– Сіз қазақ тіліндегі дыбыстық хабарламаны мәтінге айналдыратын қосымша жасап шыққан едіңіз. Бұл жоба қалай әзірленді? Қазір жұмысы қалай дамып жатыр?
– Дауысты мәтінге айналдыру жүйесін жасап шыққанымызға 2 жылдай болды. Жобамыз ашық жүйеде жұмыс істеп тұр. Қолданысқа ие болып жатыр. Кейінірек оның транскрипция жасайтын нұсқасын жасап шыққан едік. Бірақ барлық жүйені ашық желіде ұстап тұру біраз қаржыны талап етеді. Осыған байланысты оны шетелдік компанияға сатып жібердік. Қазіргі кезде үлкен тілдік модельді дамытуға күш жұмсап жатырмыз. Бұл ChatGPT секілді ауқымды жүйе. Қазақ тілінде сұхбаттаса алатын тілдік модельді дайындау үшін өте үлкен дерекқор қажет және миллиардқа жуық параметрге оқытуға тура келеді. Сондықтан қазіргі кезде деректер жинау, үлкен тілдік модельді құру бойынша жауапты министрлікпен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Осы жылдың ортасында немесе соңына қарай жүйені құруға эксперименттер жүргізуді бастаймыз. Бұған қоса, табиғи тілді өңдеу бойынша біршама жұмысты желіге шығарып көрсеттік. Ол криминалдық мәні бар ақпараттарды анықтауға және классификация жасауға көмектеседі. Күрделі морфологиялық тілді зерттеу бойынша да ізденістеріміз бар.
– Әлемде жасанды интеллект қарқынды дамып келеді. Ал оның біздің нарықтағы болашағы қандай?
– Мемлекет басшысы айтқандай, жасанды интеллект саласын дамытуымыз керек. Оны дамытпасақ, өндіріске кіргізбесек, біз басқа мемлекеттерге тәуелді болып өмір сүреміз. Президент арнайы жасанды интеллект орталықтарын құрып, сол жерге барлық жұмысты шоғырландыруға, мықты интеллектуалдық жүйелерді жасауға тапсырма бергені есімізде. Соның аясында жұмыстар атқарылып жатыр. Мысалы, дауысты мәтінге айналдыру, мәтінді дауысқа айналдыру, іздеу жүйелерін айтуға болады. Олардың барлығы қазақ тілінде қолжетімді әрі отандық өнім. Өндіріске енгізу үрдісі де шет қалып жатқан жоқ. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин атқарылған жұмыстарды айтып, көрсетіп жүр. Бөлінген қаражат та аз емес. Өндіріске келетін болсақ, елімізде көлік жасау саласы роботтандырылып, автоматтандырылып жатыр. Білесіздер, кен орындарында қайғылы жағдайлар болды. Соған байланысты адам түсуге болмайтын жерлерге интеллектуалды жүйеде жасақталған робот жұмысшыларды жіберу жағы, аграрлық салада электронды тракторларды пайдалану, олардың жұмысын автоматтандыру қолға алынып жатыр.
– Жасанды интеллект жөнінде көп айтамыз, талқылаймыз, бірақ оны өндіріске енгізуде мәселе көп сияқты. Әсіресе қазақ тіліндегі дамуында қандай кедергілер бар?
– Бұрын қазақ тілінде қосымшалар мүлде жоқ еді. Іздеу жүйелері, аудару ісі жолға қойылмаған болатын. Даму үрдісі бірден бола салмайды. Оған әсер ететін факторлар бар. Мәселен, сұраныс. Қазақ тілінде сұраныс аз. Өйткені халық саны әзірге 20 миллион ғана. Соған қарамастан, бізде дамуға қадамдар жасалып жатыр. Ғылым деген ол – үлкен мұхит. Ал біздің істеп жатқанымыз тамшыдай дүние. Сонда да елімізде жасанды интеллект жақсы дамып келе жатыр деп айта аламыз. Мысалы, ChatGPT қазақ тілінде сөйлей алады, мәтін жаза алады, ойды жеткізе алады. Оның бәрін біздің ашық жүйеден алып отыр. Иә, шетелде бұған миллиардтаған қаражат бөлінеді. Ал бізде олай емес. Сондықтан оның дамуын тежейтін нәрселер баршылық. Бірақ тоқтап тұрған жоқ.
– Президенттің өзі осы саланы дамытуға басымдық беріп отыр. Сіздіңше, мемлекет тарапынан жасанды интеллект саласы бойынша нақты қандай қадамдар жасалып, жобаларға қалай қолдау көрсетілуі қажет?
– Біз ғылымның қажет екенін түсіндік. Президенттің тапсырмасымен ғылымға қаржы көбірек бөліне бастады. Жастарға арналған арнайы бағдарламалар жасалып жатыр. Шетелде, шетелдің үздік зертханаларында оқыту жұмысы қолға алынды. Мұның барлығы маман даярлауға бағытталған жұмыс. Сол мамандар болашақта жасанды интеллектіні іске асырады. Сонымен қатар ғалымдардың әлеуметтік жағдайына да назар аударылып жатыр. Сондықтан ештеңе істелмей жатыр деп кесіп айтуға болмайды. Қазір халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысы оңтайландырылған. Көп қызметті онлайн алып отырмыз. Деректерді өңдеу, тез шешім қабылдау жағынан жасанды интеллект жақсы жұмыс істеп тұр. Ал жобаларды дамытуда тек мемлекет емес, шағын өндіріс көздерін тарту да жолға қойылған. Егер осы жүйе дұрыстап іске асырылса, жобалар өндіріске тікелей енуге мүмкіндік алады. Бұған қоса ғылымға қатысты жаңа заң қабылданса, ғылыми жобаларға септігі тиер еді.
– Осы салада өзге елдер де біздің нарыққа шыққысы келеді. Біз олармен бәсекелесе аламыз ба?
– Өз нарығын жаулап алған кез келген компания өзге елдерге шыққысы келеді. Біздің компаниялардың кейбірі шетел нарығына ойысты. Бұл бәсекелестік болуы үшін керек. Бәсекелестік бағаны түсіреді, мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Иә, бізге Американың компаниялары келіп жатыр. Өйткені олардың дамыған, жетілген жүйелері бар. Оның қасында отандық жүйелер дамымай қалып жатыр. Өйткені біздің компаниялар миллиондап қаржы жұмсаса, олар миллиардтап жұмсайды. Айырмашылық осында. Яғни кім көп ақша бөледі, сол компания нарықты жаулап алады. Бизнестің ережесі сондай. Отандық компания біздің секторда ғана жұмыс істегендіктен, мүмкіндігі шектеулі болады. Ал шетелдік компаниялар өзге нарықты оңай жаулап алып жатыр. Мысалы, көпшілік көп қолданатын «Яндекс» қосымшасын тілге тиек етсек болады.
– Бұл жүйе арқылы тағы да жаңа жобалар жасау жоспарыңызда бар ма?
– Иә. Жоғарыда айтқанымдай, ең бірінші, үлкен тілдік модель құру. Қазір үлкен тілдік модельдер ең жетік жүйелерді құруда қолданылып жатыр. Оның бірі – ChatGPT. Екінші, агросекторға қатысты жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұл секторда фатонды-лазерлік технологияларды қолдана отырып, тұқымды байыту арқылы өнімді 30 пайызға арттырғымыз келеді. Сынақ жасауды жақында бастаймыз. Қаладан жылыжай іздеп тауып, сол жерде біздің жасанды интеллект пен аппаратты біріктіріп, агросалада нейрожеліні қолдануды қолға алдық. Бұдан бөлек, биоинформатика бағытына көңіл бөліп жатырмыз. Жасанды интеллект медицина саласына да еніп үлгерген. Қазір түрлі ауруларды анықтайтын жүйелер бар. МРТ, УЗИ осының бәрінде нейрожелі көмекші болып отыр. Бізге жылдам ақпарат бере алады. Ал өз жобамызға келетін болсақ, қазір біз көз ауруларын зерттеп жатырмыз. Глаукома деген жазылмайтын ауруды анықтайтын эксперименттік жобаны қолға алдық. Біз әзірге патологиялардың ішіндегі кішкентай ғана бір бөлігін анықтап жатсақ, шетелдік компаниялар бірнеше патологияны анықтауға мүмкіндік беретін жүйелер жасау үстінде. Бірақ жалпы елімізде мен сияқты осы салада ізденіп жүрген азаматтар өте көп.
– Жасанды интеллектінің қаупі де жиі айтылып жүр. Оның дамуы қоғамға қалай әсер етеді?
– Әрине, қаупі де бар. Өйткені кез келген жүйені жасағаннан кейін осы жүйеге қарсы жүйелер де пайда болады. Қазір ақпараттық қауіпсіздік саласында әртүрлі жасанды интеллектіні қолданады. Ол желі пайдаланушыларының құпия сөзін ұрлап алуы мүмкін немесе теріс пиғылда жасалған чат-боттар мессенджерлерде басқа адамның атынан хат жазып алаяқтық жасауы мүмкін. Мұндай интеллектуалдық жүйелер көп. Қорғаныс саласында да, өндірістерде де роботтар жиі қолданылып жатыр. Әрине, бұл адами факторлардың әсерін азайтады. Бірақ елімізде жұмыссыздық мәселесі бар. Яғни өндірістің автоматтандырылуы бұл мәселені күрделендіре түсуі ықтимал. Бұған қоса мониторинг жасап отыратын нейрожелілерді айтуға болады. Олар адамды қадағалап отырады. Осындай дүниелердің байқала бермейтін қаупі көп. Ал біздің жобаларымыз – ашық жүйе, ғылыми жүйе. Сондықтан біз адамға пайдасын тигізетін интеллектуалдық жобалар жасауға атсалысып жатырмыз.
Әңгімелескен –
Айтолған ЖҮНІСХАН,
«Egemen Qazaqstan»