Өнер • 30 Қаңтар, 2024

Үндістанға барып, үндерін бауратып келді

557 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Ақан сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының эстрадалық-симфониялық оркестрі Үндістан еліне барып, оның Мумбай, Дели, Банголор, Майсори деген қалаларына гастрольдік сапарға шығып, қазақ өнерінің табыстарын көрсетіп келді. Біз осы ұжымның директоры Ботагөз Ақмағамбетоваға жолығып әңгімелескен едік.

Үндістанға барып, үндерін бауратып келді

Оның айтуына қарағанда, гастрольдік сапардың ұйымдастырылуына Үндістанның Қазақстандағы елшісі доктор Нагендра Прасат мырза ұйытқы болған. Ол Петропавлға келген сапарында Астанадағы үнді мәдени орталығымен байланысып, филармонияда олардың билерін, иога өнерін үйреніп жүрген қызылжарлық жастарға риза болып, өнерлі жастардың Үндістанға да барып, өнерлерін көрсетуі туралы ұсыныс жасапты.

Жаңа жылдан кейін Астананың 35 адамдық камералық хоры да Үндістанға бара жатқанын білген соң біздің филармония ұжымы да солармен бірге гастрольдік сапарға шығады. Үндістан елінде олардың көлік, тамақ шығындарын қарсы алушы жақ көтерген.

«35 адамдық оркестрдің жолсапарына жететін қаражатты өздерінің ақылы қызметтерінен түскен қаражат әрі әкімдіктің қолдауымен таптық. Дирижеріміз Алмас Мұхитдиновты топтың жетекшілігіне тағайындадық. Әр қалада бір реттен концерт қойдық. Оны домбырашымыз Асхат Галиев ашып отырды. Екі шекті домбырадан осыншалық керемет әуен төгілгені үнділіктерді таң қалдырғанын көріп, шаттанып отырдық. Флейташы қызымыз Тамара Порфирьеваның өнеріне де көрермендер барынша риза болды. Басқа да ән-күйлеріміз, музыкалық орындауларымыз көрермендерді әбден риза қылды. Үнділер біздің өнерпаздардан мұндайды күтпеген сияқты, барынша таң қалып, қол соқты. Мумбай қаласында осындағы үлкен симфониялық оркестрге жетекшілік етіп жүрген жерлесіміз Марат Бейсенғалиевпен де кездестік. Біздің концерттерімізге үнділік әншілер мен бишілер де қосылып отырды. Мумбай қаласында Лакшминарян атты өздерінің музыкалық фестиваліне біздің өнерпаздарымыз қонақ ретінде қатысып, өнерлерін көрсетті. Газеттер біздің өнерпаздарымыз туралы «әлемдік дәрежедегі оркестр» деп мақтап жазғандарына қатты қуандық», деді ол.

Ми
Қазақ өнерпаздарды қазақ, орыс, Еуропа елдері және үндінің кең тараған композиторларының шығармаларын орындаған.
Сөйтіп, үнді халқының өнер сүйер қауымы Қазақстан өнерімен кеңінен танысып, оның жетістерін көріп, музыкантардың ұлттық және әлемдік аспаптармен шебер ойнайтындығына тәнті болған. Шын мәнінде «музыкада шекара жоқ» деген осы шығар.