Халық • 01 Ақпан, 2024

Ауған асқан ағайын

672 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Өткен жылы 15–23 желтоқсан аралығында ғылыми қызметкер Елдос Сауырқан екеумізге Ауғанстанға барудың сәті түсті. Бастамамызға қолдау білдірген – институт басшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Ермұқанұлы. Сапарымыздың басты мақсаты – ауған тарихшы-ғалымдарымен кездесіп, оларды институт жұмысымен таныстырып, ел тарихына қатысты деректер жинақтау.

Ауған асқан ағайын

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Бұдан бөлек «Ауғанстанда қазақтар бар ма?», «Нақты не­ше қазақ өмір сүріп жатыр?», «Олар расымен қазақ па, қа­зақ атын жамылып, елге кел­гісі келетін өзге ұлттар ма?» де­ген сұрақтарға жауап із­деп, Ауғанстанның түркі халық­тары­ның этностық сипатымен танысуды да мақсат тұттық.

2022 жылдың қаңтарында «20–50 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақ­тау жөніндегі мемлекеттік комис­сияның материалдары. ХХ ға­сыр» сериясы бойынша жарық көрген мұрағат құжаттарының алғашқы жинақтарында көрсе­тілгендей, елімізден жер ауып кет­кен ағайынды кездестіріп қа­ла­мыз ба деген үмітіміз де жоқ емес.

пар

Малдарынан айырылып, аштық пен қуғын-сүргін қау­пінен үріккен ел ар жағы Қытай мен Ауғанстан, бер жағы Тәжік­стан мен Өзбекстанға бас сау­ғалап қаша бастады. Жол азабы мен ауру-сырқаудан арып-ашқан босқын елдің ол жақтағы жағдайы да оңған жоқ. Біразы сол жақта КСРО ыдырап, Қазақстан тәуелсіздігін алғанша қалып қойса, аман қалған бір бөлігі елге оралды. Аштықтан арып-ашқан босқын жұртты бұл жақта сол баяғы қылышынан қан тамған НКВД ғана күтіп отырды. Кеңестік Қазақстандағы қызыл қырғыннан қаймыққан ағайынның біразы сол күйі елге қайтпай, әрі қарай Ауғанстан асқан деген деректер бар.

Алматыдан Мазари Шәріпке дейін көлікпен қалай жеткенімізді, үш елдің шекарасынан қалай өткенімізді тәптіштеп жазбай-ақ қояйық. Айтарым, талибандардың бақылауындағы қазіргі Ауғанстан әмірлігі (қазір мемлекет осылай аталады) – шетелдіктер үшін қауіпсіз, тығырыққа тірелген эко­­номикасын дамытуға бет алған, Қазақстанмен достық қа­ты­настағы ел. Қазақтың абы­ройы бұл жақта да жоғары екен. Ауған елінде қазақтың би­дайы­нан жасалған ұннан піскен тан­дыр нанды жеп тұрып, «өз бидайын өзіне қуырып берген» деген осы екен дедік.

шш

Ауғанстан мен Қазақстан арасында Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан орналасқанымен, Же­тісай мен Мазари Шәріп қала­сының арақашықтығы бар бол­ғаны 670 шақырым, бұл қа­шықтық Шымкент пен Алма­ты­ның арасындай. Ғасырлар бойы қазақ жері мен ауғанның солтүстік бөлігі аралас-құралас болып, аймақтағы саяси және этностық үдерістердің ортасында жүрді. Біз ауған сапарында өздерін «қазақпыз» деп санайтын отбасыларды анықтап, қазаққа жақын бірнеше жергілікті тайпа өкілдерімен кездесіп, қазаққа тән жер-су атауларын таптық.

Ауғанстанның солтүстігіндегі Құндыз қаласының жанынан ені 200 метр шамасында Алшын өзені ағып жатыр. Өзеннің үстінен өтетін маңызды көпірді де «Алшын көпірі» деп атайды. Саманған қаласынан оңтүстікке қарай 60 км шамасында, тау ішінде бір ауыл округіне қарайтын Қазақлы және Алаша ауылдары бар. Қазақлы аулының тұрғындары өздерін алаша тайпасынанбыз дейді. Тегін қазақ деп жаздырады. Өзбек тілінің қыпшақ диалектісінде сөйлейді. Қазақ қоңыраттарының ноғай руы жайласқан Сүлікті аулы Дулат тауының етегінде орналасыпты.

зз

Саманған қаласынан оңтүс­тікке қарай 65 шақырым жерде – тау бауырындағы биік төбе­де Әзірет Сұлтан белгісі тұр. Жер­гілікті тұрғындар ескерткіштің кімге тән екенін, Әзірет Сұл­танның кім екенін білмейді. Ма­зари Шәріпте Қожа Ахмет Ясауи махаллесі (ауданы) бар.

Ауғанстандағы қазаққа тән ру-тайпалардың тарихын 3 ке­зеңге бөліп қарауға болады. Бірінші кезеңде – ХV–XVI ғасырларда ауған жеріне келген тайпалар, Қазақ хандығының құрылу кезеңінде қалыптасып, қазақ пен өзбекке ортақ және осы екі этнос арасында бө­лінген өзбек-қазақ рулары. Со­лар­дың бірі – қаңлылар, Ауғанстандағы саны ең көп тайпа. Шамамен, 50–60 ауыл бар. Өзбекше сөйлегенімен, олардан айырмашылығы «й» емес, «ж» деп сөйлейді. Қарияларымен байланыс орнатып, Әзізолла атты ақсақалдың телефон нөмірін алдық. Осындай тайпаларға жататын наймандар 15 мыңдай бар екен. Бұлардың тағдыры қиын­дау. Тілдерін ұмытып, тә­жік­ше сөйлейді. Өзбектер тә­жік деп тіліне қарай шеттетсе, тәжіктер өзбек деп түрі мен тегіне қарай қос­пайды екен. Кейінгі кез­дері сауатты жастары ізденіп, най­мандардың қазаққа жақын екенін біліп, тілдерін, тарихын қалпына келтіруге тырысып жүр. Жалпы, мұнда 15 мыңдай қыпшақ бар. Нығматулла ақсақалдың айтуынша, бұлар қара қыпшақ, Мазари Шәріптен 60 км жердегі Мұрынқара аулында тұрады, тілдері өзбекшеден өзгелеу.

Өзбек қоңыраттарын, лақай­ларды, қатағандарды да осы бі­рінші кезеңдегі тайпаларға жат­қызуға болады. Бұл кезеңде келген қазақ-өзбек тайпалары өздерін қазақпен көбірек байла­ныс­тырғанымен, ақпараттық вакуумға орай жалпы бейтарап жағдайда. Өзбекстан үкіметімен араларында ешқандай мәдени байланыс жоқ. Егер Қазақстан жағы баурына тартып, икемдесе қазақ халқымен интеграциялануға дайын.

щщщ

Екінші кезеңде – қазақ же­ріндегі XIX–XX ғасырлардағы түрлі саяси оқиғаларға байланысты Ауғанстанға қоныс аударып, сол жердегі жергілікті өзбектерді паналап, өзбек тілінің қыпшақ диалектісінде сөйлеп, отырықшы дәстүрдің ықпалына түсіп үлгерген қазақ тайпалары. Бұл қазақтар арғы атасына дейін ұмытпаған, ата-бабаларынан жеткен естеліктерді бүге-шігесіне дейін айтып отыр. Байұлының оқығаны Мұқитдин ақсақал ауған­ның Ларған қаласында 60–70 отбасы таз, алаша рулары бірге тұрып жатқанын, олардың өзбекше сөйлейтінін, өзі ізденіп, шежіре жазып жүргенін айтты. Ашамайлылар да өзбекше сөйлегенімен, өздерін өзбектерден бөлек ұстайды.

Үшінші кезеңде – кеңестік жүйенің қуғын-сүргіні, аштық пен кәмпескелеу кезінде Ауған жеріне қоныс аударғандар.

Сапарымыздың соңғы күн­­дері Ауғанстанда қазақ қоңы­ратта­рының ноғай, алғи, саңғыл рулары бар екенін естіген­де, құла­ғымыз елеңдеп қалды. Жол­бас­шымыз Қаландар Рахым бау­рымыз бізді Ғұламсақы және Шарападдин Самай атты аза­маттарға жолықтырды. Олар­дың айтуынша, аштық жылдары Түркістан облысының Байтоғай, Қожатоғай, Сызған ауылдарынан өзбек арқылы ауған жеріне өткен. Ноғай руынан Қаландар баурымыз ата-бабасының Түр­кістан, Жаңақорған өңірінен ауғанның Саманған аймағына келгенін айтып отыр. Дулаттың оймауыт руынан 60 шақты отбасы бар. Бабалары Шаяннан аштық жылдары келген, Мазари Шәріпте тұратын Асадолла бау­рымыздың айтуынша, ауғанда 70 отбасы оймауыт бар. Кіші жүздің сарғасқа, кете және дуан руларынан да 20 шақты отбасы бар. Барлығы елге қайтуды аңсап отыр. Расул атты оқыған зиялысы қазақ топырағына кері қайтатындардың тізімін де жасаған екен. Айтуынша, олардың бәрі елге кетуге дайын.

Ауғанстанда талибан үкі­ме­тінің алдындағы билік кезін­де генерал-лейтенант атағын алған Сейдахмет Самай ағамыз­дың үйінде болдық. Баласы Ша­рападдиннің айтуынша, әкесін террористер 2013 жылы жарып өлтірген. Әкесі көзі тірісінде «біз қазақпыз, қоңыратпыз, оның ішінде самай саңғылмыз», деп айтып отырады екен.

Аз уақыттың өзінде бұл ай­мақта тұрып жатқан этностық қазақтардың қазақ екенді­гін анық­тайтын алғашқы лин­гвис­тикалық дәлелдер де тап­тық. Болашақта лингвистер, тарихшы-этнографтар, дінтанушылардан тұратын экспедиция жасақталып, бірігіп жұмыс істесе, бұдан ауқымдырақ, нәтижелірек зерттеулер жүргізер еді. Егер мемлекет тарапынан Ауған қазақтарын сараптауға арнайы комиссия құрылса, осы топтың жұмысына тарихшы және этнограф ретінде көмектесуге, кеңес беруге дайынбыз.

Ауғанстан қазақтары өзбек пен тәжіктердің арасында ұзақ жыл бірге өмір сүрсе де, қазақтың кейбір төл сөздерін анық сақтап қалған, тұрмыстық тілде қазақтың төл сөздерін жиі қолданады. Мысалы, Ауған қазақтары балаларын «айналайын», «құлыным» деп еркелетеді. Бұдан басқа «шу шығару», «сай», «шал», «қылық», «шынымен», «сырт жақ», «лақ тарту» (көкпар), «ата», «апа», «әке», «бәйбіше», «жауыр», «жауы­рын», «жылқы», «құлын», «жарты», «жайлау», «желке», «жолдас», «жатыпатар» (сөзі мірдің оғындай кескін, салмақты), «тек жүрмеу», «жүз» (бет), «қызару», «ұқсау», «құда», «құдағи», «құ­да бала», «қалпақ», «теңге», «ауыл», «босаға», «абайла», «ой пірім» (ойпырым), «айтпақшы», «қалың­дық», «шашылу», «шы­мыл­дық», «маңдай», «төбе», «шаңы­­рақ», «киіз үй», «уық» се­кіл­­ді көптеген қазақ сөзінің жақ­сы сақ­­­талғанын зерттеу барысын­да анықтадық. Сонымен бірге қазақы ырым мен тыйымдар да ауызекі тілде сақталған. Атап айтар болсақ, олар да «босағада тұрма», «босағаны керме» дейді. Сондай-ақ «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ», «Су ішкен құдығыңа түкірме», «Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» деген мақалдар сақталған. Бұл сөздер дәл осы қалпында күні бүгінге дейін қазақтар арасында белсенді қолданылып, Ауғанстан қазақтарын өзбектерден, тәжік­терден ерекшелеп тұрады. Зерт­теу нәтижелері жақында толық ғы­лыми мақала түрінде жазылады.

Ауғанстанда қазақтар бар. Дәл санын анықтау күрделі. Оны арнайы ғылыми сараптаудан кейін ғана нақты айтуға болады. Ауған асқан ағайынды, сөз жоқ, елге қайтарып алу керек. Діндері – еліміздегідей дәстүрлі ислам, суннизм мазхабының матруди бағыты. Қазақтар арасында салафизм мен уахабизмге ұрынғандары мүлдем жоқ. Тілдері таза қазақша емес деп, оларды ұлт қатарына қоспауға болмайды. Әрине, жүздеген жылдық тарихи Отанынан оқшауланып, басқа ортада өмір сүру олардың тіліне, мәдениетіне ықпал етпей қоймайды.

Ауған қазақтары мемлекет тарапынан ешқандай қолдауға ие емес. Өз күндерін өздері көріп жатыр. Көбі сауда, құрылыс, көлік жөндеу, егіншілік салаларында қызмет етеді. Шағын кәсіп иелері де бар. Ешқандай ауыр жұмыстан қашпайды. Елге барса, Қазақстанның теріскейінде тұруға дайын.

Өкінішке қарай, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары шетелдердегі қазақтарды тарихи отанына қай­тару науқаны кезінде біраз хазар ұлтының өкілдері қазақ атын жамылып, Қазақстанға өтіп кеткен екен. Хазарлар – Ауғанстанның Бамиян провинциясында жасайтын, тәжік тілін­де сөйлейтін, шииттік ағымды ұстанатын ұлт. Тарихи деректерге қарағанда, Шыңғыс хан заманында осы аймақта билік еткен Шағатай ұрпақтарына қыз­мет етіп, әскери қызмет ат­қар­ған. Кейін тәжіктер арасында қалған хазарлар бірте-бірте парсыланып, тілін де, дінін де ұмытып, ассимиляцияға түсіп кеткен. Бұрынғы үкімет кезінде де, талибтер кезінде де шииттік ағымда болғаны үшін қуғын-сүргін көріп жүрген хазарлар антропологиялық жағынан қазақтарға өте ұқсайды. Білмейтін адам оларды қазақ екен деп қалуы әбден мүмкін. 90-жылдары парсы тілін білетін шығыстанушы мамандар болмағандықтан, оларды қазақтардан ажырата алмай, біразы елге өтіп кеткен. Тарихи  тамырымыз бір болғанымен, оларды қазақ қатарына қосуға болмайды. Ең басты қауіп – олардың дінінде.

 

Жомарт ЖЕҢІС,

Ш.Уәлиханов атындағыТарих және этнология институты директорының орынбасары