Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Бір кездері Ғылым және жоғары білім вице-министрі болған Қуаныш Ерғалиев әлеуметтік желі арқылы жұртшылыққа таныстыру мақсатында «Жүз шетелдік ғалым» жобасын қолға алыпты. Өткен жылдың соңында басталған бастаманы желі қолданушылары да жаппай қолдап жатыр. Осы тақырып төңірегінде Қуаныш Асылханұлымен аз-кем ой бөлістік. Оның айтуынша, көпшілік шетелде жұмыс істеп жатқан жерлес ғалымдар туралы біле бермейді.
– Министрлікте қызмет еткен уақытта шетелге іссапармен барғанда сол жақтағы отандық ғалымдармен жиі жолығып, танысатын едім. Өкініштісі, өзге елдердегі университеттерде профессор, оқытушы болып жүрген ғалымдар туралы отандастарымыз білмейді. Жастар сондай кісілердің бар екенін білсе, зерттеулерімен танысса, ғылымға деген қызығушылығы артар еді. Сондықтан бұл жобаны бір жағынан отандастарымызға ғылыммен айналысуға бағыт-бағдар берсін деген ниетпен, екінші жағынан елдегі ғалымдарымыз шетелде ғылым саласы бойынша жетістікке жеткен әріптестерімен коллаборация жасауға мүмкіндік алса, оларды бір-бірімен таныстырсам деген мақсатта қолға алдым. Жоба басталғалы әлеуметтік желілердегі парақшаларымда ғалымдардан алынған сұхбаттарды жариялап жатырмын. Ғылыми қауымдастық, жалпы қоғам бұл жобаны жақсы қабылдап жатыр, – дейді бүгінде Назарбаев университетінің профессоры болып жұмыс істейтін Қуаныш Ерғалиев.
Аталған бағдарламаның мақсаты – шетелдегі ғалымдарды елге қайтару емес, сол ғалымдар әзірлеген жобаларды жұртшылыққа таныстыру, қолдау көрсету. Профессордың айтуынша, ғалымдарды қайтармас бұрын алдымен оларға елімізде арнайы зертханалар ашып, инфрақұрылым мен әлеуметтік жағдайды ретке келтіру қажет. Ал әзірше бұл жағы бізде ақсап тұр.
– Қытай Халық Республикасы, Сингапур, Корея сынды мемлекеттер шетелде аты шыққан өз ғалымдарын елге қайтаруға арнайы бағдарламалар жасаған. Жобалары қазір нәтижесін беріп жатыр. Біз де дәл сондай жобалар әзірлегенде ғана ғылым қуып, шекара асқан ғалымдарымызды қайта шақыра аламыз. Мысалы, Дос Сарбасов, Жандос Өтеғұлов сынды профессорлар 90-жылдары АҚШ-қа барып, сонда оқып, көп жыл бойы ғылыммен айналысты. Жылдар бойы тәжірибе жинап, Қазақстанда Назарбаев университеті ашылғанда елге оралған. Сәйкесінше ғалымдарға тиісті жағдай да жасалды. Сол себепті шетелдегі қазақ ғалымдарына жақсы жағдай жасалса, елге оралып, отандық ғылымның дамуына атсалысады деген сенімдемін, – дейді жоба авторы.
Дамыған елдердің қатарына қосылу үшін ғылым мен білімге ерекше назар аудару маңызды. Бұл бағытта Мемлекет басшысы Үкіметке бірқатар тапсырма беріп, ғылым саласына жіті көңіл бөліп отырғаны қуантады. Сәйкесінше ғылымды қаржыландыру жыл санап өсіп келеді. Тіпті жас ғалымдарды қолдау тетіктері де іске қосылған. Оның ішінде академиялық дәреже үшін ақы төлеу, әлеуметтік қолдаумен баспана алу сияқты жеңілдіктер де бар. Ғылыми мақалалардың саны мен сапасы да жаңа деңгейге көтерілді. «Болашақ» бағдарламасымен қатар «500 ғалым» жобасы сәтті жүзеге асырылып, зерттеушілер шетелдік тәжірибемен танысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ Ұлттық ғылым академиясының жанынан ғылымның басым бағыттары бойынша Жас ғалымдардың жұмыс тобы құрылған. Аталған бастама ғалымдарға Президентке өз ұсыныстарын тікелей жеткізуге мүмкіндік береді әрі талантты жастарды ғылымға тартуға септеседі. Бірақ мұның барлығы отандық ғылым саласын дамытуға әлі де аздық етеді.
– Елімізде ғылым саласын дамыту үшін әуелі зерттеу жұмыстарымен шұғылданатын жоғары оқу орындарын қолдау қажет. Әсіресе өңірлік университеттерде қызмет ететін ғалымдарға көңіл бөліп, олардың ғылыммен айналысуына жағдай жасау маңызды. Ғылым мен кәсіптің, индустрияның арасында өзара байланыстың болмауы – біздегі басты мәселенің бірі. Халықаралық тәжірибе бойынша ғылым халықтың әл-ауқатын, экономикалық жағдайын жақсартуға үлес қосуы керек. Бұл ғалымдардың ғана қолында емес. Аталған олқылықты заңнамалық тұрғыдан да реттеу қажет. Мәселені шешу үшін қазіргі таңда Парламентте «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Заң қабылданса, бұл мәселе де өз шешімін табады. Отандық компаниялар еліміздегі университеттермен, ғылыми зерттеу институттарымен бірлесе отырып, инновациялық өндіріс немесе ғылыми зерттеу арқылы өнімді арттыруға қаржы құйса, салықтан 100 пайыз босатылады. Ал ғылыми ұйымдармен серіктестік нәтижесінде шығарылған тауарларға 50 пайыз салықтық жеңілдік қарастырылады. Аталған заң еліміздің экономикасын көтеруге үлес қосары сөзсіз, – дейді Қуаныш Ерғалиев.
Қазақ ғалымдарының шетелде жүріп те бірқатар жұмыс атқарып жатқанын көз көріп, құлақ естіп жүр. Ғылымға өшпес із қалдырып жатқандары көңіл көншітеді. Дамыған елдердің тәжірибесі мен білімін бойға сіңіргендері де жақсы-ақ. Ғылымның отаны жоқ екені де рас. Дегенмен елге еміреніп, жұртқа жүгініп қызмет етуді де ұмытпаған жөн.
Еркеназ ҚОРДАБАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті