Инновация • 04 Ақпан, 2024

Отандық инновация жетістіктері көрсетілді

174 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жыл сайын өтетін «Digital Almaty» форумы аясында озық цифрлық жобалар көрмесінде цифрландыру саласындағы отандық жетістіктер ұсынылды. Пленарлық сессия алдында көрмемен Беларусь, Қазақстан, Ресей және Өзбекстанның үкімет басшылары танысты.

Отандық инновация жетістіктері көрсетілді

Фото: koniglabs.ru

Көрмеде 300-ден астам отандық және халықаралық IT-компаниялардың, сондай-ақ GovTech, AgroTech, Индустрия 4.0, ESG, Smart City және т.б. сияқты цифр­ландыру салаларындағы мемлекеттік органдардың жобалары ұсынылған.

Үкімет басшыларына Қазақстанның мемлекеттік ақпарат жүйелерінде бірың­ғай стандарттардың сақталуын қам­та­ма­сыз ететін Qaztech платформасы және «таза парақтан» кәсіпкерлік қызметті реттеудің цифрлық негізі таныстырылды.

Сонымен қатар қонақтарға Алматы қаласының цифрлық сервистері, сондай-ақ тау-кен және металлургия кешенінде, өнер­кәсіп пен энергетика секторында, оның ішінде мемлекеттік қолдау құрал­да­ры есебінен Индустрия 4.0 жоба­ла­рын енгізу нәтижелері көрсетілді. Атап айтқанда, бұл өндірісті бас­қару процестерін автоматтандыруға, жаб­дық­тың тозу деңгейін төмендетуге және өнімсіз шығындарды азайтуға қатысты.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жаннат Дүбірова респуб­ли­ка­ның өнеркәсіп кәсіпорындарында зама­науи технологияларды енгізу туралы айтып берді.

«Индустрия 4.0 – өнеркәсіп кәсіп­орындары мен жер қойнауын пай­да­ланушыларға цифрлық технология­ларды енгізу арқылы өз шығындарын қысқартуға және өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретін заманауи тренд. Көрмеде бірқатар цифрлық жобаларды жүзеге асырған тау-кен металлургия кешенінің бірнеше кәсіпорнын ұсынып отырмыз. Мемлекет қолдау шараларын көрсету арқылы Индустрия 4.0 жобаларын ілгерілету бойынша белсенді саясат жүргізіліп келеді. Бұл сондай-ақ бизнестің осындай тех­но­ло­гия­­ларды енгізуге жұмсаған шығын­да­­рын өтеуге қатысты. Бүгінгі таңда 183 млн теңгеден астам қаражат өтелді, бұл жұмыс жалғасып жатыр», деді ол.

Сонымен қатар көрмеде Minerals.gov.kz жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасы таныстырылды. Бұл пайдалы қазбаларды барлау және өндіру лицензияларын алу процесін жеңілдетуге әрі жеделдетуге мүмкіндік береді. Заманауи геоақпараттық техно­логиялардың арқасында болашақ инвесторлар инфрақұрылымнан бастап аумақтың геологиялық есептеріне дейін сұралған учаске туралы толық мәлімет ала алады. Мұнда ЭЦҚ-кілт көмегімен тиісті өтініш беруге болады.

«Яндекс Қазақстан» компаниясының өкілі Александр Поповский үкімет басшыларына Қазақстанда адамдар мен бизнес үшін 10-нан астам сервис жұмыс істейтінін айтты.

«Біз өз қызметтерімізді барлығына қолжетімді етуге тырысамыз. 2023 жылы қазақ тіліндегі «Карта», мобильді брау­зерде және қосымшада қазақ тіліндегі «Алиса» сервисін жасап, Яндекс Брау­зерінде видеоны қазақшаға аударып, сондай-ақ іздеу қызметінде қазақ тілінде жылдам жауаптар әзірледік. Мұның бәрі ақпаратты қазақстандық пайдаланушылар үшін қолжетімді әрі ыңғайлы етіп, мемлекеттік тілдің таралуына ықпал етеді», деді компания өкілі.

Оған қоса көрмеде Қазақстанда іске қосылған өнеркәсіптік роботтандыру бойынша Орталық Азиядағы бірін­ші құзыреттілік орталығының жұмы­сы таныс­­тырылды. Оның аясында қазақ­стан­дық және шетелдік университеттер мен IT-компаниялардың халықаралық консорциумы құрылды. Орталықтың негізгі міндеттерінің қатарында – роботтехника саласында зерттеулер жүргізу, тақырыптық стартаптарды жеделдету мен масштабтауда қолдау көрсету.

«Digital Almaty» форумында үздік қазақ­стандық IT-компаниялар мен стартаптар өз жобаларын таныс­тыр­ды. Олардың қатарында алақан тамырларының суреті бойынша бірегей сәйкестендіру технологиясы бар биометрия жүйесі («Alaqan Technologies»), өндірістік деректерді растау жөніндегі ЖИ платформасы («Dereknet»), жаб­дықты пайдалану мен оның беріктігін басқару жүйесі («Equipmetry»), өнеркәсіп кәсіпорындарында цифрландыруды енгізу жөніндегі жоба және ақылды бейнебақылау платформасы («Omir Group»), экологиялық мониторингтің автоматтандырылған жүйелері («OST Engineering») және т.б. бар.

«SmartView Innovations» стартапының өкілі Рахат Оспанов қосынды арқылы бөліп шығару пайдалы компоненттерді өнді­ру­дің ең танымал әрі экономикалық тиім­ді әдістерінің бірі екенін айтты. Деген­­мен негізгі құрамдас бөлік – үйін­діні суарып, металды шығаратын воб­блер­лер (шашыратушылар) өте жиі бұзы­­лады. Бұл бизнесті үлкен шығынға әкеледі.

«Біздің шешіміміз: дрон қосынды арқы­­лы бөліп шығару процесін қайта-қай­­та айналып өтіп, видео жазады. Әрі қа­рай бұл видео компьютер арқылы өң­­де­­ліп, арнайы үйретілген жасанды ин­­тел­­лект барлық ақауды және олар­дың­­ орнын анықтайды. Бұл шешім ал­тын­­ өндіруді 4%-ға, аппаратшылар жұ­­мы­­сының тиімділігін 60%-ға арттырып, жұмысшыларға қатты химиялық зат­­тар­дың әсерін 80%-ға азайтты», деді ол.

«Dereknet» компаниясының директоры Саламат Қабдулов мұнай-газ кен орындары күн сайын қарапайым компьютер бағдарламаларының көмегімен өңделетін үлкен деректер көлемін өндіретінін атап өтті. Бұл қателіктер жіберу және басқаруда бұрыс шешімдер қабылдау қаупін арттырады.

«Біз бұл мәселені әртүрлі инженерлік модульдер қарастырылған өндіріс деректерін басқару платформасы арқылы шешуді ұсынамыз. Нәтижесінде есептер ашық болып, автоматтандыру арқылы қателер жойылады. Сондай-ақ жасанды интеллектіні қолдану арқылы инженерлер өндірісті арттыруға көмектесетін болжамдар алады. Платформа Қазақстанның үш кен орнында өзінің тиімділігін дәлел­деді. 2024 жылы біз Солтүстік теңіз нарығына, Норвегияға шығуды жоспарлап отырмыз», деді директор.

Сонымен қатар көрмеге қатысу­шы­лардың бірі, «OST Engineering» компа­ния­сының бас директоры Виталий Остапчук өз жобасы туралы айтып берді.

«Біз отандық автоматтандырылған экологиялық мониторинг жүйелерін өндірумен айналысамыз. Жаңа Эколо­гиялық кодекстің енгізілуін ескере отырып, ірі кәсіпорындар Үкімет пен халық нақты уақыт режімінде экологиялық жағдайды бақылауға мүмкіндік беретін жүйелерді енгізуі керек. Біз 2020 жылы ашылып, қазіргі кезде үлкен нәтижелерге қол жеткіздік. Бізде атмосфералық ауаны, ластану көздеріндегі шығарындыларды және су төгінділерін бақылау жүйелері бар. Біздің жүйелер шетелдік баламалардан кем түспейді», деді ол.

 «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин атап өткендей, бүгінгі таңда Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы цифрландырылған.

«Олардың саны өте көп, 1 000-нан асады. Олар тиісті қызметтерді қажет етуі мүмкін 150-ден астам өмірлік жағдай негізінде жинақталған. Мысалы, баланың тууын проактивті тіркеу кезінде анасына хабарлама немесе SMS келеді. Ол баланың аты-жөнін жазып, төлемдер жіберілетін шотты көрсетеді және eGgov-тың цифрлық құжаттар бөлімінде туу туралы куәлік алады. Сондай-ақ осы жылдан бастап бүкіл ел үшін бірыңғай етіп жасалған балабақшаға кезекке қою қызметі бар. Бұл үдерістің ашықтығы мен қолайлылығын арттыратын үлкен жетістік», деді «ҰАТ» АҚ басшысы.

Оның айтуынша, банктермен белсенді өзара іс-қимыл жекелеген қызметтерді, мәселен, автокөлікті қайта тіркеу бо­йынша қызметті онлайн етуге мүмкіндік берді.

«Бұрын адамдар бұл қызметті алу үшін арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығына баратын. Енді мұны онлайн 5 минут ішінде интернет арқылы жасауға болады», деді Ростислав Коняшкин.

Ол сондай-ақ Қазақстан цифрлық өнімдерді экспорттау бойынша белсенді түрде ілгерілеп жатқанын айтты.

«Бізде алғашқы сәтті кейс бар: өткен жылы Тәжікстанға электронды үкімет өнімдерін экспорттадық. Биыл кем дегенде үш елге экспорттайтынымызға сенімдіміз, қазір келіссөздер жүріп жатыр», деді «ҰАТ» АҚ басшысы.