Күрес • 04 Ақпан, 2024

Жәмиланың жанкештілігі тәнті етті

69 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада әйелдер күресінен Қазақстан чемпионаты аяқталды. Республикамыздың барлық аймағынан келген 107 бұрымды бір тәуліктің ішінде 10 салмақ дәрежесі бойынша белдесіп, өзара бәсекеде мықтылар мен осалдарды анықтады.

Жәмиланың жанкештілігі тәнті етті

Көрермендер назары 76 кг салмақ дәрежесіне ауды. Себебі бұл салмақта Рио Олимпиада­сы мен Джакартадағы Азия ойын­дарының қола жүлдегері, Азия чемпионатында жеті рет (2 алтын, 2 күміс, 3 қола) жеңіс тұғыры­на көтерілген қарағандылық Ел­мира Сыздықова мен астаналық Жәмила Бақбергенова күресті. Дәл бүгін, яғни 5 ақпанда Ел­ми­ра 32 жасқа толды. Десек те оның қарсыласы да осал емес еді. Осыдан тура бір ай бұрын 28 жасқа толған Жәмила – әлем чемпионатының екі дүркін күміс және бір мәрте қола жүлдегері, Азияның үш дүркін чемпионы және екі мәрте жүлдегері. Десек те ол бұл атақтың барлығына 72 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен кездері қол жеткізді. Ал Бақбергенованың түпкі мақсаты – Олимпия ойындарында атой салу. Сол себепті де оған дереу салмағын ауыстыруға тура келді.

Аса ауыр салмақтағы қаты­сушылар санының аздығынан жарыс айналмалы жүйе бо­йынша өтті. Алғашында екеуі екін­ші кезеңде кездесіп, аса шие­леністі бәсеке 5:3 есебімен Сыздықованың пайдасына ше­шілді. Бұл жағдай Жәмиланы жа­сытқан жоқ. Керсінше, жігер­лендіре түсті. Одан кейін өзге ба­луандары сыпыра ұтқан ол ақ­тық сайыста сыралғы қарсы­ласымен қайта жолықты. Бұл жолы Бақбергенованың бағы жанды. Бәсеке барысында ұты­лып жатқанына қарамастан ол соңына дейін аянбай айқасты. Ақыры оңтайлы тұста Елмира­ны кеудесінен асыра лақтыр­ды. Төреші Жәмиланың бұл әдісін төрт ұпаймен бағалады. Осылайша, чемпиондық атақ ел­ордалық аруға бұйырды. Елмира күміс жүлдені қанағат тұтты. Қола медальді Гүлмарал Еркебаева еншіледі.

68 кг салмақта күш сынасқан Жәмиланың сыңары Азия чемпионы Мәдина Бақбергенова ақтық сынға дейін алқынбай жеткенімен, финалда көпті көр­­ген 37 жастағы шымкенттік спорт­­шы Елена Шалыгинамен белдес­ті. Оның Бейжің Олимпиадасы ­(1 қола), әлем чемпионаты (1 кү­­міс, 2 қола), Азия ойындары ­(1 алтын), құрлық біріншілігі (2 алтын, 2 күміс, 2 қола) және Ислам ынтымақтастығы ойындарында (1 алтын) атой салғанын жан­күйерлер жақсы біледі. Мәдина Еленаны еңсере алмады.

Өзге салмақ дәрежелерінде мы­на балуандар алтыннан алқа тақты: 50 кг – Лаура Ғаниқызы (Алматы қаласы), 53 кг – Жұлдыз Ешімова (Астана), 55 кг – Зүлфия Яхьярова (Қарағанды), 57 кг – Эмма Тисина (Астана), 59 кг – Диана Каюмова (Астана), 62 кг – Ирина Кузнецова (Акмола), 65 кг – Ирина Казюлина (Абай) және 72 кг – Анастасия Панасович (БҚО).