Қазақстан намысын спорттың 5 түрінен (9 бағдарлама) 41 жасөспірім қорғады. Нәтижесінде, спортшыларымыз 1 алтын, 2 қола медальмен бейресми жалпыкомандалық есепте 20-орынға табан тіреді. 14 күн бойы жалауы желбіреген байрақты бәсекеде ұлттық құрама спортшыларының жекелеген бағдарламадағы нәтижесіне көз жүгіртіп өтсек.
Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі хабарлағандай, алдымен Олимпиаданың алғашқы күні шаңғымен тұғырдан секіру жарысында Қазақстан Әнұраны шырқалды. Илья Мизерных 214 ұпай жинап, жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасында тұңғыш Қазақстан чемпионы атанды. Бұл күні Алёна Свириденко – 27, Софья Шишкина – 29, Илья Шильников 30-орын алды. Аралас командалық сайыста Қазақстан (Илья Мизерных, Илья Шильников, Софья Шишкина мен Алёна Свириденко) 491,3 ұпай жинап, 13-сатыға табан тіреді.
Шорт-тректен Қазақстан ойындарға толық құрамда (2 ұл, 2 қыз) қатысқан тоғыз елдің бірі болды. Мұнда Полина Омельчук 1 000 метрге жарыста қола жүлдеге қол жеткізді. Сондай-ақ ол 1 500 метрге жарыста финалға шыққанымен медаль ала алмады (6-орын). Анастасия Астраханцеваның үздік көрсеткіші – В финалы (6-орын). Ұлдар арасында Ерасыл Шыңғысхан мен Мейіржан Төлегеннің жекелей сындағы үздік нәтижесі ширек финал болды. Эстафетада Қазақстан жартылай финалда Ерасылдың құлап қалуына байланысты жарысты аяқтай алмады. Хоккейден (3×3) ұлттық құрама жарады. Қола жүлде үшін болған кездесуде Аустриядан 6:5 есебімен басым түсіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Жасөспірімдер олимпиадасына (3×3) хоккей алғаш рет қосылғанын айта кетейік. Қазақстан топтық кезеңде Польша, Испания, Ұлыбритания, Қытайдың Тайпейін ірі есеппен жеңген-ді. Алайда Дания, Аустрия, Латвияға тартысты матчта жол берді. Соған қарамастан плей-офқа шығып, жартылай финалда Латвияға тағы есе жіберді.
– Жасөспірімдер Олимпиадасында алғаш рет бақ сынап, қарсыластарымызбен соңына дейін айқастық, – деп бастады әңгімесін хоккейші Жаһангер Тілеухан. – Алғашқы Польшамен өткен кездесуде ірі жеңіске жеткенімізбен, Аустриямен теңдей ойында 8:9 есебімен жеңілдік. Бірінші жеңіліс командамызға эмоциялық тұрғыда әсер етті. Дегенмен қола жүлде үшін ойында қайта жолығып, есемізді қайтара алдық. Қандай қорытынды шығаруға болады? Салыстырмалы түрде біз Латвиядан кейін ең көп 104 шайба соққан команда атандық. Әйтсе де көптеген мүмкіндікті қолдана алмадық. Кемшілігіміз – қорғанысымыздың тұрақсыздығы. Себебі 9 ойында қақпамызға 83 шайба өткізіп алдық. Тіпті чемпион атанған Латвияны бірінші кезеңде ұтқанымызбен, кейін бірнеше шайба жібердік. Жалпы, Олимпиадада Қазақстан ұлттық құрамасының тізіміне еніп, ел намысын қорғағанымды мақтан тұтамын.
Тау шаңғысында ел намысын Александра Скороходова мен Владислав Хохлов қорғады. Александраның үздік көрсеткіші – 5-орын (гигант слалом). Ал Владиславтың нәтижесі – 19-орын (слалом). Конькимен жүгіруде әпкелі-сіңлілі Кристина және Алина Шумековалар, Руслан Жанәділов пен Михаил Матрюхин сынға түсті. Олардың нәтижесі мынадай: Кристина Шумекова – 7-орын, (500 және 1 500 м), Алина Шумекова – 10-орын (500 м), Руслан Жанәділов – 8-орын, (1 500 м) және Михаил Матрюхин 17-орыннан (1 500 м) көрінді.
Бұған дейінгі ойындарда ең көп жүлде алған биатлоннан бұл жолы жүлдесіз қалдық. Аралас жұптық сында Ілияс пен Алема Қарабаевалар 10-орында болса, аралас командалық эстафетада Қазақстан 11-орыннан көрінді. Жекелей сындағы жақсы нәтиже – Кирилл Зотовтың еншісінде (23-орын, 12,5 км). Фристайлдың могул түрінде Юлия Феклистова 9, ал Денис Раструба ұлдар арасында 10-сатыдан көрінді. Командалық жарысты екеуі де 12-орынмен аяқтады.
Кёрлингтен ұлттық құрама мүшелері Ибрагим мен Мерей Тастемірлер топтық кезеңнен шыға алмады. Алғашқы кезеңде олар Италиядан басым түскен-ді. Алайда Аустрия, Германия, Швейцария мен Дания құрамасына есе жіберді. Шаңғымен жарыста Қазақстан құрамасы (Берік Боранбаев, Әубәкір Тотанов, Милана Мамедова, Виолетта Митропольская) эстафетада 16-болып мәре сызығын кесті. Бұл – олардың Альпенсия кешеніндегі ең жақсы нәтижесі. Жекелей сындағы жақсы көрсеткіш – Берік Боранбаев (22-орын, еркін әдіс) пен Виолетта Митропольскаяда (25-орын, классикалық әдіс).
Канвон төрінде Қазақстан спортшылары алғаш рет фристайл-могул, хоккей (3×3) мен кёрлингтен жүлдеге таласты. Барлық 4 қысқы Олимпиаданы қоса есептегенде, Қазақстан жеңіп алған медаль саны 8-ге жетті (1 алтын, 1 күміс, 6 қола). Оңтүстік Кореяда Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медаль түсті. Тунис пен БАӘ елінің спортшылары алғаш рет қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында бақ сынады. Олар 7 спорт түрінен (15 бағдарламада) 81 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Көш басында 11 алтыны бар Италия тұрса, одан кейін Германия жайғасты. Ең көп жүлде алған мемлекет – АҚШ (21). Каннында Бразилия, Таиланд, Түркия мен Тунис спортшысы алғаш рет өз еліне жүлде сыйлады. Кешенді жарыс 12 нысанда өтті. Оның жетеуі 2018 жылғы Пхенчхан Олимпиадасы кезінде салынған.
Сонымен, 2 ақпанда Каннын қаласындағы «Youth Olympic Park» кешенінде өткен жабылу салтанатында еліміздің Көк байрағын Берік Боранбаев пен Мерей Тастемір ұстап шықты. 2028 жылғы Қысқы ойындарды қабылдайтын ел 2025 жылы белгілі болады. Ал 2026 жылы Сенегалда (Дакар-2026) жазғы спорт түрлерінен жасөспірімдер Олимпиадасы өтеді.