Сұхбат • 05 Ақпан, 2024

Сапалы қолжетімді медициналық көмек – басты міндетіміз!

580 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Бүгінде денсаулық сақтау саласында бірқатар бастамалар жүзеге асып жатыр. Оң өзгерістер легі шалғай жатқан ауылдық жерлерде де байқалып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында министрлікке нақты міндеттер қойды. Кейінгі үш жылдың көлемінде отандық медицинаның әлеуеті едәуір жақсарып, тиісінше медициналық көмекке сұраныс та артты. Мәселен, былтыр стационарларда 3 млн-ға жуық адамға көмек көрсетіліп, амбулаторлық-емханалық жәрдемге жүгінгендерге 90 млн қабылдау жасалды. Осы ретте оқырмандарды саладағы оң өзгерістермен жақынырақ таныс­тыру үшін Денсаулық сақтау министрі Ажар ҒИНИЯТПЕН әңгімелесудің сәті түскен еді.

Сапалы қолжетімді медициналық көмек – басты міндетіміз!

– Ажар Ғиниятқызы, медицинада алғашқы көмектің маңызы өте зор. Осы ретте министрлік қандай іс-шараларды жүзеге асырып жатыр?

– Иә, дұрыс айтасыз. Меди­ци­налық-санитарлық алғаш­қы көмек (МСАК) қызметі ха­лықтың денсаулығын жақ­сарту ісінде жетекші рөл ат­­қарады. Әсіресе ауыл тұр­ғындары үшін медициналық көмек­тің қолжетімділігін арттыру – министрлік алдына қой­­ған басым бағыттардың бірі. Осы бағытта атқарыл­ған жұ­мыстарға келсек, мәсе­­лен, МСАК желісін 3,7%-ға ке­ңей­ттік. Тиісінше, елі­мізде амбулаториялық-ем­ханалық ұйым­­дардың саны артып, 3 324-ке жетті. Былтыр ал­дың­ғы жыл­­мен салыстырғанда МСАК ұйым­дарына қаралу саны 8,1%-ға, па­циенттердің  жүгінуі 118,8 млн-нан 128,4 млн-ға дейін ұл­ғай­ды, бұл бастапқы деңгейде қыз­меттердің қолжетімділігін жақ­сартудың тұрақты үрдісін көрсетеді.

Өткен жылы пациенттер амбулаториялық деңгейде 324 млн консультациялық-диагнос­тикалық қызмет алды. Орташа есеппен алғанда 1 тұрғынға шаққанда 16-дан аса қызмет алын­ды десек, тиісінше 1 мил­лион­нан астам адам қымбат диаг­­ностикалық қызметтермен (КТ/МРТ) қамтылды.

Бастапқы деңгейде скри­нингтік тексерулерден 2,8 млн ересек адам өтті. Нәти­жесінде, 388 мың адамнан дерт анықталып, 220 мың қаралушы диспансерлік есепке алынды. Сонымен қатар 2023 жылы ауыл тұрғындары үшін кеңейтілген скрининг енгізілгенін атап өткеніміз абзал, соның шеңберінде бүйрек, асқазан-ішек жолдары, тыныс алу ағзалары, қуықасты безі обыры аурулары ерте анықтала бастады.

Жылжымалы медициналық кешендердің қызметтерін 1,7 млн ауыл тұрғыны пайдаланды, олар 1,4 млн дәрігерлік консультация алды. Қашықтық­тан көрсетілетін медицина­лық қызметтердің саны 3 есе өсіп, 2022 жылмен салыстырғанда 582 мыңнан 1,6 млн-ға дейін ұлғайды. Бұл ретте 13-тен 69-ға дейін телемедициналық қызмет те өсті.

Бүгінде МСАК үздік практикалар орталықтарын ашу бо­йынша жұмыстарды жүзеге асырып жатырмыз. Осы арқылы озық технологиялар енгізілу­де, жергілікті қоғамдастық­тар­дың денсаулық сақтау құрылымдарымен әріп­тес­тігі дамуда, белсенді ұзақ өмір сүру мектептері, ерлер ден­сау­лығы кабинеттері, созыл­малы аурулардың профилактика­сы  мектептері ашылды. Бү­гі­н­гі таң­да 20 үздік практика  орта­лы­ғы өз жұмысын бастады. Келесі жылы осындай 27 үздік практика орталығын ашу жос­парланып отыр.

Өңірлерде «Ауылдық ден­сау­лық сақтауды жаңғырту» ұлт­тық жобасының шең­берінде елді ме­кендерде 570 МСАК нысаны құрылысы жүріп жатыр. Өткен жылы 80 медицина­лық мекеме жөнделді, 85 МСАК орны салынды. 99-ында құрылыс белсенді жүріп жатыр. Сонымен қатар ұлттық жоба шеңберінде 32 клиникалық аудандық орталық аурухананы жаңғырту және техникалық жа­рақ­тандыру қолға алынды. Оның құрамында инсульт, кардиологиялық орта­лық­тар, оңалту, хирургия, реани­ма­циялық және қарқынды терапия бөлімшесі бар. Оларды маманмен қамтамасыз ету үшін еліміздің медициналық жоғары оқу орындарында 2 843 бейінді дәрігер даярланып жатыр.

– Қазір заманға сай медицина да даму үстінде деп жатамыз. Оған қоса шетелдік тәжірибелерді жиі айтып жүрміз. Сіздіңше, отандық медицинаның әлеуеті қандай? Жаңашылдық бар ма? МӘМС не үшін қажет?

– Дұрыс айтасыз, жыл са­йын еліміздегі медициналық ұйымдарда әлемдік тәжірибеде қол­данылатын денсаулық сақ­тау­дың жаңа технологиялары енгізіледі. Өз пациенттеріміз үшін мамандандырылған, оның ішінде жоғары технология­лық медициналық көмек алу жолында мүмкіндіктер өрісі кеңейе бас­тады. МӘМС жүйесін енгізу­дің арқасын­да саладағы көпте­ген мәселе­лер оңынан шешімін тапты. Қымбат тұратын күр­делі хирургиялық араласулар барлық сақтандырыл­ған азаматтарға қолжетімді бола түскені жасырын емес. Өт­кен жылы 20 мыңнан аса па­­циент­ке кардиохирургия, ней­ро­хирургия, травматология, транс­плантология, онкология, репродуктология және бас­қа да бейіндер бойынша ме­ди­циналық қызметтердің 82 түрі­мен жоғары технологиялық меди­циналық көмек  көрсетілді.

Қазақстанда алғаш рет қал­қан­ша безінің қатерлі ісігі және тиреотоксикоз кезінде ра­дио­нуклидтік терапия енгізіліп, екі жылдың ішінде 1 мың 458 пациент ем алды. 3D-протездеуді пайдалана отырып, сүйек онко­па­тологиясында бірегей ре­конс­­трук­тивті-пластикалық ара­­ласуларды қолдану басталды. Осы негізде 10 операция жүр­гізілді.

Министр­ліктің алдағы төрт жылдағы басты міндеттерінің бірі айқындалды деп нық сеніммен айта аламыз. Атап айтсақ, 2023-2027 жылдар­ға арналған Онкологиялық ауру­лармен күрес жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Осы арқылы адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау, скринингтерді жаңғырту және кеңейту, сәулелік тера­пияға және жаңа ісікке қар­сы таргентті препараттарға қол­жетімділікті арттыру, протонды терапияны енгізу бойынша профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыру міндеттерінің маңызы артты.

Сонымен қатар радио­фармпрепараттарын қол­дана отырып, әртүрлі қатер­лі ісікті диагностикалау жұ­мыстары қарқынды даму бағы­тында. Осы уақытқа дейін аталған препарат елімізде екеу-ақ болса, биыл оның санын 5-ке дейін арттыру жоспарлануда. Осылайша, қатерлі ісіктерді ерте анықтап, науқастардың бес жылдық өмір сүру үлесін арттыруға мүмкіндік ашылды.

Бұдан бөлек Қазақстан Орта­лық Азия елдерінің арасын­да алғашқылардың бірі бо­лып Ұлттық нейрохирур­гия орталығының базасы­нда стерео­такcикалық радиохир­ургия­ға «Алтын стандарт» Гамма-пышақ аппараты енгі­зілді. 2021 жылдан бастап мидың ісіктері мен тамырлы зақымданулары бар науқастарға, оның ішінде шетелдік азаматтарға 1 200-ден аса ота жасалды.

Сондай-ақ кардиохирургия саласында жүрекке жасанды сол жақ қарыншасын (LVAD) имплантациялау бо­йынша бірегей оталар жүргізілді. Осы уақытқа дейін 44 адамға хирургиялық араласумен көмек көрсетіліп, жаңа өмір сыйладық десек те болатындай.

Медицинаның тағы бір күр­делі саласы – транс­план­толо­гия. Осы бағыттағы жұ­мыс­тарды жетілдіру жайы да күн тәртібінен түскен емес. 10 жыл ішінде Қазақстанда 2,5 мыңнан аса орган мен тіндерге трансплантациялау жүргізілді, оның ішінде өткен жылы орталықтарда 236 ота жасалған.

– Мемлекет басшысы Жол­дауында отандық өндіріс­тегі дәрі-дәрмектер мен меди­циналық мақсаттағы бұйым­дардың үлесін 50%-ға дейін арт­тыруды тапсырды. Осы бағытта қандай жұ­мыс­тар атқарып жатырсыз­дар? Дәрі-дәрмек саясатына да кеңінен тоқталып өтсеңіз.

– Иә, біздің министрлік Жолдауда көрсетілген ауқым­ды жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Мемлекет осы бағытта медициналық өнімдерді тір­кеу және айналым тетіктерін жетілдіруді жалғастыра бермек. Ел Үкіметі импортты алмастыру мен отандық фармацевтика­­лық өндірісті қай кезде де қол­дап келеді. Қазақстан нарығы­на фар­мацевтика саласының жаһан­дық ойыншыларын тарту және жергілікті өндірушілер­дің базасында келісімшарт­тық өндірісті ұйымдастыру, сондай-ақ тәжі­рибе алмасу және технологиялар трансфері бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр. 

2023 жылы пандемияға де­йінгі кезеңмен салыстырғанда пациенттерді амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінген қаражат көле­мі 2 есеге дейін өсіп, 237 млрд теңгеге жет­ті. Бұл емделуі ТМККК және МӘМС қара­жаты есебінен жүзе­ге асырылатын аурулар тіз­бе­сін 2,5 есе толықтыруға мүм­кіндік берді.  Осы ретте жазып берілетін дәрілік зат атаулары­ның саны да 272-ден 347-ге дейін өсіп отыр.

Препараттардың қолжетім­ділігін қамтамасыз ету үшін медициналық ұйымдардың базасында 72 дәріхана пункті және ауылда 161 жеке дәріхана ашылды. 20 медициналық ұйымда таңбалау енгізілді және дәрі­лік заттарды пациентке дейін қадағалаудың толық циклі іске қосылды. Қазақстанда бүгінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар шығаратын 15 жаңа кәсіп­орын ашылды. Фар­мацев­тика секторында 159 отандық тауар өндіруші жұмыс істейді, олар 1 018 дәрілік заттың және 1 771 медициналық бұйымның түрлерін шығарады.

Бұдан басқа, денсаулық сақтау мен ветеринарияға ар­­налған 10 вакцина, 24 ме­ди­циналық бұйым, 6 диаг­ностикалық құрал және 1 па­ра­зитке қарсы препарат өн­дірісі жолға қойылды. Фар­мацевтика саласына тартыл­ған инвестициялар көлемі былтыр шамамен 50,2 млн долларды құрады. Алдағы жылы «Электрондық қаржы орталығы» АҚ платформасында медициналық ұйымдардың дәрілік заттарды сатып алудың электрондық фор­матына көшуін жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл деге­ніңіз дәрілік препараттар­ды таң­балауды неғұрлым ауқым­ды енгізуге мемлекет деңгейінде мүм­кіндік туады деген сөз. Дәрілік заттарды тұтыну көлемі мен қорларды қадағалауға жол ашылып, саладағы жоспарлау және басқару үдерістерін жақсартуға мүмкіндік туады.

Пациенттер үшін пайдасы жоқ жалған дәрілік заттар мен сапасыз өнімдердің айналымнан шығарылуына байланысты бақы­лау күшейіп, көлеңкелі на­рық көлемін азайтудың есебі­нен ден­саулыққа, өмірге және қауіп­сіз­дікке төнетін қауіп-қа­тер­ді төмендетуге нақты қа­дам жасалады. Pfizer, GE Healthcare компанияларымен ин­вес­­ти­циялық келісімдерге қол қо­йы­­лады. Фармацевтикалық алпауыт­­тармен, мәселен, Roche компа­ния­сымен орналастыру туралы Келі­сімнің шеңберінде биыл 5 түп­нұсқа патенттелген дәрі­лік заттарды жеткізу күтілуде.

Онкологиялық және онкоге­матологиялық аурулары бар пациенттерге арналған қазіргі заманғы нысаналы препараттармен қамту және спектрін кеңейту көзделгенін айта кеткен жөн.

– Соңғы жылдары ден­саулық сақтау сала­сындағы цифрлық өзгеру қағаз айналымынан бас тартуға ғана емес, сонымен қатар заманауи сервистер негізін­де медициналық көмек көрсетудің бірыңғай элек­т­рондық экожүйесін ке­зең-кезеңімен құруға мүмкіндік берді. Бұл туралы не айтар едіңіз?

– Иә, бұл бағытта да атқарыл­ған жұмыстар баршылық. Мы­салы, амбулатор­лық қабылдау үшін дәрігерге онлайн жазылуға болады, емдеуге жатқызу, дәрі­лік заттарды алу және еңбек­ке жа­­рам­­сыздық парақтарын жазу тәртібін қадағалай аласыз. eGov Mobile мобилдік қосым­шасында қолжетімді eDensaulyq сервисінің көмегі­мен пайдаланушылар донор­лық, медициналық қарсы көрсе­тілім­дер, жүкті әйелдерді есепке алу және диспансерлеу туралы кеңейтілген ақпарат ала алады. Бұл сервис азаматтарға тір­кеуді анықтаған жағдайда Әлеу­меттік медициналық сақтан­дыру қорына жүгінуге және па­циенттің қызмет көрсету­дегі ашықтығы мен қанағаттану­шылығын бағалауды арттыру үшін пациенттің биометрия­сын, QR-кодын және SMS-рас­тауды енгізуге мүмкіндік бере­ді. Сондай-ақ дәрілер мен ме­­дициналық бұйымдардың бірың­ғай жіктеуішін іске қосу, меди­циналық ұйымдардың арасында клиникалық деректермен алмасу қызметі, еңбек­ке жарамсыздық парақтары мен анықтамаларын беру үдерісін оңтайландыру және медициналық қызметтерге ақы төлеу үшін төлем жүйе­лерін жетілдіру кіреді. Биыл «E-densaulyq» ядросы ӘМСҚ меди­циналық көмегіне ақы төлеу­дің бірыңғай жүйесі, элект­рондық медициналық кітап­­шалар, вакцинациялау­дың элек­трон­дық паспорты бөлі­гінде іске қо­сылады. Сондай-ақ вакци­нациялауға қарсы көр­сеті­лімдері бар адамдарды есеп­ке алу, QR арқылы ақылы дәрі­лік затты алу, клиникалық қызмет­тердің нәтижелерін көрсету автоматтандырылатын болады.

– Сапалы медициналық көмек дегенде, әлбетте, алды­мен маман мәселесі менмұн­да­лай­ды. Ақ халат­ты­лардың біліктілігі қандай?

– Кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру жүйесінің тиімділігін жетілдіру үшін 2023-2024 оқу жылынан бас­тап міндетті резидентурамен жалпы оқу мерзімі алты жыл үздік­сіз интеграцияланған меди­ци­налық білім беру бағдарламасы енгізілді. Оны аяқтағаннан кейін бітіруші маман дәрігер білік­тілігін және медицина магистрі дәрежесін алады. Дәрігер­лер­дің қажеттілігін қам­тамасыз ету үшін, оның ішін­де аса тапшы мамандықтар бо­йынша 2023 жылы рес­публи­ка­лық бюджеттің есебінен 6 мың­ға жуық білім гранты бөлінді, оның ішінде 2,7 мыңы – бакалавриат және интернатура, 2,5 мыңы – резидентура, 325 – магистратура, 160 – докторантура.

Былтыр еліміздің меди­ци­налық жоғары оқу орындары 7 мыңға жуық дәрігер даяр­лап шығарды, орта медицина қызметкерлерінің саны 23 мыңнан асты. 3 мыңнан аса денсаулық сақтау мамандарын бөлу бойынша жұмысқа орналастырылды. Жергілікті бюджет қаражатының есебі­нен биыл 16,5 мың дәрігер, оның ішінде шетелде 108 адам біліктілігін арттырудан өте алды. Дәрігерлердің құзыретін арттыру мақсатында жалпы ұзақтығы 1 айдан 3 айға дейінгі ауылдық, қалалық, облыстық және республикалық денсаулық сақтау ұйымдарында резидент дәрігерлерге міндетті кли­никалық даярлауды ен­гізу көзделген.  Бұл ретте түлек­терді әлеуметтік қолдау шең­берінде 601 маманға көтер­ме жәрдемақы бөлінді, 384 жас дәрігер тұрғын үймен қам­тама­сыз етілді, 74 маман өзге де қолдау шараларын алды. Жалпы медицина саласында  78 мыңнан астам дәрігер және 180 мыңға жуық орта медицина мамандары бар.

– Бір сұхбатыңызда «Қаржыландырудың өсуі медициналық көмектің көле­мін ұлғайтуға мүмкіндік берді», дедіңіз. Жалпы қара­жат көлемі өзекті мәселелерді шешуге жеткілікті ме?

– Соңғы үш жылдың ішін­де елімізде медициналық көмекті қаржыландырудың өсуі ха­лыққа көрсетілетін медици­на­лық қыз­меттердің көлемін айтар­лық­тай арттыруға мүмкін­дік берді. Биылғы қаржылан­дыру 1,1 трлн теңгеден 2,8 трлн теңгеге дейін артты. МӘМС жүйесін енгізу нәтижесін­­де ІЖӨ-дегі денсау­лық сақ­тау шығыстарының үлесі 2018 жылғы 2,8%-дан 2022 жы­лы 3,7%-ға дейін ұлғайды. Мем­лекет басшысы бұл үлесті 2027 жылға қарай ІЖӨ-нің 5%-ы­на дейін ұлғайту мақсатын қойды.

МӘМС қаражаты есебінен еліміздің бір тұрғынының ден­сау­лығына арналған шығыс­тарды 56 мың теңгеден 122 мың теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік туды. Мәселен, егер медициналық көмек бөлі­нісінде қарайтын болсақ, он­д­а күндізгі стационарларды екі есе қаржыландырудың ар­қасында өткен жылы пациенттер мемлекеттік және жеке кли­никаларда 920 мыңнан аса стационарды алмастыратын қызметті ала алды. Жоғары технологиялық медициналық көмекті қаржыландырудың өсуі отандастарымыз үшін 2023 жылы күрделі қымбат ота­лардың қолжетімділігін 2,5 есеге арттыруға мүмкіндік берді. Былтыр МӘМС-те сақ­тан­­дырылған азаматтарға КТ және МРТ зерттеудің жоға­ры дәлдіктегі 1,5 млн әдіс­тері жүргі­зілді. Меди­цина­лық сақтандыру қара­жаты­ның есебінен пациенттерге жүрек-қан тамырлары, невро­логиялық, онкологиялық ауру­лар мен жарақаттар кезін­де меди­циналық оңалту қол­жетім­ді болды, ол бұрын іс жүзін­де көрсетілмейтін. МӘМС бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін медициналық қызметті көрсетушілердің саны екі есе өсті, қазіргі саны 2 000-ға жуық, олардың жартысына жуығы – жеке ұйымдар.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Амангелді Қияс,

«Egemen Qazaqstаn»