Ұстаздарыма қарыздармын
– Әшімнің жақсы актер ғана емес, ыждағатты ұстаз екенін де байқадық. Жалпы, шәкірт тәрбиелеу қиын емес пе?
– Ұстаз деуге ертерек шығар. Өзімді әлі күнге дейін төрт жыл бойы актерлік өнерге баулыған ұстазым, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, белгілі актриса Рахилям Машурованың алдында шәкірт сезінемін. Сол кісінің қасында жүріп, үйренерім көп екендігіне көз жеткізе түскендеймін. Сондықтан ұстаз дегеннен гөрі оқытушы деген орынды. Рахилям Әбдірахманқызымен бірлесіп биыл, міне, студенттерімізге 3-курсты тәмамдатуға жақынбыз.
– Жалпы, Рахилям Машурованың шеберханасына қалай тап болдыңыз?
– Ағам Әділ Ахметов Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының актерлік бөлімінде білім алғандықтан, оқушы кезімнен бұл жаққа жиі келіп жүретінмін. Алғаш театр әліппесімен сол кезде таныса бастадым. Сол себепті өнер әлемі маған таңсық болды деп айта алмас едім. Ағам арқылы жеткен актерлік әлемнің сол таңғажайып атмосферасы мені бірден өзіне арбап алды. Сөйтіп, мектеп бітірген соң академияға оқуға тапсырып, профессор Рахилям Әбдірахманқызының шеберханасына қабылдандым. Рахилям апай – Роза Рымбаева бастаған өнердің небір таланттарын тәрбиелеп шығарған ұлағатты ұстаз. Мен де сондай нағыз кәсіби маманның алдын көргенімді зор мақтаныш тұтамын. Ұстаздарыма қарыздармын. Қазір апайымның қасында жүріп екінші ұстаз ретінде актерлік мамандықта оқитын студенттерді тәрбиелеп жатырмыз.
– Демек ағаңыздың ақылы актерлік мамандыққа бағыт бұрғызды ғой?
– Ағам мамандық туралы танымымның қалыптасуына әсер еткенімен, таңдау – өзімдікі. Өйткені біздің отбасының өзі әу бастан өнерге өте жақын. Әсіресе әкем бала күнімізден газетті көп оқып, біз туралы жылт еткен жаңалықтың барлығын жинап, жүйелеп отыратын. Қатталған архив үйде әлі күнге дейін сақтаулы. Осының барлығы әсер етпей қоймайды ғой. Одан кейінгі тағы бір үлкен себеп – «Көшпенділер» фильміне түсуім.
Марк Дакаскоспен бір фильмге түстік
– Иә, «Көшпенділер» фильмінің сіздің өміріңізден айрықша орын алатынын білеміз. Айтулы туындының бала Әшім танымына әсері қандай болды?
– Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сөз басында айтып өткенімдей, ата-анам өте белсенді, өнерге сергек қарайтын сезімтал адамдар. Әлі есімде, бала күнімізде Алматыдағы хайуанаттар бағына Африка құрлығынан қос керік әкелінген екен. Соған ат қою үшін газет арқылы байқау жарияланды. Отбасымызбен отырып барлығымыз дала көріктілеріне ат іздедік. Соңында әрқайсысымыз өз нұсқамызды жазып, хат жолдадық. Нәтижесінде, көп есімнің ішінен анамның нұсқасы таңдалып, қос керікке Сұлу және Сымбат деген ат қойылды. Мұны неге айтып отырмын, «Көшпенділер» фильміне түсуіме де отбасымыздағы өнерге деген осындай ерекше махаббат әсер етті. Бір күні әпкем Мәдина газеттен фильмге іріктеу жарияланғаны туралы хабарландыруды көріп қалады да, мені дереу суретке түсіріп, фотомды кастинг орталығына жолдайды. Нәтижесінде, іріктеуден өтіп, «Көшпенділер» фильмінен бір-ақ шықтым (күлді).
– Ол кезде неше жаста едіңіз?
– «Көшпенділер» фильмі 2003-2004 жылдары түсірілді ғой. Ол кезде мектепте оқимын, 6-сынып оқушысымын. Кастингтен өткеннен кейін түсірілім алаңына шақырды. Түр-тұрпат, фактурамызға қарай рөлге бекітті. Киім кигізді, шашымызды алғызды. Сөйтіп, моңғолдың баласын ойнайтын болып бекітілдім. 6-сынып оқушысымын. Әлі бала емеспіз бе, шалалығымыз да көп болды. Түрлі қызықты бастан кештік. Мәселен, грим үшін жабыстырып қойған шашымызды күн ыстықта өзенге шомыламыз деп суға ағызып жіберген, түсірілімге деген картопты пісіріп жеп қойған кезіміз де болды (күлді). Сонымен қатар «Көшпенділердің» тәжірибе, кәсіби өнер тұрғысындағы көзқарасымыздың қалыптасуына да ықпалы зор болды. Елімізге танымал Досхан Жолжақсынов ағаларымыздың қасында жүріп, шетелдік әйгілі актер Марк Дакаскоспен бірге фильмге түсудің өзі мен үшін ертегілер еліндегі ғажайыптай сезілді. Марк Дакаскос сол кезде бізге Жан-Клод Ван Дамм, Джеки Чандармен бірдей тұратын, солардың деңгейіндегі актер еді ғой. Соның барлығы, әлбетте, қиялымды ұштағаны, арманымды мақсатқа айналдырғаны сөзсіз. Мектеп бітірген соң басқа жаққа қарайламадым, бірден өнер академиясына келдім.
АҚШ-тағы кино мектебім
– Білуімізше, кино саласы бойынша АҚШ-та да білім алып қайттыңыз емес пе?
– Академияның екінші курсында оқып жүргеннен бастап киноға шақырулар түсе бастады. Ал оқуды бітірген жылы «Қазақша тонау» деген фильм түсірілді. Сол фильмнен түскен қаламақымды жинап, жетпегеніне ата-анам көмектесіп, Нью-Йорк қаласындағы кино академиясында жарты жылдай білім алдым. Бұл кезең шығармашылығымдағы тамаша тәжірибе болғаны сөзсіз. Елге келген соң магистратураға түсіп, шығармашылықтан бөлек, оқытушылықтың да қыр-сырына бойлап келеміз.
– Типажы ерекше актердің бірісіз. Әсіресе тарихи фильмдерде сізге деген сұраныс жоғары. Шақырылатын фильмдеріңіздің бәрінде бірдей қатаң кастингтен өтесіз бе? Әлде түр-тұрпатыңызға байланысты іріктеусіз бекітілетін кездер жиі бола ма?
– Әр кезде әр қалай. Бірақ біздегі кино саласы Голливудтағыдай алпауыт өндіріс емес қой. Мұнда режиссерлер актерлердің барлығын таниды, мүмкіндіктерін де жақсы біледі. Соған сай шақырылатын кездер жиі болып тұрады. Мені, мүмкіндігімді, типажымды білетіндер «Осы рөлге Әшім келеді-ау» деп арнайы бекітетін режиссерлер бар. Тіпті кейіпкердің атын алдын ала маған лайықтап Әшім деп жазатын сценарийлер де болды. Мысалы, Нұртас Адамбайдың «Әкім» фильмі, сол сияқты Әділхан Ержановтың «Риэлтор» сериалында да өз есіміммен түстім. Ал енді тарихи фильмдерге келсек, бұл жақта көбінесе қалмақ, моңғол, жапон секілді өзге ұлттың батырларының рөліне бекітеді. Ол да айналып келіп сол типажға тірелсе керек. Кейде әріптестеріме қалжыңдап: «Қазақтар, сендер тек қана мені жеңіп барып батыр атағын аласыңдар ғой» деймін. Әрине, әзіл ғой. Қай рөлім де өз ерекшелігімен ыстық.
– Шетелдік фильмдерге шақыру түсіп тұра ма?
– Иә, ондай ұсыныстар болды. Бірақ түрлі жағдайларға, әсіресе пандемия кезіндегі шектеулерге байланысты реті келмеді. Қазір де режиссерлер тарапынан ұсыныстар бар. Бұйырса, жаңа фильмдерде көріп қаларсыздар.
Өнерді өсіретін – бәсеке
– Тарихи жанрда да, комедиялық фильмдерде де жақсы көрініп жүрсіз. Актер ретінде өзіңізді қай жанрда судағы балықтай сезінесіз?
– Балуанға оң-солы бір демекші, әртіс үшін де дәл солай. Кәсібіміз маманданған актер болғандықтан, қандай рөлге салса да бейне жасауға міндеттіміз. Академияда оқығанда бізді ұстаздарымыз солай тәрбиелеген. Әрине, бірақ оң жамбасыңа келетін рөл түсіп жатса, ол актердің бағы ғой. Мен жанр таңдамаймын. Бірақ сценарийге мән беремін. Әр жанрдың өз ерекшелігі бар. Тарихи фильм де, комедия да қызық. Драманың да өз ерекшелігі бар. Мәселен, жақында «Жатбауыр» деген телехикаяға түстім. Ондағы рөлім мүлдем бөлек. Актер үшін ойнайтын рөлі неғұрлым сан қырлы болса, ол өзінің кәсіби кемелденуі үшін де, көрермен үшін де қызық деп ойлаймын.
– Сол секілді театрдағы рөлдерім де бір төбе дейсіз ғой...
– Әлбетте, ол сөзсіз солай. Дипломымды алғаннан кейін 6 жылдай Алматыдағы «Жас сахна» театрында қызмет істедім. Шығармашылығымдағы ол да бір үлкен белес. Қазір де сахна саласынан қол үзген жоқпын. Бір қуанарлық жайт – елімізде тәуелсіз, дербес театрлар көптеп ашылып жатыр. Сол театрларда келісімшартпен жұмыс істеймін. Мәселен, ArtKӧshe тәуелсіз театрында «Сен» мюзиклін шығардық. Бұл да мен үшін үлкен тәжірибе. Драмалық спектакльдерде ойнап жүргенімізбен, мюзиклдің талабы мүлдем басқа. Мюзиклде ойнау – үлкен жауапкершілік. Тың тәжірибелерге барып, көрерменді жаңалықпен қуанту бағытында үнемі ізденіп жүретін драматург Әннәс Бағдат, режиссер Есләм Нұртазин сынды озық ойлы азаматтармен шығармашылықта одақтасып жұмыс істеудің өзі үлкен бақыт. Өнерде осындай жастардың өсіп келе жатқаны қуантады. Сол секілді Түркістан музыкалық драма театрындағы «Бөрте» қойылымында арнайы шақырумен
ойнап жүрмін.
– Бүгінгі өнер әлемінің аяқ алысын қалай бағалайсыз? Әсіресе қазақ киносының көркемдік сапасына көңіліңіз тола ма?
– Аллаға шүкір, еліміздегі кино түсіру қарқыны жақсы. Түрлі жанрда өздерін сынап жүрген режиссерлер көбейіп келеді. Мемлекеттік тапсырыстан бөлек, өз қаражатына кино түсірушілердің қатары көбейгені, әрине, қуантады. Сан бар жерде сапа да болады ғой. Келісемін, сын көтермейтін де фильмдер бар. Әсіресе комедия жанрындағы фильмдердің көркемдік сапасын қадағалау қажеттігі байқалады. Десе де бұл уақытша үрдіс деп ойлаймын. Мұны сапалы фильм түсіру жолына бағытталған тәжірибе деп бағалау керек. Тәуелсіз театрлардың да көбейіп келе жатқаны қуантады. Бұл да жаңа тәжірибелерге бастама болады деп ойлаймын. Бәсеке өнерді өсіреді. Көрерменге таңдау мүмкіндігін сыйлайды. Нәтижесінде, талғам қалыптасады. Ал талғамы жоғары көрермені бар өнердің қашан да өресі биік.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»