Саясат • 05 Ақпан, 2024

Оңтайлы нарық және тауар транзиті

154 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтті. Жиынға Арменияның Үкімет басшысы Никол Пашинян, Беларусь Премьер-министрі Роман Головченко, Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов, Ресейдің Үкімет басшысы Михаил Мишустин, Қырғызстан Министрлер кабинеті төрағасының бірінші орынбасары Адылбек Қасымалиев және ЕЭК Алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты.

Оңтайлы нарық және тауар транзиті

Тараптар ЕАЭО-ның инте­грацияланған ақпараттық жүйесін дамытудың жай-күйі мен перспективаларын, электрондық сауданы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі іс-шаралар жос­парын және көлік саласындағы басымдыққа ие интеграция­лық инфрақұрылымдық жобалар тізбесіне өзгерістер енгізу мәсе­лесін талқылады.

Сонымен қатар қатысушы­лар ЕАЭО елдеріндегі макроэко­номикалық ахуалды және тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарды қарастырды.

Әлихан Смайылов биыл ЕАЭО туралы шартқа қол қойылғанына 10 жыл толатынын еске салды. Бүгінде ол – 190 млн халқы бар, еңбек нарығы 93 млн-нан асатын, ішкі жалпы өнімі 2,7 трлн долларды құрайтын қарқынды дамып келе жатқан интеграциялық бірлестік. Бұл ретте мүше мемлекеттердің өзара саудасы 2015 жылдан 2022 жылға дейін 2 есеге өсіп, 85 млрд долларға жетті.

«Өткен жылғы маңызды оқи­ға «Еуразиялық экономика­лық жол» декларациясының қа­­­был­дануы болды. Бұл құжат еу­ра­зия­лық кеңістіктегі алдағы 5 жыл­ға арналған интегра­ция­лық үдерістердің негізгі бағыт­тарын айқындайды. Декла­ра­цияны іске асыру біздің эконо­микамыздың дамуы үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді. Нақты экономикалық жобаларды іске асыру үшін барынша күш салу қажет», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысының айтуынша, ЕАЭО Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің қиы­лысында орналасқан, бұл – осы аймақты бәсекелестікке қабілетті ететін негізгі артықшылық.

«Қазақстан транзиттік көлік инфрақұрылымын дамыту­ға ерекше мән береді. Кейінгі 15 жыл­да еліміз осы мақ­сат­тарға 35 млрд доллардан аса қаражат бөлді. Ляньюньган қа­ла­сында логистикалық орта­лық, «Қорғас» құрғақ порты, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік магистралі, Қытайдан Иранға теміржол дәлізі іске қосылды. Каспий теңізінің «Құрық» және «Ақтау» порттарына жаң­ғыр­ту жүр­гізілді», деді Әлихан Смайылов.

Ол сондай-ақ «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» жаңа теміржолдарының, «Алматы» стансасының айналма жолы­ның құрылысы басталғанын және «Достық – Мойынты» учаске­сінде екінші жолдар салынып жатқанын айтты.

Сонымен қатар Қытайдың Сиань қаласында қазақстандық терминалдың құрылысы бас­талды. Ресей, Түрікменстан, Үндістан және Иран тараптарымен бірлесіп, Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің шығыс бағытын синхронды дамыту бойынша жұмыс­тар жүргізіліп келеді.

«Біз елдеріміздің халық­ара­лық дәліздерінің, логисти­калық терминалдары мен өткізу пункттерінің өткізу қабілетін одан әрі арттыру маңызды деп санаймыз. ЕАЭО-ның барлық ел­дерін транзиттік-көліктік ин­ф­рақұрылымды дамыту жөнін­дегі бірлескен жобаларды іске асыруға шақырамын», деді Премьер-министр.

Сонымен қатар ол өнер­кә­сіп­тік кооперациядағы ын­ты­мақ­тастықты нығайту мақ­сатын­да биыл­дан бастап бірлескен жобаларға қаржы­лай көмек көрсету тетігі іске қосылатынын айтты. Бұл стра­тегиялық жобалар­ды іске асы­руға, бизнес бастамаларын тиім­ді ілгерілетуге, өзара инвес­тиция­ларды арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

«Ірі өнеркәсіптік коопе­рациялық жобаларды іске асыру ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің технологиялық әлеуетін дамытуды қамтамасыз етеді. Бірлескен бастамаларды қаржылық қолдау құралдарын одан әрі кеңейту маңызды деп санаймын», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы «төрт бостан­дықты» және ЕАЭО туралы шарттың базалық қағидаттарын іске асыру интеграциялық бір­лес­тіктің іргетасы болып қала беретінін атап өтті.

«Біздің экспорттаушылар көбіне жасырын шектеулерге тап болады. Сондықтан біз үшін төрт бостандықтың бірі – тауарлардың қозғалыс еркіндігін іске асыру мәселесі өзекті болып қала береді. Жалпы кедергісіз нарықты қалыптастырып, үшінші елдерге тауарлардың кедергісіз транзитін қамтамасыз ету қажет. Бұған барлық негізгі үдерістерді цифрландыру септігін тигізуге тиіс», деп атап өтті Үкімет басшысы.

Премьер-министрдің айтуынша, өткізу нарықтарын кеңейту тұрғысынан халық­аралық күн тәртібі маңызды. Сондықтан өзара эко­номи­калық қызығушылық тудыратын үшінші елдермен және халықаралық ұйымдармен диалогті жандандыру маңызды.

«Серіктестер біздің артық­шы­лығымызды білуі керек. ЕАЭО-ның жекелеген инфра­құрылымдық жобаларына қатысуға үшінші елдерді тарту маңызды. Комиссия мүдделі елдерді тарта алатын жобалар тізімімен жұмыс істеуі керек», деді Әлихан Смайылов.

Қорытындылай келе, ол Дүние­жүзілік банктің болжамына сәйкес 2024 жылы әлемдік эконо­ми­каның өсу қарқыны баяу­лап, 2,4%-ға дейін төмендеуі жал­ғасатынын атап өтті.

«Ұлттық деңгейде де, ЕАЭО ауқымында да сын-қатерлерге бейімделе білу – бүгінгі таңда ұйымымыздың табысты жұмы­сының маңызды факторы», деп атап өтті Премьер-министр.

Отырыс қорытындысы бо­йынша қатысушылар бірқатар тиісті құжатқа қол қойды.