Спорт • 02 Ақпан, 2024

Он тоғыз жылдан соң оралған дода

494 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өткен жылдың аяғында Армения астанасы Ереванда самбодан ерлер мен әйелдер арасында жалауы желбіреген әлем чемпионаты барысында үлкен жиын өтті. Оған ФИАС пен түрлі федерациялардың басшылары мен мамандары қатысты. Сол жиын барысында аталған ұйымның атқару комитеті «2024 жылы дүниежүзілік дода Астанада өтеді» деген шешім қабылдады.

Он тоғыз жылдан соң оралған дода

Самбодан әлем чемпионаты 1973 жылдан бері үздіксіз ұйым­дастырылып келеді. Тұсау­кесер жарыстың жалауы Иранның бас шаһары Теһранда желбіреп, оған 11 мемлекеттің өкілдері қатысты. 10 салмақ дәрежесі бо­йынша өткен бәсекелер барысында КСРО балуандарының мысы басым болды. Олар то­ғыз алтын алса, тағы бір бас жүл­дені моңғолиялық Шагдарын Чан­грав олжалады. Кеңес одағы тарағанға дейін дүниежүзілік доданы Моңғолияның Ұланбатыр (1974), КСРО-ның Минск (1975), Киев (1983), Мәскеу (1990), Ис­панияның Лас-Пальмас (1977), Мадрид (1979, 1980, 1981, 1984), Сан-Себастьян (1985), Фран­цияның Париж (1982), По (1986), Ита­лияның Милан (1987), Кана­даның Монреаль (1988, 1991), АҚШ-тың Вест-Ориндж (1989) қа­ла­лары қабылдады. Ол кездері қа­тысушы елдердің саны 10-нан әзер асатын.

Кеңес одағы тұсында қазақтың екі балуанына әлем чемпионы атану бақыты бұйырды. Олар – Қанат Байшолақов пен Асқар Шайхиев. Екеуі де аса жеңіл салмақта күресті. Жезқазған облысы Жаңаарқа ауданында туып-өскен Қанаттың 1984 жылы Мадридте мерейі үс­тем болды. Испанияның бас ша­һарында шымылдығы түрілген жарыстың финалында даңқты бапкерлер Диханбай Биткөзов пен Марат Жақыттың шәкірті әйгілі Димитар Димитровты ұтты. Осы орайда Болгарияның беткеұстары әлемдік додада барлығы жеті рет жүлдегерлер (6 күміс+1 қола) санатына қосылғанын айта кетуге тиіспіз.

щщ

1989 жылы Нью-Джерси штатына қарасты Вест-Ориндж қала­сында Асқар Шайхиев қарсылас шақ келтірмеді. Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының тумасы Америкада асқан шеберлік танытып, миллиондаған жан­күйер­дің көзайымына айналды. Бар­лық қарсыласын сыпыра ұтқан Батыр Қуанышевтың шәкірті де шешуші тұста дәл сол болгариялық Ди­митар Димитровтан басым түсті.

Өкінішке қарай, қазір бұл азаматтардың екеуі де арамызда жоқ. 2000 жылдың 3 мамырында Оралда түн ортасында Асқар Шайхиев өз үйінің іргесіне келіп, таксиден түс­келі жатты. Сол мезетте бетін тұмшалап алып, Макаров тапаншасымен қаруланған жендет оған оқ жаудырды. Атылған оқтың төртеуі де саңлаққа дәл тиді. Одан киллер көлікті айналып, тапаншаны жүргізушінің маңдайына кезеді. Бірақ шүріппені баспады. Жүргізуші мен оның серігі аман қалды. Асқардың өліміне кінәлі адам әлі күнге дейін табылмады. Абзал азамат небәрі 37 жаста еді...

2011 жылдың 5 ақпанында Қа­нат Байшолақов қатты боран соғып тұрғанына қарамастан, жұбайымен бірге Қарағандыдан Жаңаарқаға бет алды. Жол-жөнекей олар мінген көлік қалың қарға көміліп қалды. Оны өз бетімен шығара алмайтынын түсінгеннен соң, Қа­нат қарсы бетте кетіп бара жатқан КамАЗ-ды тоқтатпақ болады. Алайда боранды түнде жүк көлігінің жүргізушісі жолдың жие­гінде тұрған адамды байқамай, оны қағып өтеді. 49 жастағы ақиық азамат ауруханаға жетпей жантәсілім етті. Міне, КСРО дәуірінде әлем чемпионы атан­ған қазақтың қос қыранының өмірі осылайша кенеттен үзілді.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан мықты самбо держа­ва­ларының біріне айналды. Әліміз тек осы күрес түрін ой­лап тапқан Ресейге ғана жет­педі. Қалған мықты мемлекет­термен терезесі тең өнер көрсет­тік. Кейінгі кездері дүбірлі дода­лардың жалпыкомандалық есе­бінде негізінен үздік үштіктің қатарынан көрініп жүрген жайы­мыз бар. 1993–2023 жылдар аралығында Қазақ елінен әлем чемпиондары да, сол жарыстың күміс және қола жүлдегерлері де көптеп шықты. Солардың арасынан Асхат Шахаров пен Ерболат Байбатыровты ерекше атап өтуге болады. Асхат 2000–2005 жылдар аралығында әлемнің үш дүркін чемпионы атанса, Ерболат 2008–2011 жылдары қатарынан төрт мәрте төрткүл дүниенің теңдессізі деп танылды. Сондай-ақ бұл белес әр жылдары Бауыржан Садыханов (1993), Сәуле Ғабдуллина (1996), Қоныс Жетпісов (2001), Раиса Байлиева (2007), Дәурен Жайнақов (2009), Аза­мат Мұқанов (2010), Гауһар Тұр­маханова (2014), Бейім­бет Қан­жанов (2015), Есет Қуанов (2017), Нұрбол Се­ріков (2018), Ри­нат Жаңаниет (2021), Гүлдана Әлмұханбетова (2021) және Арайлым Әбенова (2023) сынды балуандарға бағынды.

Күні бүгінге дейін әлем чем­­пионатының жалауы 49 мәрте желбіреді. Соның біреуі Қа­зақ­станда өтті. Анық­тап айтсақ, 2005 жылдың 11–15 қараша аралығында 29 мәр­те ұйымдастырылған бай­рақты бәсекені Астана қабылдады. Аса жоғары деңгейде ұйымдас­ты­рылған жарыста қазақ самбошылары 1 алтын, 3 күміс және 6 қола медаль иеленді. Барлығы – 10 жүлде. Елорда төрінде 74 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан Асхат Шахаров Қазақ елінің ән­ұранын шырқатты. Финалда ол армениялық Ашот Данелянның аяғын көктен келтірді. Сөйтіп, қандасымыз үш дүркін әлем чемпионы атанды. Одан бөлек, Асхат дүниежүзілік додада екі рет қола медаль иеленді. Басқа да көптеген аса ірі халықаралық жарыста топ жарды. Бір кереметі, А.Шахаров самбомен бірге дзюдоны да қатар алып жүрді. Бұл ретте де ол несібесіз емес. Аталған балуан дзюдодан әлем чемпионатының қола және Азия біріншілігінің күміс жүлдегері деген атаққа қол жеткізді. Бұл күндері Асхат Шахаров Ақтөбе облысының әкімі қызметін абыройлы атқарып жүр.

Аталған жарыста Дидар Мол­­дағалиев (57 кг), Арсен Ха­тип (68 кг), Жұлдыз Айтма­ғам­бетованың да (72 кг) алтын тұ­ғырға көтерілуге мүмкіндіктері болды. Алайда олар ақтық айқаста ұтылып, күміс медальды қанағат тұтты. Дидар ресейлік Руслан Кишмаховқа, Арсен моңғолиялық Хашбаатарын Цагаанбаатарға, Жұлдыз украиналық Марина Прищепаға есе жіберді. Ал Тимур Оңдағанов (62 кг), Дінмұхамед Мүсірәлиев (82 кг), Келбет Нұрғазина (48 кг), Раиса Баялиева (60 кг), Динара Оразбекова (80 кг) және Алмагүл Кашина (+80 кг) қола жүлдені иеленді. Жалпы­командалық есепте Ресей құрамасы (8 алтын+4 күміс+4 қола) көш бастады. Екінші және үшінші орындарды Моңғолия (4+1+3) мен Украина (3+1+4) еншіледі. Еліміздің самбошылары төртінші сатыға тұрақтады. Сондай-ақ бас жүлдені олжалағандар қатарында Өзбекстан мен Беларусьтің ба­луан­дары да бар.

Еліміздің жанкүйерлері сол кезде өз өрендерімізден бө­лек, шетелден келген атақты спор­тшылардың өнерін тамашалап, бір жасап қалған еді. Астананың бозкілемінде өнер көрсеткендер қатарында Моң­ғолияның марқасқасы Хаш­баатарын Цагаанбаатар (дзюдодан Олимпиаданың қола жүл­дегері, әлем чемпионы, Азия ойын­дарының жеңімпазы, Азия­ның 2 дүркін чемпионы), Ресейдің мақтаныштары Раис Рахматуллин (самбодан әлемнің 7 дүркін чемпионы), Руслан Гасымов (дзюдодан Еуропа чемпионы), Мұрат Хасанов (самбодан 11 дүркін әлем чемпионы), Украинаның дүл­дүлдері Виктор Савинов (самбодан әлемнің 6 дүркін чемпионы) пен Евгений Сотников (дзюдодан әлем мен Еуропаның қола жүлдегері), Беларусьтің беткеұстары Дмитрий Базылев (самбодан әлемнің 6 дүркін чемпионы) және тағы басқа саңлақтар өрелі өнерлерімен дүйім жұртты қуантты.

Астанада спорттық самбомен қатар жауынгерлік самбодан да жарыс ұйымдастырылды. Тоғыз салмақ дәрежесі бойынша өткен бәсекеде Ресейге тең келер команда табылмады. Олардың сегіз спортшысы алтын медальды мойындарында жарқыратты. Солардың арасында кейіннен аралас жекпе-жектің шоқ жұлдызына айналған Федор Емельяненко да болды. «Соңғы император» деген жанама есіммен танылған орыс фай­тері финалда чехиялық Адам Бекиден басым түсті. Тағы бір бас жүлдені тәжікстандық Сайиридин Икрамов олжалады. Спорттың бұл түрінде Қазақстанға екі қола медаль бұйырды. Оның иегерлері – Құтжан Бекәлиев (52 кг) пен Аманжол Ағыбаев (62 кг).

Осылайша, араға 19 жыл салып самбодан әлем чемпионаты қазақ жерінде қайта өткелі жатыр. Бұл жарыста біз 2005 жылға қарағанда әлдеқайда табысты өнер көрсететінімізге сенімдіміз. Өйткені қазір қандастарымыздың қарқыны өте жақсы. Былтыр Ере­ванда аяқталған байрақты бә­секеде ел самбошылары 1 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль иеленіп, жалпы­командалық есепте үшінші орынға көтерілуі – жо­ғарыда ай­тылған сөзіміздің ай­қын дәлелі.