Халық • 01 Ақпан, 2024

Есім таңдауы ерекше

1777 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бірде Сыр бойындағы Жаңақорғанда болғанбыз. Аудан орталығын шарлап жүріп, несібесін адалынан терген отбасыға жолықтық. Үй егесі Асылбек – 25 жыл жүргізуші болған жергілікті жердің байырғы тұрғыны. Өзі ауылда жоқ болып шықты. Ал отанасы күнделікті тіршілікпен есік алдында жүр. Бізбен сөйлескен сол ғана.

Есім таңдауы ерекше

Фото: stan.kz

– Қазақ баланы санамайды. Cанын да айтпаған, – дедім аман­дық сұрасқаннан соң. – Көпбалалы ана екеніңізді естіп, әдейі бұрылдым. Маған қызығы, бала­ларыңыздың аты болып тұр. Есім қоюда естілік танытқан сіз­дер­дің әулет туралы сырттай естуім бар еді.

– Айтайын, Құдай берген, көз алдымызда тәрбиелеген жеті қыз, алты ұл бар. Көптік етпесін, Аллам, – деп ашыла сөз бастады Күләш апа. Іштей «он үш баланы дүниеге әкелген қазақ әйелін соңғы рет қашан естіп едім» деп ойланып үлгергенше болмады, аласа бойлы, шағын денелі жаңақорғандық анамыз балаларының атын санамалай жөнелді.

– Үлкенім – Ақнұр, сосын – Гүлнұр, Нұргүл, Нұрмахан, Нұрсұлтан, Нұрлан, Нұрболат, ыммм, – деп ернін тістелеп сәл ойланды да, қайта жалғастырды. – Нұржамал, Нұрсұлу, Нұржігіт, Нұрғали, Балнұр, Нұрдана.

– Барлығы «нұр» екен, – дедім мен. Тіпті бұрыннан біліп тұрсам да, Күләш апа ұл мен қызды сана­ма­лағанда таңданысымды жасыра алмағанмын.

– Қайныларымның үйшашар­лары да осындай ғой, – деді ол бұл аздық етсе, тағы да бар дегендей көзқараспен.

– Рас па?

– Осы үйдегі ағаңнан ке­йін­гі екі ұлдың балаларының атына «нұр» сөзі басы не аяғында тіркескен, – деді аңқылдай күліп.

– Аттарын айтыңызшы.

– Қасымбектің балалары Айнұр, Нұрлыбек, Нұрман, одан ке­йін кім еді? Осы жолы балалар есі­мінен шатаса бастаған Күләш апаға кіші қызы көмектесті.

– Мама, Нұрдаулет, сосын Нұрберген, – деп демеп жіберген сол еді, апамыз әрі қарай іле кетті.

– Әә, иә, одан соң Нұртөре, Нұрайлым, Нұрбибі. Бұл ортаншы қайнымның сегіз баласы. Кіші қайным Асқардан – Нұржан, Нұрмұхаммед, Нұрлыбай, Нұрислам.

– 25 «нұр» екен, – дедім мен іштей есептеп болған соң тапқырлық танытқандай.

– Енемнің қойғаны көбісі. Біз негізі үш келін бір шаңырақ астында 30 жыл тұрғанбыз. Шынашақтай кемпір үш келінді 30 жыл қазақи дәстүрмен тәрбие­леген. Сол енемнің айтқаны ғой. Мына балалардың атын «нұр» сөзінен басқаға ауыстырғымыз келеді ғой. Енем марқұм «менің ертең талқаным таусылар, сол кезде «Лаура-Паура», «Айда-Сай­даңды» қойып аларсыңдар» деп бір-ақ рет кесіп айтты. Сол «нұрдан» алыстамадық, сол нұрға шомылған бақытты әулетпіз, мың шүкір.

– Жергілікті жердің атқамі­нер­лері көмектесіп тұратын шы­ғар...

– Шырағым-ай, қол жа­­йып баруға жоқпын. Әр бала өз не­сі­бесімен туылады. 25 бала кешегі күнге дейін, дұрысы 2010 жылға дейін бір дастарқан ба­сында тамақ ішіп, бірінің киі­мін бірі киіп, тату өсті ғой, қарағым. Сенсең айтайын, түске дейін оқитын ұлдың аяқ киімін оған тетелес інісі есік бұрышында күтіп тұратын. Өйткені түстен кейін сабаққа баруға ағасының аяқ киімі керек. Сол кезде бәріне бірдей киім қайда? Қазір не керек, бәрі бар. Еңбек ет, ақша тап, дүкенде толып тұр.

Расымен, отбасы бірлігін бекемдеген әулеттің көпбалалы бол­ғанымен қоймай, қазақы есімді берік ұстануында да үлкен мән бар. Кейінгі жылдары тым мәні қашыңқыраған есімдерді естіп жүрміз. Мағынасын да ашып айта алмаймыз. Есім таң­дауда өзгелерге еліктеу басым ғой бізде. Мойындау керек.

Айтпақшы, пайғамбар жасынан асқан отағасы Асылбек Исаев ұлдарын еңбекке тәрбие­леп, ұсталықтың қыр-сырын үйреткен. Содан болар, қара еңбектің ар­қасында бұл отба­сы­ның дастар­қаны адал. Балалар тәрбиесінде қалғымай, қазақы әйелдің бейне­сін бізден алыс­тат­па­ған Күләш Жүнісова апаның тілегі біреу-ақ.

– Көрген жерде, ағайын арасында, той-домалақта бір-ақ сөз айтамын. Менің жолымды берсін. Кейбір келіндер мұрнын тыржитады. Іштей жақтырмас. Мен айта берем сонда да. Құдай өзі берді ме, өлтірмейді. Несібесін қоса береді. Туыңдар деймін. Балаң көп болса, бауырмал болады, бір-бірін көтеріп бағады. Бір-екеумен шектеліп, біз өспейміз ғой...

Жаңақорғандық ананың сөзін айна-қатесіз қағазға осылай түсірдім. Өйткені шынайы лебізі еді. Бізге де жетіспей жүргені осы ғой.