Сербиялық Новак Джокович жасыл құрлықтағы жарыстың жартылай финалында сүрінгеніне қарамастан, әлі де әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Оны испаниялық Карлос Алькарас өкшелеп келеді. Мельбурнде ол ширек финалда жеңіліс тапты. Жүлде қоры 58 128 000 долларды құраған жарыстың финалында күш сынасқан ресейлік Даниил Медведев пен италиялық Янник Синнер үшінші және төртінші орындарды өзара бөлісіп тұр. Сондай-ақ Андрей Рублев (Ресей), Александр Зверев (Германия), Хольгер Руне (Дания), Хуберт Хуркач (Польша), Тэйлор Фриц (АҚШ) және Стефанос Циципас (Грекия) сынды дүлдүлдер ТОП-10 ойыншының қатарына енді.
Қазақстанның теннисшілері арасында ең үздік нәтиже Александр Бубликке тиесілі. Ол 27-орында. Күні кеше ғана біздің елдің азаматтығын алған Александр Шевченко 59-сатыға жайғасты. Ал өзге отандастарымыз мына орындарда: Денис Евсеев – 176, Бейбіт Жұқаев – 189, Михаил Кукушкин – 245, Тимофей Скатов – 278, Дмитрий Попко – 338 және Дмитрий Ломакин – 787.