Жарыстың алғашқы күні жанкүйерлер қызылордалық Олжас Сырлыбай мен қостанайлық Юсуф Мациевтің тартысын тағатсыздана күтті. 97 кг салмақ дәрежесінде күш сынасатын бұл балуандардың есімі көпшілікке етене таныс. Олжас – еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, құрлық біріншілігінің жүлдегері. Юсуф – жастар арасындағы (U-20) әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Сақа спортшы мен жалынды жас әбден тірескенімен бір-бірін ала алмады. Есеп – 1:1. Күрес түрлерінің ережесі бойынша соңғы ұпайды кім алса, жеңіс соның еншісіне жазылады. Бұл ретте Сырлыбайдың асығы алшысынан түсті. Мациев күміспен күптелсе, алматылық Ислам Умаев пен қарағандылық Ерұлан Ысқақов қола медальді қанағат тұтты.
Азия чемпионатының екі дүркін және Ислам ынтымақтастығы ойындарының жүлдегері, жасөспірімдер мен жастар арасындағы әлем біріншілігінде үшінші орынды иеленген Аманғали Бекболатов 55 кг салмақ дәрежесінің басты фавориті саналды. Алайда аталған жарыста ол жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Жартылай финалда астаналық Айбек Айтбектен айласын асыра алмаған Аманғали үшінші орын үшін тартыста Алматы облысының өкілі Ербол Камаилевтен ұтылды. Нәтижесінде, аса жеңіл салмақта жетісулық Нұрзат Қабдірахимовқа тең келер ешкім табылмады. Финалда ол Айтбековті ұтты. Камалиевпен қатар, түркістандық Қасым Әден қола медальді мойнына ілді.
Былтыр Қазақстан Спартакиадасында қарсылас шақ келтірмеген Мұхамедәлі Мамырбек бұл жолы да жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріледі деп топшылаған едік. Бірақ олай болмады. Шымкенттік балуан 63 кг салмақтың жартылай финалында өскемендік Диас Әскербайдан ұтылды. Нәтижесінде, Мамырбек қостанайлық Айбек Есмұратовпен бірге үшінші сатыға тұрақтады. Ал финалда Диас жамбылдық Ержет Жарылқасыннан оңбай жеңілді.
73 кг салмақта Николай Хапконың мерейі үстем болды. Солтүстік өңірінің тумасы шешуші тұста Алматы облысының өкілі Ерасыл Нұрбосыновты қапы қалдырды. Өскемендік Елдос Камелев пен шымкенттік Әділхан Сатаев қола жүлдені еншіледі. 82 кг салмақта Евгений Поливадовтың екпініне ешкім шыдамады. Жасөспірімдер Олимпиадасы мен жастардың әлем біріншілігінде жүлде алған атыраулық арлан Жетісу облысының жас жолбарысы Әлмир Төлебаевты бір ғана ұпай айырмашылығымен жеңді. Жамбылдық Тарлас Әшірханов пен қостанайлық Мирас Баршылықов үшінші орынды иемденді.
Жарыстың екінші күні жанкүйерлер 67 кг салмақ дәрежесіндегі Алмат Кебіспаев пен Мейіржан Шермаханбеттің айқасын көруге ерекше құштарлық танытты. Бұл балуандардың екеуінің де бағындырған белесі зор. Атап айтсақ, 36 жастағы Алмат әлем чемпионатында – 5 (1 күміс, 4 қола), Азия чемпионатында – 6 (2 алтын, 3 күміс, 1 қола), Азия ойындарында – 2 (1 күміс, 1 қола) және Дүниежүзілік Универсиадада 1 рет (1 қола) жеңіс тұғырына көтерілді. 2012 жылы ол Токио және 2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадаларына қатысты. 27 жастағы Мейіржанның әлем чемпионатының қола, Азия біріншілігінің жеңімпазы және күміс жүлдегері, Азия ойындарының финалисі деген атағы бар.
Астанада қос дүлдүлдің жолы ширек финалда қиысты. Бұл тартыс 9:4 есебімен Шермахамбеттің пайдасына шешілді. Шымкенттің шымыр жігіті ақтық сында кадеттердің Азия чемпионы, жастардың әлем біріншілігінің қола жүлдегері, жамбылдық Дінмұхамед Қошқармен күш сынасты. Бұл бір керемет белдесу болды. Бәсеке басталған бетте Мейіржан екі ұпай алса, сол мезетте қарсыласы оны шыр айналдырып, алты ұпай иеленді. Бірақ соған бола Мейіржанның салы суға кеткен жоқ. Бірінші кезеңнің соңғы минутында Шермаханбет Қошқарды алып ұрып, қос жауырынымен жерге қадады. Таза жеңіс! Үшінші орынды қарағандылық Алмат Кебісбаев пен Алматы облысының намысын қорғаған Алматбек Аманбек иеленді.
Былтыр 55 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, жастар арасында әлем чемпионы атанған Исхар Құрбаев биыл 60 кг салмақта күресуді көп көрді. Ондағы мақсаты – алдағы уақытта өтетін Олимпия ойындарының іріктеу сайыстарына қатысу. Бірақ жаңа салмақ жетісулық жігітке жақпады. Исхар бастапқы бәсекеде сан соғып қалды. Бұл салмақта қызылордалық Айдос Сұлтанғалидің мықтылығына тәнті болдық. Әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Азия чемпионы жартылай финалда өзінің сыралғы қарсыласы, ақтөбелік Мейрамбек Айнағұловпен айқасты. Жалпы, осы екі спортшы аса ірі халықаралық додаларға алма-кезек барып жүр. Мейрамбек те – осал балуан емес. Ол дүниежүзілік додада бір күміс пен бір қолаға қол жеткізіп, құрлық біріншілігінде 2 күміс пен 2 қоланы қоржынға салды. Азиадада үшінші сатыға жайғасты. Бұған дейін екеуі бір рет қана кездескен екен. Ол кезде Айнағұловтың асығы алшысынан түссе, арада жеті жыл өткеннен соң Сұлтанғали кеткен есені қайтарды. Финалда Сыр бойының сайыпқыраны жетісулық Ғалым Қабдунасаровты сан соқтырды.
77 кг салмақтағы Демеу Жадыраевтың жанкештілігіне риза болдық. Әрбір кездесуінде ол кіл мықтылармен белдесті. 34 жастағы көкжал бірқатар аса ірі халықаралық турнирлердің жеңімпазы, шымкенттік Омар Сатаев пен Азия чемпионы, қарағандылық Ибрагим Магамадовты жеңіп, финалда құрлық біріншілігінің жеңімпазы, қостанайлық Темірлан Шадукаевты шаң қаптырды. Магомадов пен шымкенттік Әбдіәзим Қарабаев қолаға қол созды.
87 кг салмақта астаналық Азамат Құстыбаев ел чемпионы атанды. Финалда жарақат алуына байланысты оның қарсыласы әрі командалық әріптесі Мақсат Сайлау бозкілемге шықпады. Жетісулық Диас Қален мен өскемендік Темірлан Тұрдақын үшінші орынды қанағат тұтты. Аса ауыр салмақта шымкенттік Әлімхан Сыздықовтың шоқтығы биік болды. Өскемендік Салават Ахметқали екінші және қостанайлық Мансұр Шадукаев пен шымкенттік Жоһар Ұзаров үшінші орынға табан тіреді.
Елордадағы жарыста топ жарған балуандар енді 11-16 сәуір аралығында Бішкекте жалауы желбірейтін Азия чемпионатына қатысады. Қырғызстанның астанасында 60 кг, 67 кг, 77 кг, 87 кг, 97 кг және 130 кг салмақ дәрежелері бойынша Олимпия ойындарының лицензиялары сарапқа салынады. Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері арасында 87 кг салмақтағы Нұрсұлтан Тұрсынов былтыр Қытайдың Ханжоу қаласында алауы тұтанған Азия ойындарында Париж Олимпиадасының жолдамасына иелік етті. Яғни алға қойған мақсаты орындалды. Сол себепті де бұл салмақтағы біздің балуандар Бішкекте күреспейді.
Бір айта кетерлігі, Астанадағы жарыста 82 кг салмақтағы Ресей чемпионы, жастар арасындағы (U-23) әлем біріншілігінің қола жүлдегері, әскерилер арасында әлем чемпионы Шәміл Олжаев та бақ сынауға бел буған еді. Алайда Қазақстанның төлқұжаты болмағандықтан, шешен спортшысының бұл додаға қатысуына рұқсат берілмеді.