Облыс орталығындағы «Turkistan» индустриалды аймағында күні кеше жиһаз цехы ашылды. Жобаның жалпы құны – 2,3 млрд теңге, 50-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылған. Заманауи технологиялармен жабдықталған цех күніне 600 дана жиһаз шығаруға қауқарлы. Аталған цех облыс мектептерін, балабақшаларын, сонымен бірге, өңірде ашылып жатқан ғимараттарды толықтай жиһазбен қамтуға үлес қоспақ.
Сондай-ақ «Түркістан» ӘКК» АҚ-ы тарапынан «Turkistan» индустриалды аймағындағы Brownfield өндірістік ғимаратына инвесторлар тартылып, шұлық және шұлық бұйымдарын шығаратын кәсіпорын іске қосылды. Қазақстан мен Қытай инвесторларының бірлескен жобасының құны – 1 млрд теңге. Кәсіпорын күніне 32 мың жұп шұлық шығаруға қауқарлы, 30 жұмыс орны ашылған. Облыс әкімдігінің қолдауымен инвесторларға арнайы жер ұсынылған. Өндірістік браунфилд ғимаратымен қамтылған. Инвесторлар шұлық фабрикасы толық қуатына жеткен соң Түркістанда костюм шығаратын жобасын да жүзеге асырмақ. Бұл жобаға 2,8 млрд теңге инвестиция салынады. Күніне 500 костюм тігіледі деп жоспарланып отыр.
Ал Түркістандағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында сэндвич-панель шығаратын жаңа зауыттың капсуласы салынды. Оған облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен инвесторлар қатысты. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, облысымыздың өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін және қала тұрғындарына жұмыс орындарын ашуға үлесін қосатын «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жаңа зауыт құрылысы басталғалы тұр. «Panel Sistem KZT» компаниясының жобасының іске қосылуы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, отандық өнімдермен қамтамасыз ету көлемін арттыруға және халықтың әл-ауқатын көтеруге өз септігін тигізеді. Аталған өнеркәсіпте өндірілетін сэндвич-панельдер келешекте өңірдегі іске асырылатын жобалардың құрылысына қолданылады», деді Дархан Сатыбалды. Бұл жобаның инвестициялық құны – 1,54 млрд теңге, 30-дан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Аталған зауыттың жылдық қуаттылығы – 250 мың шаршы метр. Онда сэндвич-панельдер, гофрленген қаңылтырлар, металл плиткалар және өзге де құрылысқа қажетті заттар шығарылады деп жоспарланған. Бүгінде зауыт салынатын жер телімі бөлініп, тиісті жұмыстар басталып кеткен. «Panel Sistem KZT» компаниясының бұл жобасы биыл жүзеге асады.
Облыста сүт кластерін іске асыру мақсатында жаңа өндіріс орындарын салу «Түркістан» ӘКК» АҚ тарапынан бірнеше ауқымды жоба қолға алынған. Соның бірі – құны 3,3 млрд теңге болатын Сауран ауданындағы тауарлы-сүт фермасын салу жобасы. Мақұлданған қаражатқа тауарлы-сүт фермасының жабдықтары Түркиядан әкелініп жатыр. Ал Даниядан ірі қара сатып алу жоспарланған. Қазіргі уақытта құрылыс алаңына қажетті металл конструкциялардың 80%-ы жеткізілді. Сүт-тауар фермасын жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорын 1 322 гектар суармалы егістік алқабына жоңышқа, жүгері, бидай дақылдарын егуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар ферма аумағында 80 гектар жерде 2 жаңбырлатып суару машиналары орнатылуда. Кәсіпорын қажетті ауылшаруашылық техникалармен толық қамтылған. Ал «Sultan Agro Group» ЖШС-ның 600 бас сүт-тауар фермасын салу жобасының құны – 4,3 млрд теңге. Қазіргі кезде қажетті жабдықтар мен техникалар алынған. Жоба биыл мамыр айында іске қосылып, жылына 5000 тонна сүт өндіреді, сондай-ақ 50 жұмыс орны ашылады.
Бұдан бөлек облыста «Бөрте Милка» ЖШС, яғни 403 басқа тауарлы-сүт фермасын ұлғайту жобасы іске асырылады. Жобаның жалпы құны – 2,8 мрд теңге. Қазіргі уақытта ферманың жаңа ғимаратының іргетасы аяқталуға жақын. Сондай-ақ жемшөп сақтау қоймасының құрылысы жүргізілуде. Қора конструкцияларына қажетті құрылыс материалдары толық көлемде сатып алынды. Ордабасы ауданындағы бұл жоба биыл сәуір айында іске қосылады деп жоспарлануда. Нәтижесінде, 35 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 2 700 тонна сүт өндірілмек.
Түркістан облысы