Қоғам • 30 Қаңтар, 2024

Қожекенің рухани аманаты

87 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Күй – қазақтың қан тамырымен жазылған рухани шежіресі. Оған талайлы тағдыры сарсаңға салса да қос ішек­тен қасиет іздеген әйгілі күйші Қожеке Назарұлының шығар­малары дәлел. Мұны жазушы Есболат Айдабосын «Тас көмірдің шоғы» атты әсерлі әңгімесінде де жазған. Осы ретте Жетісуда «Күй шақыртқы» атты кітаптың тұ­сауы кесіліп, қалың оқырманға жол тартты. Жинақты құ­рас­­тырған – Мәдениет қайраткері, күйші Талғат Оразаев.

Қожекенің рухани аманаты

Сөз басында Қожеке Назар­ұлының ғұмырдариясы­нан сыр тартсақ. Қазақ сахарасының сызылған әні мен күмбірлеген күйін зерттеуге арнап, ұлтының жоғын түгендеген Ақселеу Сейдімбек: «Қытай жерінде, Шыңжаң өңірінде Қожеке Назарұлы деген әйгілі күйші өткен. Қазақстанның шығыс өңіріндегі күйшілік мектептің өкілі ретінде Қожекенің дарын тегеуріні Құрманғазы, Тәттімбет сияқты ұлы күйшілермен өрелес», деп күйшінің өмір тарихын суреттейді.

Шынымен, даңқты дарын иесі Жетісудың бір баласы. Ел басына екіталай күн туғанда жұртының жел жағына қорғаны, дауылдан сақтар орманы бола білген бірегей тұлға. XIX ғасырда патша билігіне қарсы шығып, елін аман алып қалу үшін Қытайға көш бастаған. Алайда Қытай билігі күйшіні қамауға алып, азаптап өлтірген. Бүгінде сазгердің 100-ден аса күйі көпшілікке белгілі. Тарихи тұлғаны «Тағдыры күйге айналған Қожеке» атты екі томдық туынды арқылы кеңінен тануға болады.

«Аспантаулар аясындағы табиғаты ғажайып Қарқара төрінде дүниеге келген күйші Ресей отаршыларына қарсы күресудің салдарынан қудалауға түсіп, Қытай елі дегенмен, қазағымның қасиетті топырағы ғой деп Сайрамкөлді сағалап кеткеніне қарт тарих куә. Сайрамкөлге жеткенімен сайран өмір қайдан болсын, ол жақта да қудалауға түсіп, тар жол, тайғақ кешуге жазылған тағдырының соңы сол бір қаныпезер қоғамның азапты өлімімен өмірден өтеді», дейді облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Жұматай Оспанұлы.

Рухани іс-шарада күйшінің барлық композициясы жинақ­талып, сыр сандыққа айналған «Күй шақыртқы» кітабының таныстырылымы өтті. Оған бастамашы болған қожекетанушы Талғат Оразаевтың еңбегі зор. Ұмытыла бастаған биік тұлғаның мұрасын зерттеу­ге талай жылын сарп еткен. Табан етін сөгіп, маңдай терін төгіп еңбектенгеніне жерлестері куә. Сондықтан Талдықорған төріндегі І.Жансүгіров атындағы Мәдениет үйі халыққа лық толды.

Әуелі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әли Алпысбаев пен «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Әміре Әрін кітаптың лентасын қиса, одан кейін облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қуаныш Сұлтанұлы ақжарма тілегін арнады. Тұсаукесер концерттік бағдарламамен жал­ғасын тапты.

Кеш аясында Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрі, ҚР мәдениет қайраткері, күй­ші Талғат Оразаев пен шә­кірттері және жеке орын­даудағы әріптестері өнер көрсетті. Олар Қожеке Назар­ұлының «Сайрам көл», «Күй шақыртқы», «Кеңес», «Шалқайма», «Қамбархан», «Естірту» «Шешеме», «Рау­шан» сынды тағыда басқа таң­­даулы күйлерін орындады.

«Шынында тек қана күй­ден тұратын және бір ғана автордың шығармалары орындалған кешті алғаш рет көруім. Бір сағат, бес минутқа созылған күй кеші бір демде өте шықты. Көрермен тарапынан да тұрып кету, жүріп кету болмады. Режиссерлік шешімі де әсерлі болған­нан шығар. Соңында тік тұрып қошемет көрсеткен көрерменнің ерекше әсерге бөленгенін байқадым», дейді ақын Жангелді Немеребаев.

Айта кетейік, «Күй ша­қыртқы» кітабы, Қожеке Назарұлының туғанына 200 жыл толуына орай Жетісу облысы әкімі Бейбіт Исабаевтың қолдауымен жарық көріп отыр.

 

Жетісу облысы