Фото: pixabay.com
Ғалымның айтуынша, көмірдің пайдалы әсері 11 пайыз ғана. Яғни 1 тонна көмір жақсаң, оның 890 килосы күлге айналады. Пайда беретіні – 110 кило. Бензиннің пайдалы әсер коэфиценті – 17 пайыз, газдікі – 20 пайыз, ал сутегінің пайдасы 75-80 пайыз. Яғни сутекті пайдалансақ, күл, түтіні өте аз, таза энергияға қол жеткіземіз. Тек бұл энергияны алу әзірге қымбат. Отандық ғалымдар осы мәселені шешу бағытындағы зерттеу жұмыстарын қолға алған. Ақатан Қыдырмолланың пікірінше, сутек энергиясын пайдалану мәселесі экологиялық мәселелердің ушығуына тікелей байланысты. Қоршаған ортаға зиян келтірмейтін энергия көзіне қол жеткізудің жолын бүкіл әлем ғалымдары бұрыннан зерттеп келе жатыр. Біздің елде де осы бағытқа бетбұрыстар жасала бастады.
– Президент Жолдауында айтқан сутек энергиясына көңіл бөлу, дамыту, қолданысқа енгізу тапсырмалары бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігі осы зерттеулерге көп көңіл бөліп жатыр. Ал еліміздің әлеуетіне келетін болсақ, біздің ел басқа мемлекеттермен тең дәрежеде тұра алатындай алдыңғы қатарлы зерттеулермен айналысып жатыр деп айта аламыз. Яғни зертханамыздың мысалында келтіретін болсам, біз Курчатов қаласында орналасқан Ұлттық ядролық зерттеу орталығымен бірлесіп, сутек энергиясына байланысты қарқынды зерттеу жүргізуді қолға алдық. Бұл зерттеуде әр тараптың өз міндеті бар. Қазіргі кезде сутек элементін алу, сақтау, тасымалдау күрделі болғандықтан, оның бағасы да қымбат тұрады. Сондықтан Ұлттық ядролық зерттеу орталығының міндеті – сутек элементінін алу, сақтау, тасымалдау мәселелерін шешу. Соның аясында олар пиролиз әдісімен сутекті өндіру, метаннан, газдардан алу деген сияқты іргелі, қолданбалы зерттеулер жүргізеді. Ал біздің зертханамыздың міндеті – осы алынған, жинақталған сутегін кәдеге жарату, қайта өңдеу, залалсыздандыру. Біз оны электр энергиясын алуға пайдаланамыз. Қазіргі кезде ауа сутекті отындық элемент деген түсінік бар. Бұл – сутек элементін пайдалану арқылы электрхимиялық реакциялардың көмегімен электр энергиясын алуға бағытталған жұмыс. Сондай-ақ осы бірлескен зерттеудегі біздің университет ғалымдарының міндеті – сутек элементін ыдыратуға арналған қондырғы бөліктер, электроттар, католизаторлар, мембраналар дайындау және отандық шикізат өнімдерін қолдана отырып олардың құнын төмендету, – дейді Ақатан Қыдырмолла.
Егер еліміз сутегі энергетикасы саласына бет бұратын болса, қоршаған ортаның ластануы, бүлінуі деген мәселелерге оңынан әсер ететіні сөзсіз. Себебі газ шығындары азаяды. Ал оны нақты қолданысқа енгізу – ғалымдардың алдындағы үлкен міндет. Соның ішінде оны өндірісте арзан бағада қолжетімді ету қажет.
– Сутегі элементін пайдалану бойынша әртүрлі бағытта зерттеулер қолға алынған. Мысалы, Жапония бензиннің, газдың орнын басу үшін оны іштен жанатын қозғалтқыштарға отын ретінде пайдаланып, жаңа көліктер шығарып жатыр. Нәтижесінде, одан қоршаған ортаны ластайтын зиянды заттар бөлінбейді. Бұған қоса жоғары температурадағы отын элементтерінде сутегін ыдырату арқылы электр тоғы алынады. Ал біздің құрылғы төмен температурада жұмыс істейді әрі пайдалы әсер коэффиценті 60 пайызды құрайды. Біз осы арқылы электр тоғын тиімді пайдалана аламыз. Ал қазіргі гидроэлектр стансалардан алып отырған электр токтарының пайдалы әсер коэфиценті 35-40 пайызды ғана құрайды. Қондырғыны жасауды өзіміз қолға алғандағы мақсатымыз – отандық өнімді пайдалану арқылы оның әрбір бөлшегінің құнын төмендету, белсенділігін арттыру, жұмыс уақытын ұзарту, – дейді А.Қыдырмолла.
Ғалымның айтуынша, зерттеу жүргізу – ұзақмерзімді жұмыс. Өнімнің нақты қай уақытта өндіріске енетінін дөп басып айту қиын.
– Әлемнің әртүрлі нүктесінде әртүрлі ғалымдар бір бағытта ғылыми зерттеулер жүргізіп жатыр. Ең соныңда барлығының еңбегі жиналып келіп, жарылыс жасап жаңа бір өнімге айналады. Сол сияқты қазір осы саланың бір пұшпағын біз де зерттеп жатырмыз. Америкада, Қытайда, Жапонияда, Кореяда да зерттеліп жатыр. Нәтижесінде, кімдікі ең тиімді болып шығады, біз соның тұтынушысына айналамыз. Бірақ оның нақты қашан толық қолданысқа еніп кететінін айту қиын. Ғылым бүгін істеп, ертең нәтижесін көре қоятын дүние емес. Оған уақыт пен қажырлы еңбек қажет, – дейді ол.