Спорт • 06 Ақпан, 2024

Шархан ғана үмітті ақтады

218 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Францияның астанасы Парижде Grand Slam турнирі өз мәресіне жетті. Әдетте біз 60 және 66 кг салмақ дәрежелерінде белдесетін дзюдошыларға айрықша сенім артамыз. Себебі түрлі дүбірлі додаларда көбіне-көп олжаға кенеліп жүргендер – солар. Бірақ бұл жолы балуандарымыз ел сенімін ақтамады.

Шархан ғана үмітті ақтады

Аса жеңіл салмақта Елдос Сметов күресті. Кейінгі кездері бағы жанбай жүрген даңқты балуан осы жолы жақсы өнер көрсетіп, әлем­дік рейтингтегі жағдайын түзейді деп үміт­тендік. Алайда ол екінші айналымнан аса алмады. Тұсаукесер кездесуде мысырлық Әдел Хамаданы ұтқан Елдос іле-шала Оңтүстік Корея­ның оғланы, әлем мен құрлық чемпионаты және Азия ойындарының жеңімпазы Ли Харимге есе жіберді. Дәл осы салмақтағы Нұрқанат Серікбаев бірінші кезеңде өзбекстандық Достон Рузиевтің осал тұсын таба алмады.

66 кг салмақтағы Ғұсман Қырғызбаев конго­лық Крист Мупатаны қапы қалдыр­ғанымен, көп ұзамай әлемнің екі дүркін чемпионы, екі дүркін күміс жүлдегері, Азия ойындарының финалисі жапониялық Дзёсиро Маруяманың оңай олжасына айналды. Есет Қуанов үшінші айналымға дейін жетті. Ол венесуэлалық Уиллис Гарсия мен молдовалық Раду Извореануды жеңіп, Панамерика ойындарының екі дүркін жүл­дегері, өз құрлығының екі дүркін чемпио­ны, бразилиялық Вилиан Лимаға жарытып қарсылық көрсете алмады.

оо

Келесі күні ерлер тағы екі салмақ дәреже­сінің жүлделерін сарапқа салды. 73 кг салмақ­тағы Асқар Нарқұлов алғашқы айналымда кипрлық Андреу Киприаносты қапы қал­дырғанымен, іле-шала өзбекстандық Шахрам Акхадовтан айласын асыра алмады. Есесіне, Данияр Шамшаевтың екпіні күшті болды. 2022 жылы Астанада Азия чемпионы атанған қазақ балуаны бастапқы бәсекелерде Хосе Антонио Аранда Олалла, латвиялық Абдулфаз Насировс, франциялық Хуан-Бенжамин Габаны ұтып, ширек финалда жапониялық Тацуки Ишихараға жол берді. Жұбаныш белдесуде Данияр косо­валық Дардан Ценаның аяғын көктен кел­тірді. Алайда келесі кездесуде ол да Нар­құ­ловты жеңген Акхадовқа есе жіберді. Сөйтіп, Шам­шаев бесінші орынды қанағат тұтты.

81 кг салмақтағы Руслан Мұсаев тұсаукесер кездесуінде өзбекстандық Мұса Собировтан ұтылса, Абылайхан Жұбаназар аргентиналық Томас Моралес, аустриялық Вахид Борчашвили және Португалияның атақты дзюдошысы Анри Эгу­тидзені жолынан ығыстырғанымен, Олим­пиаданың қола жүлдегері, әлем чемпионы, Еуро­па ойындарының жеңімпазы, бельгиялық Маттиас Касстан жеңілді. Жұбаныш белдесуде де Абылайханның асығы алшысынан түспеді. Ол молдовалық Михаил Латышевтан ұтылды.

Үшінші жарыс күні 90 кг салмақтағы Айдар Арапов пен Ермахан Әнуарбеков алғашқы айналымдарда түркиялық Михаэль Жганк пен ресейлік Егор Воропаевтан жеңілді. 100 кг салмақ дәрежесінде белдескен Бекзат Шағатаев бразилиялық Рафаэль Бузакариниден жығылды. Америкалық Натаниэль Кивті қапы қалдырған Нұрлыхан Шархан одан кейін нидерландтық Михаэль Коррелмен күш сынасты. Әлемнің үш дүркін қола жүлдегері, Еуропа чемпионы қазақтың нар тұлғалы азаматының алдында тізе бүкті. Ширек финалда Шархан Сербияның саңлағы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы Александар Кукольге жер сипатып кетті. Жартылай финалда ол Испанияның туы астында өнер көрсетіп жүрген грузин жігіті Николоз Шеразадашвилидің осал тұсын таба алмады. Қола медаль үшін болған бәсекеде жерлесіміз Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері, швейцариялық Даниэль Эйхтен басым түсіп, жанкүйерлерді қуантты.

Соқыр жеребе Ғалымжан Қырықбайды бірден даңқы жер жарған Тедди Ринермен жолықтырды. Олимпиаданың үш және әлемнің 12 дүркін чемпионы қандасымызды еш қиналмай ұтты. Есесіне, Ерасыл Қажыбаев Францияның екінші нөмірлі дзюдошысы Тергек Джозевті жолынын ығыстырып, келесі кезеңде әлем чемпионы, Па­на­мерика ойындары мен бірін­шілігінің үш дүркін же­ңім­пазы кубалық Энди Гран­даны оңдырмады. Бірақ одан әріге Ерасылдың шамасы жетпеді. Ширек финалда ол жапониялық Канто Наканоға және жұбаныш белдесуде грузиялық Ираклий Деметрашвилиге жол берді.

Осылайша, Парижге сапар шеккен Қазақ­станның дзюдошылары арасынан тек Нұрлыхан Шарханның ғана жеңіс тұғырына көтерілуге күш-жігері жетті. Ал Данияр Шамшаев бесінші орынды қанағат тұтты. Міне, Францияның астанасында өткен Grand Slam турниріндегі ең үздік нәтижеміз – осы.