Аймақтар • 05 Ақпан, 2024

Жайлы автобустар жолға шықты

591 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысының автопаркі заманауи автобустармен жаңартылды. Ақпан айының алғашқы күндерінен бастап облыс орталығы Ақтау қаласынан барлық аудандарға жолаушылар тасымалдау үшін метан газымен қозғалатын жайлы он автобус жолға шықты. Бұл бастама көліктік қызмет көрсету сапасын жақсартуға, өңірдің экологиялық тұрақтылығын сақтауға, сұйытылған газды тұтыну жүктемесін азайтуға бағытталған. Жаңа автобустар 53 орынға арналған және кондиционер жүйесі, қауіпсіздік камералары, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған аппарель, метан қозғалтқыш және GPS жүйесі сияқты барлық қажетті құрал-жаблықтармен қамтылған.

Жайлы автобустар жолға шықты

Автобустарды отынмен қамтамасыз ету үшін технопарк аумағында орналасқан алғашқы метан газ стансасы жұмыс істейді. Сонымен қатар паркте маршруттар­ды бақылауға және автобус­тардың ішкі бейнежазбаларын көруге мүмкіндік бере­тін диспетчерлік бөлме бар. Автобустарды сатып алу және метан құю стансасын іске қосу облыстық және қа­ла­лық әкімдіктердің қол­дауы­мен «Каспий» ӘКК» инвес­тициялық жобасы шеңберінде іске асырылды.

Жобаның мақсаты – Маң­ғыстау облысы жолаушылар тасымалын барынша қауіпсіз, ыңғайлы, сапалы ететін қоғам­дық көлікпен қамтамасыз ету. Сондай-ақ нарыққа жаңа заманауи автобустар шығару.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маң­ғыстау облысын әлеу­меттік-экономикалық дамыту бойынша берген стратегиялық тапсырмаларын орындау шең­берінде облыс пен аудан орталықтарын байланыстыратын автобус тасымалын ұйымдастыру жүзеге асырылып жатыр. Бүгін облысымыз үшін тарихи күн. Себебі шал­ғай аудандарымыздың тұрғындары енді облыс ор­талығына жаңа, заманауи, ыңғайлы, үлкен клас­тағы туристік авто­бустармен қатынайтын болады. Бұл эко­логиялық және эко­но­микалық тұрғыда тиімді бол­мақ. Айта кету керек, автобус паркін жаңарту үдерісі кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Алдымен 120 автобус сатып алынды, олардың 70-і қалаішілік көлік қызметін көрсетуге арналса, қалған 50-і облыс орталығы мен Мұ­­найлы ауданы арасында ыңғайлы тасымалдауды қамтамасыз етеді. Бұдан бас­қа 2024 жылы қосымша 100 заманауи автобус сатып алу жоспарланған. Бұл өңірдің көлік инфрақұрылымын же­тілдіруге және кеңейтуге ық­­­пал жасайды, – деді көлік­тер таныстырылымында Маң­ғыстау облысының әкімі Нұр­лан Ноғаев.

Жол жүру құны да қолже­тімді. Шамамен 300 теңге мен 2 000 теңге аралығында болады.  Мысалы, облыс орталығы Ақтау қаласынан 70 шақырым жерде орналасқан Құрық ауылына дейінгі жол жүру құны бір адамға – 300 теңгені, ал такси құны бір адамға орташа есеппен 1 300 теңгені құрайды.

 

Маңғыстау облысы