Теннис • 01 Ақпан, 2024

Аргентинаны жеңе аламыз ба?

120 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

3-4 ақпан күндері Оңтүстік Америка құрлы­ғындағы ең көрікті қалалардың бірі Росариода Дэвис кубогінің іріктеу сайысы өтеді. Бұл бәсекеде Қазақстанның ұлттық құрамасы Аргентина теннис­шілеріне қарсы ойнайды.

Аргентинаны жеңе аламыз ба?

Аталған жарысқа еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик қатыспайды. Себебі ол Париж Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынатын Мон­пельедегі турнирде бақ сынауды құп көріп отыр. Сонымен қатар Бейбіт Жұқаевты да Росарио кортынан көрмейміз. Ресми деректерге сүйенсек, аса дарынды қандасымыз Аустралиядағы додада алған жарақатынан әлі де айыға алмай жүрген көрінеді. Сөй­тіп, Аргентинаға қарсы кездесуде Денис Евсеев (әлемнің 184-ракеткасы), Тимофей Скатов (әлемнің 227-ракеткасы), Дмитрий Поп­ко (әлемнің 358-ракеткасы) және Алек­сандр Недовесов ((жұптық сайыста әлем­нің 46-ракеткасы) ел намысын қор­ғайды.

Ал қарсыластарымыз жайында не білеміз? Аргентина құрамасының Дэвис ку­богіне қатысып келе жатқанына тура бір ғасырдан асты. Алғаш рет олар 1923 жылы бақ сынады. Сол кезден бері бес рет ақтық сынға дейін алқынбай жетті. 1981 жылы Оңтүстік Американың оғландары финалда АҚШ-тан (1:3) ұтылды. 2006 жылы Ресейге (2:3) жол берді. 2008 және 2011 жылдары Испанияның (1:3, 1:3) осал тұсын таба алмады. Есесіне 2016 жылы аргентиналықтардың асығы алшысынан түсті. Турнир барысында Польша (3:2), Италия (3:1), Ұлыбритания (3:2) және Хорватиядан (3:2) басым түсіп, бас жүлдені олжалады. Сол жұлдызды коман­даның сапында Хуан Мартин дель Потро, Федерико Дельбонис, Леонардо Майер және Гидо Пелья сынды саңлақтар жасындай жарқылдаған еді.

Қазіргі кезде Аргентинаның сапында үш мықты теннисші бар. Олар – Фран­циско Черундоло, Себастьян Баэс және Томас Мартин Этчевари. Барлығы да – 23–25 жас аралығындағы өрімдей жастар. АТР рейтингінде 22-орынға тұрақтаған Черундоло былтыр Ролан Гарростың төртінші кезеңіне дейін жетті. Ол Бостада мен Истборндегі турнирлерде топ жарып, Буэнос-Айрес пен Лиондағы бәсекелердің финалында ойнады.

Үздіктер тізімінде 25-орынды иеленіп отырған Баэс кезінде жасөспірімдердің Дүниежүзілік Олимпиадасы мен Ролан Гарростың ақтық сынында өнер көрсетіп, өз қатарластары арасында әлемдік рейтингте көш бастады. АТР санатындағы турнирлерде төрт рет қарсылас шақ ке­лірмеді. Биыл Аустралияның ашық бі­рін­шілігінің үшінші айналымында сүрінді.

2023 жылы Этчевари Ролан Гарростың ширек финалында ойнаса, күні кеше ғана Мельбурндегі жарыстың үшінші кезеңінде жеңіліс тапты. Бұл күндері ол АТР рейтингінде 28-орынды олжалап тұр. Бұған қоса 28 жастағы Педро Качин мен 23 жастағы Факундо Диасты да атап өтуге болады. Екеуі де ТОП-100 теннисшінің қатарында.

Шешуші тұста Аргентина құр­ма­сы­ның капитаны Гильермо Кориа қатар­ға тә­жірибесі әбден толысқан Диего Шварц­ман­ды қосуы мүмкін. Қазіргі кезде ол АТР тізімінде 126-орында тұрғанымен, осы­дан үш жыл бұрын ғана әлемнің сегі­зінші ракеткасы атанды. Дәуірі жүріп тұр­ған кезінде 31 жастағы Шварцман Ро­лан Гарростың жартылай финалына дейін жетіп, US Open додасында екі рет сегіз мық­ты ойыншының қатарына қо­сылды. АТР турнирлерін ол төрт рет ұтып, 10 рет ақтық айқаста есе жіберді. Міне, Росариода жерлес­терімізге осындай қа­рулы командамен күш сынасуға тура келеді.