– Ажар Ғиниятқызы, медицинада алғашқы көмектің маңызы өте зор. Осы ретте министрлік қандай іс-шараларды жүзеге асырып жатыр?
– Иә, дұрыс айтасыз. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) қызметі халықтың денсаулығын жақсарту ісінде жетекші рөл атқарады. Әсіресе ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру – министрлік алдына қойған басым бағыттардың бірі. Осы бағытта атқарылған жұмыстарға келсек, мәселен, МСАК желісін 3,7%-ға кеңейттік. Тиісінше, елімізде амбулаториялық-емханалық ұйымдардың саны артып, 3 324-ке жетті. Былтыр алдыңғы жылмен салыстырғанда МСАК ұйымдарына қаралу саны 8,1%-ға, пациенттердің жүгінуі 118,8 млн-нан 128,4 млн-ға дейін ұлғайды, бұл бастапқы деңгейде қызметтердің қолжетімділігін жақсартудың тұрақты үрдісін көрсетеді.
Өткен жылы пациенттер амбулаториялық деңгейде 324 млн консультациялық-диагностикалық қызмет алды. Орташа есеппен алғанда 1 тұрғынға шаққанда 16-дан аса қызмет алынды десек, тиісінше 1 миллионнан астам адам қымбат диагностикалық қызметтермен (КТ/МРТ) қамтылды.
Бастапқы деңгейде скринингтік тексерулерден 2,8 млн ересек адам өтті. Нәтижесінде, 388 мың адамнан дерт анықталып, 220 мың қаралушы диспансерлік есепке алынды. Сонымен қатар 2023 жылы ауыл тұрғындары үшін кеңейтілген скрининг енгізілгенін атап өткеніміз абзал, соның шеңберінде бүйрек, асқазан-ішек жолдары, тыныс алу ағзалары, қуықасты безі обыры аурулары ерте анықтала бастады.
Жылжымалы медициналық кешендердің қызметтерін 1,7 млн ауыл тұрғыны пайдаланды, олар 1,4 млн дәрігерлік консультация алды. Қашықтықтан көрсетілетін медициналық қызметтердің саны 3 есе өсіп, 2022 жылмен салыстырғанда 582 мыңнан 1,6 млн-ға дейін ұлғайды. Бұл ретте 13-тен 69-ға дейін телемедициналық қызмет те өсті.
Бүгінде МСАК үздік практикалар орталықтарын ашу бойынша жұмыстарды жүзеге асырып жатырмыз. Осы арқылы озық технологиялар енгізілуде, жергілікті қоғамдастықтардың денсаулық сақтау құрылымдарымен әріптестігі дамуда, белсенді ұзақ өмір сүру мектептері, ерлер денсаулығы кабинеттері, созылмалы аурулардың профилактикасы мектептері ашылды. Бүгінгі таңда 20 үздік практика орталығы өз жұмысын бастады. Келесі жылы осындай 27 үздік практика орталығын ашу жоспарланып отыр.
Өңірлерде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының шеңберінде елді мекендерде 570 МСАК нысаны құрылысы жүріп жатыр. Өткен жылы 80 медициналық мекеме жөнделді, 85 МСАК орны салынды. 99-ында құрылыс белсенді жүріп жатыр. Сонымен қатар ұлттық жоба шеңберінде 32 клиникалық аудандық орталық аурухананы жаңғырту және техникалық жарақтандыру қолға алынды. Оның құрамында инсульт, кардиологиялық орталықтар, оңалту, хирургия, реанимациялық және қарқынды терапия бөлімшесі бар. Оларды маманмен қамтамасыз ету үшін еліміздің медициналық жоғары оқу орындарында 2 843 бейінді дәрігер даярланып жатыр.
– Қазір заманға сай медицина да даму үстінде деп жатамыз. Оған қоса шетелдік тәжірибелерді жиі айтып жүрміз. Сіздіңше, отандық медицинаның әлеуеті қандай? Жаңашылдық бар ма? МӘМС не үшін қажет?
– Дұрыс айтасыз, жыл сайын еліміздегі медициналық ұйымдарда әлемдік тәжірибеде қолданылатын денсаулық сақтаудың жаңа технологиялары енгізіледі. Өз пациенттеріміз үшін мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек алу жолында мүмкіндіктер өрісі кеңейе бастады. МӘМС жүйесін енгізудің арқасында саладағы көптеген мәселелер оңынан шешімін тапты. Қымбат тұратын күрделі хирургиялық араласулар барлық сақтандырылған азаматтарға қолжетімді бола түскені жасырын емес. Өткен жылы 20 мыңнан аса пациентке кардиохирургия, нейрохирургия, травматология, трансплантология, онкология, репродуктология және басқа да бейіндер бойынша медициналық қызметтердің 82 түрімен жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілді.
Қазақстанда алғаш рет қалқанша безінің қатерлі ісігі және тиреотоксикоз кезінде радионуклидтік терапия енгізіліп, екі жылдың ішінде 1 мың 458 пациент ем алды. 3D-протездеуді пайдалана отырып, сүйек онкопатологиясында бірегей реконструктивті-пластикалық араласуларды қолдану басталды. Осы негізде 10 операция жүргізілді.
Министрліктің алдағы төрт жылдағы басты міндеттерінің бірі айқындалды деп нық сеніммен айта аламыз. Атап айтсақ, 2023-2027 жылдарға арналған Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Осы арқылы адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау, скринингтерді жаңғырту және кеңейту, сәулелік терапияға және жаңа ісікке қарсы таргентті препараттарға қолжетімділікті арттыру, протонды терапияны енгізу бойынша профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыру міндеттерінің маңызы артты.
Сонымен қатар радиофармпрепараттарын қолдана отырып, әртүрлі қатерлі ісікті диагностикалау жұмыстары қарқынды даму бағытында. Осы уақытқа дейін аталған препарат елімізде екеу-ақ болса, биыл оның санын 5-ке дейін арттыру жоспарлануда. Осылайша, қатерлі ісіктерді ерте анықтап, науқастардың бес жылдық өмір сүру үлесін арттыруға мүмкіндік ашылды.
Бұдан бөлек Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасында алғашқылардың бірі болып Ұлттық нейрохирургия орталығының базасында стереотакcикалық радиохирургияға «Алтын стандарт» Гамма-пышақ аппараты енгізілді. 2021 жылдан бастап мидың ісіктері мен тамырлы зақымданулары бар науқастарға, оның ішінде шетелдік азаматтарға 1 200-ден аса ота жасалды.
Сондай-ақ кардиохирургия саласында жүрекке жасанды сол жақ қарыншасын (LVAD) имплантациялау бойынша бірегей оталар жүргізілді. Осы уақытқа дейін 44 адамға хирургиялық араласумен көмек көрсетіліп, жаңа өмір сыйладық десек те болатындай.
Медицинаның тағы бір күрделі саласы – трансплантология. Осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіру жайы да күн тәртібінен түскен емес. 10 жыл ішінде Қазақстанда 2,5 мыңнан аса орган мен тіндерге трансплантациялау жүргізілді, оның ішінде өткен жылы орталықтарда 236 ота жасалған.
– Мемлекет басшысы Жолдауында отандық өндірістегі дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың үлесін 50%-ға дейін арттыруды тапсырды. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар? Дәрі-дәрмек саясатына да кеңінен тоқталып өтсеңіз.
– Иә, біздің министрлік Жолдауда көрсетілген ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Мемлекет осы бағытта медициналық өнімдерді тіркеу және айналым тетіктерін жетілдіруді жалғастыра бермек. Ел Үкіметі импортты алмастыру мен отандық фармацевтикалық өндірісті қай кезде де қолдап келеді. Қазақстан нарығына фармацевтика саласының жаһандық ойыншыларын тарту және жергілікті өндірушілердің базасында келісімшарттық өндірісті ұйымдастыру, сондай-ақ тәжірибе алмасу және технологиялар трансфері бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр.
2023 жылы пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда пациенттерді амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінген қаражат көлемі 2 есеге дейін өсіп, 237 млрд теңгеге жетті. Бұл емделуі ТМККК және МӘМС қаражаты есебінен жүзеге асырылатын аурулар тізбесін 2,5 есе толықтыруға мүмкіндік берді. Осы ретте жазып берілетін дәрілік зат атауларының саны да 272-ден 347-ге дейін өсіп отыр.
Препараттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін медициналық ұйымдардың базасында 72 дәріхана пункті және ауылда 161 жеке дәріхана ашылды. 20 медициналық ұйымда таңбалау енгізілді және дәрілік заттарды пациентке дейін қадағалаудың толық циклі іске қосылды. Қазақстанда бүгінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар шығаратын 15 жаңа кәсіпорын ашылды. Фармацевтика секторында 159 отандық тауар өндіруші жұмыс істейді, олар 1 018 дәрілік заттың және 1 771 медициналық бұйымның түрлерін шығарады.
Бұдан басқа, денсаулық сақтау мен ветеринарияға арналған 10 вакцина, 24 медициналық бұйым, 6 диагностикалық құрал және 1 паразитке қарсы препарат өндірісі жолға қойылды. Фармацевтика саласына тартылған инвестициялар көлемі былтыр шамамен 50,2 млн долларды құрады. Алдағы жылы «Электрондық қаржы орталығы» АҚ платформасында медициналық ұйымдардың дәрілік заттарды сатып алудың электрондық форматына көшуін жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл дегеніңіз дәрілік препараттарды таңбалауды неғұрлым ауқымды енгізуге мемлекет деңгейінде мүмкіндік туады деген сөз. Дәрілік заттарды тұтыну көлемі мен қорларды қадағалауға жол ашылып, саладағы жоспарлау және басқару үдерістерін жақсартуға мүмкіндік туады.
Пациенттер үшін пайдасы жоқ жалған дәрілік заттар мен сапасыз өнімдердің айналымнан шығарылуына байланысты бақылау күшейіп, көлеңкелі нарық көлемін азайтудың есебінен денсаулыққа, өмірге және қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерді төмендетуге нақты қадам жасалады. Pfizer, GE Healthcare компанияларымен инвестициялық келісімдерге қол қойылады. Фармацевтикалық алпауыттармен, мәселен, Roche компаниясымен орналастыру туралы Келісімнің шеңберінде биыл 5 түпнұсқа патенттелген дәрілік заттарды жеткізу күтілуде.
Онкологиялық және онкогематологиялық аурулары бар пациенттерге арналған қазіргі заманғы нысаналы препараттармен қамту және спектрін кеңейту көзделгенін айта кеткен жөн.
– Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласындағы цифрлық өзгеру қағаз айналымынан бас тартуға ғана емес, сонымен қатар заманауи сервистер негізінде медициналық көмек көрсетудің бірыңғай электрондық экожүйесін кезең-кезеңімен құруға мүмкіндік берді. Бұл туралы не айтар едіңіз?
– Иә, бұл бағытта да атқарылған жұмыстар баршылық. Мысалы, амбулаторлық қабылдау үшін дәрігерге онлайн жазылуға болады, емдеуге жатқызу, дәрілік заттарды алу және еңбекке жарамсыздық парақтарын жазу тәртібін қадағалай аласыз. eGov Mobile мобилдік қосымшасында қолжетімді eDensaulyq сервисінің көмегімен пайдаланушылар донорлық, медициналық қарсы көрсетілімдер, жүкті әйелдерді есепке алу және диспансерлеу туралы кеңейтілген ақпарат ала алады. Бұл сервис азаматтарға тіркеуді анықтаған жағдайда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгінуге және пациенттің қызмет көрсетудегі ашықтығы мен қанағаттанушылығын бағалауды арттыру үшін пациенттің биометриясын, QR-кодын және SMS-растауды енгізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ дәрілер мен медициналық бұйымдардың бірыңғай жіктеуішін іске қосу, медициналық ұйымдардың арасында клиникалық деректермен алмасу қызметі, еңбекке жарамсыздық парақтары мен анықтамаларын беру үдерісін оңтайландыру және медициналық қызметтерге ақы төлеу үшін төлем жүйелерін жетілдіру кіреді. Биыл «E-densaulyq» ядросы ӘМСҚ медициналық көмегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесі, электрондық медициналық кітапшалар, вакцинациялаудың электрондық паспорты бөлігінде іске қосылады. Сондай-ақ вакцинациялауға қарсы көрсетілімдері бар адамдарды есепке алу, QR арқылы ақылы дәрілік затты алу, клиникалық қызметтердің нәтижелерін көрсету автоматтандырылатын болады.
– Сапалы медициналық көмек дегенде, әлбетте, алдымен маман мәселесі менмұндалайды. Ақ халаттылардың біліктілігі қандай?
– Кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру жүйесінің тиімділігін жетілдіру үшін 2023-2024 оқу жылынан бастап міндетті резидентурамен жалпы оқу мерзімі алты жыл үздіксіз интеграцияланған медициналық білім беру бағдарламасы енгізілді. Оны аяқтағаннан кейін бітіруші маман дәрігер біліктілігін және медицина магистрі дәрежесін алады. Дәрігерлердің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін, оның ішінде аса тапшы мамандықтар бойынша 2023 жылы республикалық бюджеттің есебінен 6 мыңға жуық білім гранты бөлінді, оның ішінде 2,7 мыңы – бакалавриат және интернатура, 2,5 мыңы – резидентура, 325 – магистратура, 160 – докторантура.
Былтыр еліміздің медициналық жоғары оқу орындары 7 мыңға жуық дәрігер даярлап шығарды, орта медицина қызметкерлерінің саны 23 мыңнан асты. 3 мыңнан аса денсаулық сақтау мамандарын бөлу бойынша жұмысқа орналастырылды. Жергілікті бюджет қаражатының есебінен биыл 16,5 мың дәрігер, оның ішінде шетелде 108 адам біліктілігін арттырудан өте алды. Дәрігерлердің құзыретін арттыру мақсатында жалпы ұзақтығы 1 айдан 3 айға дейінгі ауылдық, қалалық, облыстық және республикалық денсаулық сақтау ұйымдарында резидент дәрігерлерге міндетті клиникалық даярлауды енгізу көзделген. Бұл ретте түлектерді әлеуметтік қолдау шеңберінде 601 маманға көтерме жәрдемақы бөлінді, 384 жас дәрігер тұрғын үймен қамтамасыз етілді, 74 маман өзге де қолдау шараларын алды. Жалпы медицина саласында 78 мыңнан астам дәрігер және 180 мыңға жуық орта медицина мамандары бар.
– Бір сұхбатыңызда «Қаржыландырудың өсуі медициналық көмектің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді», дедіңіз. Жалпы қаражат көлемі өзекті мәселелерді шешуге жеткілікті ме?
– Соңғы үш жылдың ішінде елімізде медициналық көмекті қаржыландырудың өсуі халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді. Биылғы қаржыландыру 1,1 трлн теңгеден 2,8 трлн теңгеге дейін артты. МӘМС жүйесін енгізу нәтижесінде ІЖӨ-дегі денсаулық сақтау шығыстарының үлесі 2018 жылғы 2,8%-дан 2022 жылы 3,7%-ға дейін ұлғайды. Мемлекет басшысы бұл үлесті 2027 жылға қарай ІЖӨ-нің 5%-ына дейін ұлғайту мақсатын қойды.
МӘМС қаражаты есебінен еліміздің бір тұрғынының денсаулығына арналған шығыстарды 56 мың теңгеден 122 мың теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік туды. Мәселен, егер медициналық көмек бөлінісінде қарайтын болсақ, онда күндізгі стационарларды екі есе қаржыландырудың арқасында өткен жылы пациенттер мемлекеттік және жеке клиникаларда 920 мыңнан аса стационарды алмастыратын қызметті ала алды. Жоғары технологиялық медициналық көмекті қаржыландырудың өсуі отандастарымыз үшін 2023 жылы күрделі қымбат оталардың қолжетімділігін 2,5 есеге арттыруға мүмкіндік берді. Былтыр МӘМС-те сақтандырылған азаматтарға КТ және МРТ зерттеудің жоғары дәлдіктегі 1,5 млн әдістері жүргізілді. Медициналық сақтандыру қаражатының есебінен пациенттерге жүрек-қан тамырлары, неврологиялық, онкологиялық аурулар мен жарақаттар кезінде медициналық оңалту қолжетімді болды, ол бұрын іс жүзінде көрсетілмейтін. МӘМС бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін медициналық қызметті көрсетушілердің саны екі есе өсті, қазіргі саны 2 000-ға жуық, олардың жартысына жуығы – жеке ұйымдар.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Амангелді Қияс,
«Egemen Qazaqstаn»