Алакөл мен Балқашты басты байлығы санайтын жетісулықтар жаз бастала қызу жұмысқа кірісіп, күн суыта мимырт тірлігіне қайта оралады. Ала жаздай шипалы көлді жағалаған ағайынның ермегі сол. Ал күз келе аюдай қалың ұйқының құшағына кіреді. Мұны біз туризм саласына қаратып айтып отырмыз. Сол себепті Мемлекет басшысы Жетісуды төрт мезгілде де кісі үзілмейтін әлемдік брендке айналдыру керек екенін жеткізген. Бүгінде осы бағыттағы жұмыстарға көңіл сүйінеді. Тау туризмі мен экологиялық туризмді дамытудың мүмкіндігі мол Сарқан ауданында Vizit орталық ашылмақ. Бұл үшін Екіаша ауылдық округіне қарасты Тополевка ауылындағы ескі екі мектеп ғимараты қайта жаңғыртылады.
Туристік орталық үшін Тополевка ауылының таңдалып отырғаны бекер емес. Бұл елді мекен – шекаралық аймақта орналасқан тау туризмі саласындағы әлеуеті жоғары аймақ. Осы өңірде «Жоңғар Алатауы» ұлттық табиғи паркі орналасқан. Парк аумағындағы Жоңғар Алатауының баурайы алма мен қызғалдақтың тарихи отаны екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Бұл парк еліміздегі ұлттық табиғи парктер арасында көлемі жағынан екінші орын алады. Оған келушілер қатары да жыл сайын артып келеді.
Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2022 жылы шамамен 2 700 адам келсе, өткен жылы олардың саны 3 300-ге жеткен. Бұл жерде 14 мыңнан аса гектар аумақты алып жатқан Сиверс алма бағы да өркен жайған. 2017 жылдан бастап Тополевка ауылында «Сиверс алма ағашының гүлдеуі» фестивалі тұрақты өткізіледі. Өткен жылы бұл іс-шараға шамамен 2 мыңдай адам барыпты. Жалпы, бұл фестиваль маңызы жағынан Жапониядағы Сакураның гүлдеуі кезеңінен бірде-бір кем емес.
Тополевка ауылынан 40 шақырым жерде, тау ортасында Жетісудың маржаны – Жасыл көл орналасқан. Теңіз деңгейінен 1 630 метр биіктікте орналасқан Жасыл көлдің туристік әлеуетін тиімді пайдалану – күн тәртібіндегі мәселе. Жергілікті әкімдік Жасыл көлдің инфрақұрылымын дамытып, демалушылардың келуіне қолайлы жағдай жасау жұмысын атқарады.
«Vizit орталық үшін Тополевка ауылындағы ескі мектептер ғимаратының орны белгіленген. Vizit орталық Vizit Zhetysu орталығымен тікелей жұмыс істеп, еліміздің азаматтарынан бөлек шетел туристеріне де қызмет көрсетеді деп жоспарланып отыр. Орталық бір уақытта 30 демалушыны қабылдай алатын орын болмақ. Оның ғимаратында жиын өткізу залы, ресепшн, кафе, т.б. қажетті орындар қарастырылған. 1962 жылы салынған, қайта жаңғыртуға жататын ескі мектеп ғимараттарының жалпы алаңы 659 шаршы метрді құрайды, ал нысандар орналасқан аумақ – шамамен 1,4 гектар», дейді Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Маманбаев.
Ауданға арнайы іссапармен барған облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов ескі мектеп ғимараттарын аудан әкімдігінің теңгеріміне өткізу үдерістерін жылдамдатуды тапсырды. Бұл жұмыс аяқталған соң, аудан әкімдігі құрылыс жұмысына қатысты тиісті техникалық-экономикалық негіздеме есептерін жүргізбекші.
Осы ретте айта кетейік, былтыр «Алтынемел» ұлттық паркі аумағында жеке инвестордың 2 млрд теңгедей инвестиция құюының нәтижесінде @visit.altynemel визит орталығы салынған еді. Бұл визит-орталықтың кафесі бар, Wi-Fi-ға қосылған, арнайы кәдесыйлар да сатылады. Маңында самалжайлары, жануарларды сырттай бақылауға арналған шолу мұнарасы, навигациялық панельдер мен ақпараттық қалқандар орнатылып, 10 глэмпинг салынды. Соның нәтижесінде табиғи парк, оның флорасы мен фаунасы, геологиялық және мәдени-тарихи көрнекті орындары, жаяу жүру маршруттары бар. Сондай-ақ қауіпсіздік ережелері туралы толық ақпарат алып қана қоймай, гид-экскурсоводтың қызметіне тапсырыс беруге болады, экскурсияға шығып, тіпті түнемеге қалуға да мүмкіндік жасалған.
Ал өзіміз «екінші Швейцария» атап кеткен Текелі қаласының таулы аумағы, тұмса табиғаты кімді де болса қызықтырары сөзсіз. Әттең туристерге арналған демалыс орындарының аздығы жанға батады. Дегенмен алдағы уақытта облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың бастамасымен шаңғы-биатлон кешені бой көтермек. Бұл да – үлкен жұмыс. Аталған нысан Текелі қаласының сыртындағы Жоңғар Алатауының етегінде орналасады. Спорттық кешен қысқы олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға ғана емес, сондай-ақ тау туризміне де серпін береді.
Моно-қала Текеліге демалысқа туристер негізінен жаз мезгілінде келеді. Ал қыс жақындағанда сол демалыс аймақтары көбіне бос тұрады. Тіпті кейбірі жабылып та жатыр. Шаңғы-биатлон кешенінің құрылысы кең мүмкіндіктерге жол ашады.
«Маған тағы 20 сотық жер бөлінді. Шағын қонақүй салуды жоспарлап отырмын. Мұндай жобалар кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді. Шаңғы-биатлон кешенінің ашылуымен біз көп турист келеді деп күтудеміз, ал ол үшін тиісті сервис қажет», дейді кәсіпкер Ермек Кеңесханұлы,
Жоба құны 15 млрд теңгені құрайды. Оған 9 гектардан аса жер бөлінген. Мұнда бірнеше апатты, иесіз үйлер бұзылады. Тиісті инфрақұрылым да жүргізіледі. Текелі қаласының сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы Рүстем Болатұлының айтуынша, жобаны әзірлеумен «Астана азаматтық жобасы» айналыспақ. Бұл жобада әкімшілік ғимарат, сондай-ақ 200 адамға арналған қонақүй салу жоспарланып отыр.
Шаңғы-биатлон кешені өңірдегі қысқы олимпиадалық спорт түрлері мен тау туризмін дамытудағы зәкірлік жоба болып саналады. Алакөл маңындағы жазғы туризмге қажет инфрақұрылымды жүргізу үшін 60-қа жуық инвестициялық жоба іске асырылды. Ал Балқаш көлі жағалауын абаттандыруға үш жылда 30 млрд теңгеден аса инвестиция бағыттау көзделген.
Таяу екі жылда Орталық Азияның ең биік сарқырамасы Бұрхан бұлағына апаратын жол құрылысы басталады. Оның ұзындығы – 60 шақырымға жуық. Жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауға 83 млн теңге бөлінді. Осы игілікті істердің бәрі Жетісуды туризм саласының төріне шығарады деген ойдамыз.
Жетісу облысы