Медицина • 01 Ақпан, 2024

Емі тиімді TAVI орталығы

133 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жыл сайын Алматы қаласында қолқа қақпақшасы тарылған 20-22 науқасқа операция жасалса, осындай хирургиялық операцияға мұқтаж науқастардың саны 200-250-ге дейін жетіп жығылады. Осы орайда Алматыдағы Кардиология орталығында жүрекке жоғары технологиялық және зақымы барынша аз операция жасайтын TAVI орталығының ашылуын мегаполис медицинасындағы ілкімді оқиғалар қатарына қосар едік.

Емі тиімді TAVI орталығы

Ендігі жерде елімізде жүрегіне ашық операция жасауға болмайтын ауыр науқастарды иннова­циялық әдіспен емдеуге болады. Ор­талықта тарылған қолқа қақпақшасын жүрекке ашық операция жасамай-ақ, тамыр арқылы ауыстыруға болады. «Қолқа қақ­пақшасының стенозы» диагнозына жоғары технологиялық операцияның бұл түрі наркозсыз жасалады әрі ағзаға зақымы барынша аз. Қысқасы, көзіміз үйренген дәстүрлі хирургиямен са­лыс­тырғанда науқас тез оңалады, ауруханада бұрынғыдай ұзақ жатпайды. Мұндай инно­вациялық операцияның жасы 70-тен асқан және одан егде жаста­ғылар үшін тиімділігі жоғары.

«Қолқа қақпақшасының стенозы» – орта қақпақшасы тарылып, қажетінше ашылмаған кезде, яғни жүректен денеге қанның қалыпты өтуіне кедергі келтіретін саңылаудың қатты тарылуынан пайда болатын кесел.

Ал науқастар қалалық Кардио­логия орта­лы­ғында жүректің ультра­дыбыстық зерттеуі­нен өте алады. Бұған қоса жоғары деңгейде диаг­ностикалауға мүмкіндік бере­тін 128 тілім­нен тұратын заманауи КТ аппараты бар. Көр­сеткіштер бойынша қажет болған жағдайда пациенттерге жедел хирургиялық TAVI (transcatheter aortic valve implantation) операциясы жасалады.

Осы арада TAVI орталығының ашылуына орай, Кардиология орталығының қызмет­керлеріне шеберлік дәрісін өткізу үшін Фрайбургтен (Германия) эндовас­ку­лярлық хирургия директоры Франц-Йозеф Нейман арнайы шақыртылғанын айта кеткен жөн.

Қалалық кардиология орталы­ғы­ның директоры, медицина ғы­­лымдарының докторы, профессор Роза Қуанышбекова: «Қолқа қақпақшасы тарылған па­циенттеріміз біздің стационарға қайта-қайта түсіп жатады. Ал консервативті ем-дом барлық кезде тиімді бола бермейді. TAVI әдісін қолдану және оған қоса TAVI орталығының ашылуы – денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызды оқиға. Пациенттерге де айтарлықтай пайдасы көп. Дәстүрлі операция жасы келген, егде жастағы пациенттер үшін тым қауіпті. Ал бұл операция­дан кейін науқас тез оңалады әрі ас­қыну ықтималдығы аз. TAVI отасы қолқа қақпақшасы стено­­зы­ның ауыр түріне душар болған жандардың денсаулығын айтарлықтай жақсартады. Сон­дай-ақ TAVI орталығы кардиохирургия саласындағы маңызды ме­дициналық зерттеулерді да­мы­туға, арнайы мамандарды даяр­лауға өз үлесін қосады», дейді.

Орталықта осы операция­ны жү­зеге асыра алатын, Ұлт­тық ғы­лыми кардиохирургия ор­та­лы­­­ғының мамандары машық­­тан­дыр­ған Германия мен Түр­кия кли­ни­кала­рының жетекші дәрігерлерінен білім алған қызметкерлер бар.

«TAVI процедурасы сандағы күретамыр арқылы баратын кате­тер арқылы жүзеге асырылады. Катетер жаңа клапанды қалаған жерге жеткізіп, онда ол тарылған клапанды ашып, ауыстырады. Бұл үдеріс наркозсыз жасалады және жүрекке ашық операция жасау­ды қажет етпейді, қан ағымын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Ал мұның барлығы бір жерден табылуы науқастың мәселесін жедел шешуге мүмкіндік береді», дейді қалалық кардиологиялық орталықтың рентген хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Оразбек Сахов.

Эндоваскулярлық хирургия директоры Франц-Йозеф Нейман өз елінде қолқа қақпақшасын ауыстыру операциясы жиі жасалынатынын, TAVI импланты өте дамығанын, Германия осы отаны жүргізу жағынан Еуропада ал­дыңғы орынға ие екенін айтады.

Ал 2 миллионнан аса халқы бар мегаполиске де осындай бір орталық аса қажет екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан бұл жоба МӘМС пен ТМККК аясында атқарылғанын айта кеткен жөн. Ең бастысы, Алматы аймақтардан келген науқастарды да ажалдан арашалап қана қоймайды, бұл жерде майталман мамандар тәжірибе алмаса отырып, медицинаны да дамытуға болады.

 

АЛМАТЫ