Қаржы • 05 Ақпан, 2024

Биржаға барар жол: Нені білу керек?

139 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қор нарығына қадам басу ерекше сауат пен білікті талап етеді. Бірақ бұған қарап биржада мәміле жасау соншалықты қиын әрі онымен тек ірі инвес­торлар ғана айналысады деген көзқарас тумауға тиіс. Қазір биржа үдерістері әлдеқайда жеңілдетілді. Түрлі қосымшалар шықты. Күнделікті жұмысын істеп жүріп-ақ қор нарығынан тәуір пайда табуға машықтанған адамдар өте көп. Дегенмен кейбір ерекшеліктерді біліп жүргеннің артығы жоқ. Өйткені мұнда ұсақ-түйек қателік деген мүлде болмайды.

Биржаға барар жол: Нені білу керек?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Елімізде екі биржа – Қазақстан қор биржасы (KASE) және Астана халықаралық қаржы орталығы (AIX) жұмыс істейді. Біздің биржалардың ерекшелігі – олардың аумағындағы саудаға салық салынбайды. Биржа – сатып алушы мен сатушының кездесетін алаңы. Мұнда бағалы қағаз, акция, облигация, ETF қорларындағы үлестер, сондай-ақ мұнай, металл, астық сияқты тауарлар саудаланады.

Биржада кез келген құнды қағазды сатып алу үшін сізге делдал қажет. Дел­дал дегеніміз – салалық қызметті жү­зеге асыруға тиісті лицензиясы бар брокерлік компания. Брокер инвесторға биржаға кіруге мүмкіндік береді және сол үшін ақы алады. Сіз брокерлік шотты ашасыз, оны қажетті валютада толтырасыз және брокерге қандай бағалы қағаздарды сатып алу керегі тура­лы тапсырма бересіз.

Брокер таңдау да аса жауапты жұмыс саналады. Сенімді компанияны табу үшін ресми ресурстарды пайдалану керек. Мысалы, KASE брокерлер туралы көп ақпарат алуға мүмкіндік береді. Оларды таңдау кезінде мына критерийлерге мән бересіз:

  • Ұлттық банк берген лицензиясы бар ма?
  • Ыңғайлы онлайн платформасы бар ма?
  • Қолжетімді құралдар мен нарықтары қандай?
  • Қашықтан қызмет көрсетіле ме? (кеңсеге бармай-ақ)

Есте ұстайтын жағдай – брокер ешқашан шотты дереу толтыруды талап етіп, жоғары кірістер мен төлемдерге уәде бермейді. Кепілді табыс туралы уәдені үйіп-төккен брокерден алыс жүрген абзал.

Қош, брокер таптыңыз, биржаны таңдадыңыз, ендігісі – бағалы қағаз­дар­ды түстеп тану. Ол да оңай емес. Бірақ қиын да емес. Көпшілікке ерекше таныс, жиі аталатыны – акция. Бұл – құнды қағаз, бизнестің үлесіне құқығыңызды растайтын құжат. Үлестік бағалы қағаз болып саналады. Акция ағымдағы пай­даның үлесін дивиденд түрінде алу, ком­пания таратылған кезде мүліктің бір бөлігін алу, ұйымды басқаруға қатысу мүмкіндігін иелену сияқты мүмкіндіктер береді.

Облигация дегеніміз – қарыз қағаз. Компания дамуға немесе кеңеюге ақша жетпеген кезде облигациялар шы­ға­ра­ды. Инве­стор өз кезегінде, тұ­рақты купон­дық төлемдер алып оты­рады. Обли­гациялардың мерзімі аяқ­талғанда инвес­тор барлық ақшасын қайтарып алады.

Пай қоры – кәсіпқойлардың стратегиясына сәйкес басқарылатын бағалы қағаздардан тұратын дайын портфель. Ал биржалық қорлар немесе ETF түрлі сала мен елдерді қамтып, жаһандық индекстерге негізделеді. Үлесті сатып ала отырып, сіз бірден барлық бағалы қағаздарға немесе активтерге инвестициялайсыз. Сондай-ақ ETF дивиденд төлейді.

Биржадағы өміріңіз сәт өткен сайын күрделене береді. Акциялардың түр-түсін ажыратумен іс бітпейді. Мейлі, табыс тауып жатырсыз, бірақ атқарар шаруа әлі орасан. Ендігі міндет – ин­вестициялық портфеліңізді жасақтау. Портфель ішіне қай компаниялардың, қанша акциясын, облигациясын кіргі­зесіз деген сауал алдыңыздан кесе-көл­денеңдейді. Мәселен, портфельді өңкей мұнай компанияларының акцияларынан қалыптастыруға болмайды. Алда-жалда мұнай бағасы құлдыраса, сіздің табысыңыз да күрт төмендейді. Ал егер технологиялық компания, IT компания, мұнай компаниясы, банк корпорациясы секілді әр алуан компания акцияларын ұстасаңыз, онда тиімді табысқа қол жеткізуге болмайды. Өйткені бұлардың бәрі бір сәтте құнсызданбайды, тіпті сәті ке­ліссе барлығы бірдей табысқа жол ашуы әбден мүмкін.

Әсілінде, инвестициялаудың екі негізгі стилі бар – актив және пассив. Актив портфельде өсу акциялары басым болады, ал екінші жағдайда индекстік қорлар және облигациялар басымырақ. Сіздің жетістігіңіз портфельдің кірісімен өлшенеді. Бұл – бағалы қағаздардан алынған пайданың инвестициялардың жалпы сомасына қатынасы. Ол әдетте пайызбен көрсетіледі, яғни сіз акция­ны сатып алу үшін 1000 доллар инвестициялайсыз да, кейінірек оны сатып, 1 500 доллар аласыз. Мұнда сіздің табысыңыз 50% болады. Кейбір инвес­торлар тұрақты қаржы құралдарын сатып алса, кейбірі жоғары тәуекелді акцияларға құмар. Инвестициялаудың бастапқы кезеңінде кез келген инвесторға тәуекелге төзімділікті анықтау өте ма­ңызды. Бұл инвестордың стратегиясы мен инвестициялау мерзімін анықтауға мүмкіндік береді.

Консервативті портфельде көбіне облигациялар басым, ал акциялар аз болады. Портфельдің бұл түрі инвес­тициялауды енді бастап жатқандарға ыңғайлы. Агрессивті портфель табысы жоғары бағалы қағаздардан тұрады. Табыс жоғарылаған сайын, тәуекел де жоғарылайды. Сондықтан онда акция­лар көбірек болады, ал облигациялар өте аз болады. Тәжірибелі, тәуекелге баруға қорықпайтын, нарықтың мінез-құлқын болжай алатын инвесторлар көп жағдайда агрессивті портфель қа­лыптастыруға бейім.

Инвестициялау стратегиясының өзі бірнеше түрге бөлінеді.

P Өсу стратегиясы: Кемінде 20% әлеуетті өсімі бар компанияға инвестициялау. Әдетте дивиденд төлемейтін компаниялар барлық таза табысты өз дамуына инвестициялайды.

P Дивидендтік стратегия. Мұнда біз дивидендтерді тұрақты төлейтін компанияларды таңдаймыз. Осындай инвестициялық стиль пассив инвесторлар арасында танымал.

P Құндық әдіс. Бағаланбаған ба­ғалы қағаздарға нақты құнына сәй­кес келмейтін төмен нарықтық құн белгіленеді. Инвес­тициялаудың бұл әдісінде инвестор қор нарығының «кли­матын» бақылайды да ондағы баға­ланбаған акцияларды алады.

P Индекстік инвестициялау. Индекс – бағалы қағаздар жиынтығы. Бұл белгілі бір елдің акциялары болуы мүмкін. Әр активтің мөлшері алдын ала анықталған.

Стратегия ұзақ және қысқамерзімді болып та ажыратылады. Ұзақмерзімді стратегияның артықшылығы – компанияны дұрыс таңдаған жағдайда жоғары кіріс түсу ықтималдылығы артады, эмоционалды стресс азаяды және шешім қабылдау үшін уақыт жеткілікті болады. Ал кемшін тұсы – жоғары кіріске жету үшін бір жылдан аса уақыт күту керек және ұзақмерзімді стратегия фундаменталды талдау негіздерін оқуды қажет етеді. Ал қысқамерзімді стратегия­ны таңдаған кезде аз уақыт ішінде көп пай­даға кенелу мүмкіндігі туындайды. Бірақ мұның тәуекелі жоғары. Сонымен бірге техникалық және фундаменталды талдау негіздерін оқу қажеттілігі, мә­міле көбейген сайын комиссиялық шығынның да көбеюі, жаңалықтар мен қауесеттерге көңіл бөлуге көп уа­қыт жұмсау – осы стратегияның кем­шіліктері деп айтылады.

Қор нарығының сарапшылары тәуе­келді де бірнеше нұсқамен қарас­тырады. Компания менеджменті нашар болуынан табыс болжамының ақтал­мауы мүмкін екенін эмитент тәуе­келі деп атайды. Секторлық тәуе­кел – сектордағы барлық ком­па­ния­ның өнімдеріне деген сұра­ныс­тың төмендеуі. Сыртқы факторлар салдарынан компания табы­сының құл­дырауы экономикалық және саяси тәуекелге жатады. Әрине, пандемия, та­­биғи апат секілді форс-мажор жағ­дай­лар – бақыланбайтын тәуекелдер.

Инвестициялау мерзімі ұзартыл­са, тәуекел де төмендейді. Өйткені ұзақмерзімді перспективада нарықтың өсу ықтималдығы айтарлықтай жоғары. Ал қысқамерзімде баға ауытқуы ерекше сезіледі. Жоғарыда атап өткен порт­фель­ді әртараптандыру туралы да осы жерде тағы айтамыз. Өйткені порт­фель­ді әр­тарап­тандыру инвес­торды түрлі тәуе­кел­ден қорғайды. Сала­лар арасында тең­­герімді сақтау және құрал­дар­дың әр­­түрлілігі салынған ақша­ның жоғалту қаупін азайтады.