Қоғам • 30 Қаңтар, 2024

Әпербақанның әлегі

113 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде қоғамды алаңдатқан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл қою үшін депутаттар заңнаманы қатаңдатуды көздеп отыр. Деректерге сүйенсек, былтыр құқық қорғау орындарына 100 мыңға жуық арыз-шағым түссе, балаларға қатысты 2 мыңнан аса қылмыс жасалған. Былтыр тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген 2 мыңға жуық адам Алматыдағы «Жан-Сая» дағдарыс орталығының көмегіне жүгінген.

Әпербақанның әлегі

Фото: abai.kz

«Дағдарыс орталықтары одағы» заң­ды тұлғалар бірлестігінің басқарма төра­ғасы Зүлфия Байсақова орталық ма­­ман­­дарының көмегі әпербақаннан зардап шеккен әйелдердің жаңа жағдайға бе­йім­делуіне барынша мүмкіндік бере­тінін атап өтті. Сарапшының айтуынша, отбасындағы зорлық-зомбылық жағ­дайында әйелге ғана көмек көрсету жет­­­кіліксіз. Салдарын бала да тартады. Осы­­ған байланысты нақты мысалдарды тілге тиек еткен сарапшы орталыққа екі баласы бар жәбірленушінің көмек сұрап келгенін алға тартты. «Мамандар баланың бірінің денсаулығында кінәрат барын анықтап, қалада тіркеуі болмағандықтан, «Орди» қоғамдық қоры қолдау көрсетті. Түрксіб ауданының психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия­сы баланы қарағаннан кейін қалалық білім беру бөлімі мамандарымен бірлесіп, «Жан-Сая» дағдарыс орталығына жіберу­ге шешім қабылдады. Анасына да ден­сау­лық сақтау ұйымдары тарапынан көмек көр­сетіліп, қазіргі кезде жұмыс істеп жүр. Ана оңалту курсынан өткеннен кейін өз бетінше өмір сүре бастайды. Осы мер­зім­де заңгер, психолог, әлеуметтік қызметкерлердің бақылауында болады. Ол зайыбымен қайта қосылғысы келмейді. Қазіргі кезде агрессормен де жұмыстар жүріп жатыр», дейді сарапшы.

З.Байсақова атап өткендей, тұрмыстық зорлық-зомбылық салдары бұқаралық коммуникация құралдарында немесе же­келеген блогерлер көтерген мәселеде әсірелеусіз жазылғаны абзал. Ақпарат мей­лінше шынайы болуға тиіс, сонда ғана оның себеп-салдарын жылдам анықтап, шешу де оңайға түседі.

Осы орайда «Жан-Сая» дағдарыс орта­­лығының заңгері Гүлшара Сапарова орта­лықта бірінші кезекте қауіпсіздік мәсе­лесіне көп көңіл бөлінетінін атап өтті. Сондықтан да орталықтың нақты мекен­жайы көрсетілмейді. Алайда азамат­тар­дың өміріне бейжай қарамайтын азаматтар көп жағдайда агрессордан зардап шеккен жандарға көмек қолын созып, оларды орталыққа өз қаражаты есебінен жеткізуге әрекет жасап жатады. Орталық көмегіне жүгінетіндердің 30 пайызы полиция арқылы жеткізілсе, 10 пайызы қа­йырымды адамдардың көмегімен ке­ле­ді. Ал жәбірленуші дағдарыс орталы­ғына жеткізілгеннен кейін оның нақты ме­кенжайы агрессорға белгілі болмас үшін құпия сақталады. Егер агрессор тара­пынан қандай да бір заңға қайшы әре­кеттер болып жатса, полицияның ара­ласуына тура келеді.

«Жоғарыда көрсетілген сандар мен орталық жұмысы, сондай-ақ «150» сенім телефонына келіп түскен қоңыраулар негізінде бірқатар мәселеге назар аударуға тура келеді. Оның бірі халықаралық мін­дет­темелерді орындау мақсатында жа­қын­дарына қатысты жасалған тұрмыс­тық зорлық-зомбылықты криминализациялай отырып, Қылмыстық кодекске «Тұрмыстық зорлық-зомбылық» бабын енгізу қажеттігін көрсетіп отыр», дейді Г.Сапарова.

Сарапшының айтуынша, 2017 жыл­ға дейін Қылмыстық кодекстегі «Ұрып-соғу» немесе «Денеге жеңіл зиян кел­ті­ру» баптары жеке айыптау қыл­мыс­та­рына жатады. Егер жәбірленуші өті­ніш білдірмесе, іс қозғалмайды. Қыл­мыстық іс қозғалса да, тараптар тату­ласқан жағдайда тоқтатылады. Ал жария айыптау жағдайларында қыл­мыс­тық қудалауды тергеуші немесе прокурор мемлекет атынан жүргізеді, жә­бір­­­­ленуші тараптың келісімі мен бас­та­ма­сы талап етілмейді, татуласу көз­дел­мейді. Егер айыпталушылардың саны артады деген күдік болса, онда ха­­­лықаралық тәжірибеде танылған және Кон­­с­титуцияның 24-бабында белгіленген міндетті қоғамдық жұмыстарды пайдалануды ұсынамыз. Соған орай агрессор түзету бағдарламасынан өтуге міндет­теледі. Бұл мемлекет тарапынан жәбір­ле­нушінің қауіпсіздігіне кепілдік береді», дейді заңгер.

Мәселенің салдарын, қайғылы жағ­дай­лар статистикасы мен өзектілігін ескере отырып, тұрмыстық зорлық-зом­былықтың алдын алу үшін 102, 112, 150, 8 771 450 3 450 сенім телефон­да­ры­на қоңырау шалуға немесе Whatsapp қосымшасына жазуға болады. Алдын ала жазылғаннан кейін мамандар күндіз және қашықтан кеңес береді. «Болған оқиғаға қатысты шаралар қолданылмайды деп қорықпау керек. Өйткені белгілі фактілер ішкі істер органдарында тіркеліп, қадағалау органдары бақылау жүргізіп отырады», деп сөзін қорытындылаған Г.Сапарова зорлық-зомбылықсыз мә­дениет қалыптастыруға қоғам болып ат­салысуға шақырды.

 

АЛМАТЫ