Спорт • 02 Ақпан, 2024

Асыға күткен айқас

2009 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл күндері барша жанкүйер аралас жекпе-жектің хас шеберлері – Дамир Исмағұлов пен Эдуард Вартанянның күш сынасқанын тағатсыздана күтіп жүр. Бұл бәсеке 2 наурызда Мәскеудегі әйгілі «Лужники» стадионында өтеді.

Асыға күткен айқас

Ресейдің Орынбор облысында туып-өскен 33 жастағы Дамир Исмағұловтың осы спорт түрін серік еткеніне 10 жылға тая­ды. Сол аралықта 27 жекпе-жек өткізген қандасымыз 24 рет жеңіске жетіп, 13 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. 2017 жылы ол өзінің туған өлкесінде Максим Дивничті нокаутқа жіберіп, М-1 Global нұсқасы бойынша жеңіл салмақтың чем­пиондық белбеуін иеленді. Содан кейін Дамир өз атағын екі рет сәтті қорғады.

Ол 2018 жылы UFC-мен келісім­шартқа отырды. Әлемнің ең белді про­моушенінде Д.Исмағұлов жеті жекпе-жек өткізді. Алғашқы кездері ол жан­күйерлерін тек жарқын жеңістерімен қуант­ты. Дамир аустралиялық Алекс Горд­жис, испаниялық Хоэль Альварес, бразилиялық Тиагу Мойзес пен Рафаэл Алвис, швециялық Гу­рам Кутателадзені қапы қалдырып, өз салмақ дәрежесінде ТОП-15 спортшының қатарына еркін қосылды. Бірақ кейінгі екі кездесуінде қандасымыз жеңілістің кермек дәмін татты. Атап айтсақ, 2022 жылдың желтоқ­санында ресейлік Арман Царукян мен былтыр жазда америкалық Гранд Доу­сонға ұпай санымен есе жіберді. Содан кейін Исмағұлов UFC-ден кетті.

про

Эдуард Вартанян – 1991 жылдың тумасы. Ол Арменияда дүниеге келге­німен, бала кезінде ата-анасымен бірге Ресейге қоныс аударды. 2011 жылы аралас жекпе-жектен өткен жарыстарға шыға бастады. Сол кезден бері 29 кездесу өткізіп, 25 мәрте жеңіс тойын тойлады. 14 қарсыласын есінен тандырды. Осы табысы арқылы АСА чемпионы атанды. Эдуард тек Абдул-Азиз Абдулвахабовтан екі рет, Алим Коков пен Али Баговтан жеңілді. 2018 жылдан бері армян файтері сегіз рет октагонға шығып, барлығында басымдық танытты.

Көпшілік Вартанянның қаншалықты қарулы жігіт екеніне былтыр 16 маусымда Сочиде ұйымдастырылған АСА Гран-при турнирінің финалында анық көз жет­кізді. Жеңіл салмақтың бас жүлдесі үшін ол Қазақстанның танымал спортшысы Артем Резниковпен күш сынасты. Бәсеке басталған бетте тізгінді қолына алған Эдуард жерлесімізді оңдырмай са­бады. Үшінші раундтың бел ортасында тө­реші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды.

Әрине, Дамир Артем емес екені анық. Қазақ файтерінің UFC-де жиған мол тә­жірибесі бар. Оның үстіне Д.Исма­ғұлов бірде-бір рет айқын ұтылған жоқ. Қан­да­сымыз октагонда армян жігі­тінің еркін ой­қастауына мүмкіндік бере қоймас. Сон­дықтан да бізді алда өте қызықты әрі тартыс­ты жекпе-жек күтіп тұр деп ойлаймыз.