Ғылым • 01 Ақпан, 2024

Доктор дәрежелі ғалымдар қажет

151 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінде республика мектептерінде 5 мыңға жуық педагог жетіспейді. Білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету көкейкесті мәселеге айналып отыр. Көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді, ал педагогика саласында оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді.

Доктор дәрежелі ғалымдар қажет

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Біліктілік санаты жоғары мұ­ға­лімдер 23 пайызды ғана құ­рай­ды. Ал магистр дәреже­сін ал­ған біліктілігі жоғары педа­гогтер­дің са­нын арттыру білім беру ісіне озық әдістерді енгізе алатын кәсі­би мамандардың жаңа легін қалыптастыруға ық­пал етеді. Осы жайт­тарды қа­перге алған Мем­лекет басшысы педагогтерді даяр­лау мен білік­тілігін арттыру тәсілдеріне өзгеріс қажеттігін айтқан болатын. Жуырда Оқу-ағарту ми­нистрлігі еліміздегі білім сапа­сының толық көрінісін және түрлі факторлардың ықпа­лын сарап­тауға, ескеруге мүмкін­дік беретін орта білім беруді бағалау­дың ұлт­тық үлгісін әзірледі.

Құжат формативті және жиын­тық бағалау, қорытынды аттес­таттау, сонымен қатар мектептер­ге арналған халықаралық PISA зерттеуінің нәтижелеріне қатыс­ты деректерді қамтиды. Яғни төрт құрамдас бөліктен тұратын құжатта оқушы, педагог және білім беру ұйымдарының жұмы­сы ба­ғаланатын болады. Тиісті ми­нистрліктің хабарлауынша, құжат Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы ұсынымдары негізінде әзірленген. Сарапшылар білім сапасын бағалау республика мектептеріндегі мәселелерді жедел анықтап, шешуге мүмкін­дік беретінін айтып отыр.

Педагог кадрларды даярлай­тын еліміздегі байырғы оқу орын­дарының бірі Қыздар мемлекет­тік университетінің ғылыми жұ­мыс және халықаралық ынты­мақтастық жөніндегі прорек­то­ры Закир Жұмақұловтың ай­туын­ша, елі­міздегі білім сапасын, яғни өл­шем­дерін зерттейтін жоғары ғы­лы­ми дәрежедегі мамандарды даярлау әлі күнге өзек­ті. Са­рап­шының пікірінше, білім өл­шем­дерін зерттейтін мамандар Орталық Азия, Ресей, тіптен пост­кеңестік елдерде дайын­дал­­май­ды. Ал шетелдер бұл жағы­­нан бізден озып кеткен. Елі­міз­де санау­лы университет бака­лавр, магистр дәрежесінде маман­дар дайын­дағанымен, жалпы бі­лім беретін мектептердегі функцио­налдық сауаттылық, білім сапасын зерттейтін доктор дәрежесіндегі мамандар жоқтың қасы. Бұл ғы­лыми вакансия әзірге бос тұр.

Дамыған елдерден білім сапасы жа­ғынан қалып қойғанымыз рас. З.Жұмақұлов бүгінде Эко­но­микалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде мақұл­дан­ған PISA, TIMSS сияқты ха­лықаралық зерттеулерге қатысу Қазақстан әлемнің бір бөлшегі ретінде өзге елдермен білім саласында бәсекелесуге мүмкіндік беретінін айтады. Өйткені көш ілгері кеткен бұл елдерде білім жүйесін сараптайтын док­торлар даярлау ісінің көпжылдық тәжі­рибесі қалыптасқан. Осы орайда білім саласындағы түйткілді мәселелерді негіз­ге алатын болсақ, «Алдағы 3-4 жылда салада оң өзгерістерге қалай қол жеткізуге болады?» деген заңды сауал туын­дайды.

– Ол үшін жыл сайын білім сапасын екі-үш сатыға көтеріп отыратындай жүйелі мақсат қажет. Мысалы, Назарбаев зияткерлік мектептері тәжірибесін өзге білім ошақтарына таратамыз дегенді жиі көтеріп жүрміз. Ал оған қажетті ресурс жеткілікті ме? Заманауи мұғалімдер даярлау ісі, педагог кадрларды даярлайтын оқу орындарының оқу-әдістемелік, инфрақұрылымдық мәселесі, оқытушы-профессорлар біліктілігі әлі күнге өзекті мәселелер қата­рында тұр. Жыл сайын педагоги­калық жоғары оқу орындары мың­даған педагог кадрларды дайын­­дайды. Өкінішке қарай, олар­­дың тең жартысы әрі қарай өз маман­дығымен жұмыс істемейді. Тығы­рықтан шығудың жолы – салада жүрген мамандармен жұмысты күшейтіп, педагогикалық жо­ға­ры оқу орындарының инфрақұ­ры­лымдық жағдайын, оқытушы­лардың біліктілігі мен ресурсын күшейтуге мән беру. Ол мем­лекеттің инвестициясынсыз іске аспайтыны белгілі. Бұл бағытта тиісті министрлік тарапынан іске асып жатқан ілкімді істер бар. Бірақ өзгерісті жоғарыдан күтпей, білікті маманның көбеюіне көңіл бөле отырып, осы жауапкершілікті ұстаздықты таңдаған әр маманның түсінуі маңызды, – дейді З.Жұ­мақұлов.

Кейінгі жылдары тиісті ми­нистр­лік мұғалімнің жүктемесін азайтуға көп күш салды. Алайда ұстаздардың жүк­темесі мұнымен азайған жоқ. Ауыл-ай­мақтарда интернет баяу бол­ғандықтан, мұ­ғалімнің ізденуіне, білім платформаларына қосылуы әлі де қиындық туғызып келеді. Ал биылдан бастап рес­публиканың кабель жетпейтін аймақ­тарындағы ондаған мектепке «Starlink» ғарыштық интернетін қосу жоспарланып отыр. Осы орайда Закир Жұмақұлов еліміз­дің банк жүйесіндегі цифрлық жетіс­тік­терді ескере отырып, білікті IT ма­ман­дар­ды тарту арқылы білім саласын цифрландырудың мүмкіндігі зор екенін алға тартты. Оның айтуынша, саладағы заманауи инфрақұрылымдық өзгерістер қағаз­бастылықтан арылуға, мұға­лім­дердің жүктемесін азайтып, ізде­ніс­теріне мүмкіндік ашады. Бұл бағытта «Жайлы мектеп» жо­­басының да келешегі зор. Жо­ба сәтті жүзеге асатын болса, бі­лім саласында қордалан­ған көп­те­ген мәселенің оң шешілері анық.

Жуырда аталған университетте ауыл мектептеріндегі білім сапасын зерттеу орталығы ашылған болатын. АҚШ сияқты елдерде қалалық мектептерді зерттеу бағдарламалары жақсы дамыған. Бұл істе көптеген елде инвестиция салып білім сапасын бағалау ісіне араласып жүрген қоғамдық ұйымдардың да тәжірибесі назар аударуға тұрарлық. Осы ретте мамандар республикадағы ауыл мектептерінің мәселесіне алаң­даушылық білдіре отырып, жүйелі зерттеу ісіне мәселесі біздің елмен ұқсас Аустралияның да тәжірибесіне зер салып отыр екен. Университетте ашылған орталық мамандары ауыл мектептерінің білім сапасын терең зерттеуді қолға алып отыр. Ауылдық білім беруді дамыту орталығының жетекшісі Елдос Сүлейменовтің айтуынша, «Teachers Lab, HertsCam Network» (Ұлыбританя) және «UNESCO» бірлесуімен іске асып жатқан шалғай және ауыл мектептерінде ұстаз көшбасшылығын дамыту жобасына Алматы облысынан 5 мектеп, Маңғыстау облысынан 2 мектеп және Атырау облысынан 3 мектеп таңдалған екен.

– Жобаның мақсаты – ауыл мектеп­теріндегі ұстаздардың көш­басшы­лығы мен мәдениетін дамыту. Ұстаз көшбасшылығы – сы­ныптағы, мектеп­тегі және білім беру жүйесіндегі білім алуды да­мы­туға бағытталған әре­кет. Көш­бас­шылық лауазым емес, көш­бас­шылық – әрекет. Өкінішке қа­­рай, бізде иерархиялық жүйе қат­ты дамы­ғандықтан, өзгерісті жо­ғарыдан күтіп отыру қалыпты жағдайға айналған. Бірақ мектеп­тегі ахуал, оқушының бі­лім деңгейі министр­ліктен гөрі ұстазға мәлім. Жоба бары­сын­да қатысушылар өздерінің кәсіби мәселелерін анықтап, орталық маман­дарының бағдар беруімен, әдістемелік көмек арқылы ағымдағы мәселелерді бір жыл бойы зерттеп, шешу жолдарын анықтап, өзгерістер енгізеді. Бұл жобаға ұстаздар ерікті түрде қатыса алады, – дейді Елдос Сү­лейменов.

Жақында осы орталықтың ұйымдас­тыруымен «Қазақстан­дағы ауылдық білім: зерттеу және даму бастамалары» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде шалғай аудандардағы педагогтердің кәсіби деңгейін арттыру, оқыту, білім беру үшін инновациялық әдістерді енгізу, тұрақты даму ресурстарын жетіл­дірудің маңызды екені айтылған болатын. Ма­мандар ауыл мектебі жетіс­тіктер алаңы­на айналуы үшін аймақтарда жүйе­лі зерттеулер жүргізу, қордаланған мәсеөлелерді анықтау міндетіне назар аударды. Ол үшін салаға білікті ғылыми дәрежедегі мамандар қажет.

 

АЛМАТЫ