халқымызда баяғыдан келе жатқан баталасу дәстүрі бар. Бұл – ұлт ұйыстыру саясатының бір тетігі. Ертеде қазақтың тайпалары мен рулары жиналып, ант беріп, баталасып, ел болды. Оған жүздеген мысал келтіруге болады. Наурыз мерекесінде осы дәстүрді қайта жаңғыртсақ, артық болмайды. Өйткені елімізде бірталай этнос өкілі тұрады. Қысқасы, Ұлыстың ұлы күнінде баталасуды көтеруіміз керек. Елдің татулығын осылай сақтауға болады. Қазір біздің халқымызда тұрмыстық зорлық-зомбылық, түрлі кикілжің көбейіп барады. Біз әуелден кеңпейіл, дарқан халық едік. Құшағымызға барлығын тарттық. Солай өмір сүріп келдік.

енг

Осыдан екі-үш жыл бұрын Мәде­ниет министрілігіне оңтүстік өңірде ғана бар «Ләпар» деген дәстүрді қайта көтерейік деп бір ұсынысымды айттым.

Бұл дәстүр сол өлкеде жақсы сақ­талған. Түркістан мен Шымкент қала­сының маңайында ескі елді мекендер көп орналасқан. Жалпы, оңтүстік жұрты ежелден отырықшылыққа бейім екені аян. Солар құрған өнер ұжымдары бар. Соларды Наурыз мерекесінде солтүстік облыстар ша­қы­рып, араласса қандай ғажап болар еді. Ел мен ел, өнер мен өнер қауышып, мәре-сәре күй кешеді. Осы дәстүрді солтүстік өңірде жаңғыр­туды ойластыру қажет.

Серік ЕРҒАЛИ:

 – Меніңше, Наурыздың дәстүрі өзіне толық жетеді. Мысалы, қазақ­та «Алтыбақан» деген ойын бар. Негізі ол ойын емес. Күн мен түннің теңелуіне арналған маятник. Қыз дегенің – ай, жігіт дегенің – күн. Мысалы, алтыбақан кешқұрым құ­рылады да, таң атқанша тербеледі. Неге? Таңды қарсы алған. Мысалы, наурыздың 21-інен 22-сіне қараған түннен бас таңды қарсы алуға болады. Рим тарихшысы өз еңбегінде: «Сақтар бас таңды қарсы алғанда 60 баланы қызыл мауытқа киіндіріп, тоғыз күй тартқан», деп жазыпты. Көрнекті этнограф Жағда Бабалықұлы қытайдың көне еңбектерінде: «Ғұндардың қағаны бас таңды қарсы алғанда тоғыз күй орындалды», деп жазғанын айтады. Бас таң деп күн мен түннің теңелгенін айтамыз. Наурыздың үш қағидасы бар: жеті дәм, жеті үн, жеті өң. Жеті дәм нау­рыз көжеден басталады.

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕН:

 – Байқасаңыздар, Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтарын жыл сайын Көрісу күнімен құттықтайды. Президентіміз бұл мерекені елдік пен ынтымаққа шақыратын мейрам деп, ұлтымыздың бауырмалдық салтының жарқын көрінісі деп айтады. Келген жылдың берекелі болуын тілейді. Себебі бұл мерекеде береке мен ынтымақтасудың нақты өзегі бар. Адамның адаммен, жылдың жылмен көрісіп, қауышқан шағы. Батыс өңірінің тумасы ретінде «Көрісу күні» мерекесінің орны басқа мерекеден ерекше екендігін айтқым келеді. Бала кезімізден есте қалғаны бәрі табиғатты аялаумен байланыс­ты. Иә, үлкенге құрмет, кішіге ізет танытудың жаңа әдісі болар еді.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

 – Секе, ескі газеттерде «жыл басы – 9 нау­рыз» деген де дерек бар деп қалдыңыз. Онда батыс өңірі мейрамды неге 14 наурыздан бастап тойлайды?

Серік ЕРҒАЛИ:

 – Күн мен түннің теңелуі мен мүшелдік жыл басы бөлек. Екеуі бір-біріне сәйкес келмейді. 90 күн болған қыс мезгілі 13 наурызда шығып, 14 наурызда көктем кіреді. Көктемнің алғашқы күні – жаңа жыл. Бұл туралы көп мысал келтіруге болады. Мәселен, Шәкәрімнің ұлы Ахат ақсақал өз күнделігінде: «Әкем айтты, бүгін ескіше 1 март, жаңаша 14 март. Қазақша жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні», деп жазған. Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың наурыздамасында болған той мереке қызығы Бұхар мен Қоқанда да болмаған. Үйсін Төле бидің заманында наурыздаманың қадірі астан, тойдан ілгері болады екен», депті. Хакім Абайдың «Жазғытұрым» аты өлеңінде көрісу туралы айтады. Ахмет Байтұрсынұлының да бір өлеңінде осындай мысалды кездес­тіреміз.

Ал, 9 наурыз – юлиан күнтізбесі бойынша белгіленген күн.

Жасұлан НАУРЫЗБАЙҰЛЫ:

– Әсіресе Маңғыстауда 14 нау­рыздан бастап «Көрісу күні» деп үлкендерге сәлем беріп, ақсақалдың батасын алып, ән шырқалып, күй шертіліп, бір дастарқанда бас қо­сып, Отпантау биігінде атап өтеді. Жалпы, бұл – сол өңірде қалып­тас­қан аймаққа мәлім дәстүр. Былтыр Наурызда «Қазақконцерттің» ұйым­­дас­тыруымен «Ел бірлігі – жаңа Қазақстан» жобасы аясында гас­трөлдік сапармен барып, осы мере­кенің куәсі болдық. Бұл дәстүрді сақтап, бүгінге жеткізген Маңғыстау жұртына зор алғысымды айтамын. Байтақ қазақ даласының әр өңіріндегі халық дүркіретіп атап өтпесе де, Ұлыстың ұлы күні 14-інен бастау алатынын, осы күнде маңыз бар екенін біледі. Мен туып-өскен Жаңаарқа жұрты осы күнде бір-біріне жақсы сөзін арнап, сол күннің райымен алдағы күндерді болжап жататын. Осы дәстүрді біріздендіріп әр күнге ат қойып, айдар тағып жалпы ел болып қайта жаңғыртқан жөн.

Ерлан РЫСҚАЛИ:

 – Наурыз мерекесін Қазақстан халқын біріктіретін күшке айналдыру керек десек, барлық іс-шара мемлекеттік тілде өтуі керек. Шын мәнінде, мемлекеттік тіл тұғырға көтерілгенде біз ұйысамыз.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

 – Құрметті әріптестер, бүгін қазақ басылымдарының қара шаңы­ра­ғына келіп, Наурыз мереке­сін жаңаша өткізудің сипаты туралы ой-пікірлеріңізді ортаға салған­дарыңызға ризашылық білдіреміз. Бұл тақырыпты алдын ала көтеріп отырғанымыздың себебі де бар. Өйткені жұртшылық осы мерекенің жаңашыл мұратымен танысып, құ­лақтана берсін дейміз. Сонда бұл ха­лықтық мейрамға, халықтың ой-пікіріне баспалдақ болады.

 

Дөңгелек үстелді дайындағандар –

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

Азамат ЕСЕНЖОЛ,

«Egemen Qazaqstan»