Теннис • 31 Қаңтар, 2024

Рыбакина екі сатыға төмендеді

90 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мельбурнде өткен Аустралияның ашық біріншілігі аяқталған бетте теннис­­шілердің әлемдік рейтингі қайта жаңартылды.

Рыбакина екі сатыға төмендеді

Әйелдер арасындағы турнирде топ жарған беларусь Арина Соболенко өзінің бұрынғы екінші орнын сақтап қалды. Көш басында – әлі де Ига Швентек. Польша теннисшісі Мельбурнде үшінші айналымнан аса алмаған еді. Осыған дейін үздік үштіктің қатарында жүрген Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина жасыл құрлықтағы сәтсіздіктен кейін бесінші сатыға сырғып түсті. АҚШ-тың қос жұлдызы – Кори Гауфф пен Джессика Пегула оның алдын орады. Сондай-ақ Онс Жабер (Тунис), Чжэн Циньвэнь (Қытай), Мар­кета Вондроушова (Чехия), Мария Саккари (Грекия) және Каролина Мухова (Чехия) ТОП-10 ойыншының қатарына еніп отыр.

Жаңартылған рейтингте Қазақстанның өзге бұрымдылары мынадай сатыларға жай­ғасты: Юлия Путинцева – 70, Жібек Құлам­баева – 490, Гозаль Айнитдинова – 745, Аружан Сағандықова – 793 және Анна Данилина – 909-орында.