Сенат • 01 Ақпан, 2024

Оқушылардың оқу сауаты төмендеп барады – М.Әшімбаев

2738 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда оқушылардың оқу сауаты төмендеп барады. Бұл жағдай жастардың білікті маман болып қалыптасуына айтарлықтай қауіп төндіреді. Мұндағы тиімді шешімнің бірі – көшбасшы елдердің тәжірибесін негізге ала отырып Ұлттық бағдарлама әзірлеу. Бүгін білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері туралы заңды талқылау барысында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Наталья Жұмаділдаеваның халықаралық рейтинг жөніндегі сөйлеген сөзіне орай осындай пікір білдірді, деп жазады Egemen.kz жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқушылардың оқу сауаты төмендеп барады – М.Әшімбаев

Фото: senate.parlam.kz

Мәулен Әшімбаев оқушылардың оқырмандық сауаты төмендеп бара жатқанын айтты. Соңғы жылдары ЭЫДҰ PISA-ның халықаралық білім беру сапасын бағалау рейтингі ЭЫДҰ елдеріндегі қатарластарынан үлгерім жағынан айтарлықтай артта қалғанын көрсетіп отыр. Сенат Төрағасы бұл мәселе өмір сүру, кәсіби біліктілікті қалыптастыру бағытындағы негізгі қарым-қабілетті жойып жіберу қаупін төндіретініне алаңдайтынын жеткізді.

«2023 жылдың желтоқсанында біз ЭЫДҰ PISA-2022 білім сапасын халықаралық бағалаудың жаңа нәтижесін алдық. Біздің мектеп оқушыларының нәтижелері бойынша өсу динамикасының болмауы көңілге кірбің ұялатады. Кейбір көрсеткіштер бойынша жағдайдың нашарлап бара жатқанын байқауға болады. Атап айтқанда, оқырмандық сауаттың төмендеуі ерекше алаңдатып отыр. Біздің оқушылар өзге елдердегі қатарластарынан 3 жылға қалып барады. Жалпы, оқу сауатының төмендеуі жүйелі мәселелерді көрсетеді. Ол бүгінде балалардың әлеуметтік желілерге тым әуес екенін білдіреді», деді Сенат Спикері.

Мәулен Әшімбаев оқу сауатын арттыру жөнінде арнайы бағдарлама қабылдау қажеттігін атап өтті. Зерттеу нәтижесі тек статистика емес, шешім қабылдау құралы және мәселені шешу үшін одан әрі тиімді әрекет ету жөніндегі нұсқаулық екенін де тілге тиек етті.

«Біріншіден, Оқу-ағарту министрлігі аясында оқу сауаттылығын арттыру жөнінде арнайы бағдарлама қажет. Екіншіден, нәтиже белгілі болғаннан кейін (шамамен - PISA нәтижесі бойынша) оны жылы жауып қоюға болмайды. Одан қорытынды шығару керек. Соған сәйкес іс-қимыл жоспарын жасап, қалыптасқан жағдайды өзгерту қажет. Сондықтан Сенаттың тиісті комитетімен бірлесе отырып, алдағы шаралар талқыланып, іске асырылады деп күтеміз. Жалпы, мұндай халықаралық зерттеулердің нәтижелеріне өте байыпты қарау керек. Көшбасшы елдердің тәжірибесі бойынша оқырмандық сауаттылықты дамыту жөніндегі Ұлттық бағдарлама әзірлесе де артық етпейді», деді Сенат Төрағасы.