Тағзым • 01 Ақпан, 2024

Реформатор режиссер

165 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел астанасында белгілі театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Болат Атабаев туралы түсірілген «Мың жылдық ойын» деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Авторы – журналист-жазушы Қанат Тілеухан.

Реформатор режиссер

Автордың айтуынша, фильмді түсіру 2021 жылы, режиссердің 70 жыл­дығына орай жоспарланған. Туындының түсірілуіне тележурналист, Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбайдың дәнекер болуымен кәсіпкер Махат Төреәлі демеушілік көрсеткен.

«2021 жылы Болат Атабаев­тың 70 жылдығы еді. Соған орай түсірсе деген әуелде ой болған. Бірақ оның реті биыл келді. Болат ағамен алғаш телевидениенің жаңалықтар қызметінде жүрген кезде танысып едім. «Қазақ жур­на­­листері сиыр сияқты шорылдатып сигендей ғып жазуды қашан қоясыңдар. Проблеманы бірден нақты жазбайсыңдар ма» дейтін. «Мың жылдық ойынды» бі­т­і­ріп алып, бірнеше рет қарап шық­тық. Болат аға өзі көрсе, не бо­лар еді деп ойлап кеттім де шо­шып кеттім», дейді Қанат Тілеу­хан.

Фильм саяси ұстанымы үшін елден жырақ кеткен режиссердің жан-дүниесін ашып, көрерменге жақыннан танытты. Көп жерде жарияланбаған Болат Ата­баев­­тың бейнежазбалары, Қанат Тілеу­­ханның одан алған сұх­бат­­тары мен «Король Лир» қо­йы­л­­ымы астасып түсірілген. Фильм­нің бастапқы атауы «Абай­дың досы» деп таңдалған. Алайда театр­­ режис­серінің шә­кір­ті Аза­мат­ Шар­ғынның ұсы­ны­сымен «Мың жылдық ойын» болып өзгер­тіліпті.

«Театрдың мың жылдық ойыны әлі жалғасып жатыр.­ Авторитарлық жүйенің, дик­татор­лық биліктің сонау Рим империясынан бергі импера­тор­лардың халықпен ойнауына да мың жыл. Осы мың жыл­дық ойындардың арасында басын­ тасқа да, тауға да соққан режиссердің бейнесін жасауға мүм­кіндігімізше тырыстық. Әрине, Ермек Тұрсынов айт­қан­дай, Болат аға – ең бірінші кезек­те суреткер. Бұл – театрдың қар­сы­лығы, театрдың күресі. Өнер арқылы ол кісі өзінің сөзін айт­қы­сы келді. Еркіндік, демо­кра­­тия­лық құндылықтарды дәріп­те­гі­сі келді», дейді фильм авторы.

Фильмді тамашалаған бел­гілі жазушы-драматург, Абай атын­да­ғы Мемлекеттік сый­лық­тың­ лау­реа­ты Роза Мұқанова туын­­ды және оның кейіпкері ту­ра­лы тебірене келе: «Болат Ата­баев шын мәнінде театрдың реформаторы болды», деп атап өтті.

Сондай-ақ біртуар режис­сер­дің өнердегі талабы өмірде де өзекті екені айтылды.

«Болат Атабаевтың мықты режиссерлігі өз алдына, ол осы күнделікті өмірде де әділдік үшін күресіп өткен қайраткер және сол шынайылықты сахнадан да талап ететін», деді Мақсат Толықбай.

Айта кетейік, тұсаукесерге зиялы қауым мен театр жастары, өнер саласында білім алып жатқан студенттер, марқұмның туыстары жиналды.

Талантты режиссер, аза­мат­тық ұстанымы берік ер есімі кейінгі ұрпақ санасында өшпесе керек-ті. Тұлға өмірінен сыр шертетін осындай туындылар да Атабаев есімінің ескірмеуіне үлес қосар.