Аймақтар • 05 Ақпан, 2024

Ауызсусыз қалған Егіндікөл

182 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сегіз ай бойы ауызсу тапшылығына байланысты аудандық маңыздағы техногендік сипатта төтенше жағдай жарияланған Егіндікөл ауданының халқы әлі күнге дейін тіршілік нәріне жарымай отыр.

Ауызсусыз қалған Егіндікөл

Фото: aikyn.kz

Былтыр мамыр айында бас басылым­да «Егіндікөлден ел неге көшеді?!» деген тақырыппен жалпақ жұрттың жанайқайын жазған едік. Оқырманға түсінікті болуы үшін бірауыз сөзбен қалып­тасып отырған жағдайды айта ке­телік. Егіндікөл ауданымен бірге, Қор­ғал­жын және Атбасар аудандарының ондаған елді мекенін ауызсумен қам­та­масыз ететін Нұра су құбырына жарты ғасырдан аса уақыт бойы ешбір жөндеу жұмыстары жүргізілмегендігін айтқан едік. Бүгінде су құбырының сау тамтығы қалмаған. Мамандардың есептеуіне қарағанда, құбырдың 90 пайызға жуығы шіріп кеткен. Сол себепті су шығыны шашетектен. Нұраның бойынан бастау алып қияндағы Атбасарға жеткенше бар судың 70-80 пайызы шұрық-тесік құбырдан ағып кетеді. Елге жететіні – ауыз жарымайтын қалдығы.

Арада бірер ай өткен соң бейнелеп айтқанда, ақ түйенің қарны жарылғандай жаңалық желдей ескен. Комиссия құ­рылыпты. Комиссияның құрамына Су ресурстары және ирригация министрінің орынбасары, Су ресурстары комитетінің төрағасы, Қорғалжын, Егіндікөл аудан­дары­ның әкімдері, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы, Нұра топтық су құбырының өкілдері кірген еді. Желінің жаңа учаскелерін негізгі учаскелерге қосу бойынша нақты іс-қимыл жоспары әзірленіп, қосылу мерзімі де белгіленген. Облыс әкімінің шақыруымен ауданға Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов те келді. Құбырдың тозығы жеткен магистралдық бөлігін ауыстыру технологиясын өзгерту туралы жедел шешім қабылданды. Ұзындығы 337 шақырымды құрайтын құбыр Егіндікөл, Қорғалжын, Атбасар аудандарының 24 елді мекенін сумен жабдықтаудың жалғыз көзі екенін екпін түсіріп айта кетуіміз керек. Екі мердігерлік ұйым осы жұмысты атқарып шығуы керек еді. Әйтсе де, әлі күнге дейін су құбырының бойындағы елді мекендерді қоныстанған қыруар халықтың кенезесі кеуіп отыр.

– 20 жыл бойы аудан жұртшылығын ауызсумен қамту мәселесі шешіл­мей келе жатыр, – дейді «Тіршілік-2023» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерік Серікбаев. – Кейінгі екі-үш жыл көлемінде жағдай тіпті ушығып кетті. Қалыптасып отырған жағдай өңір­де техногендік сипаттағы төтенше жағ­дай жариялау керек деген мәселені қоз­ғауға себепші болды. Оның үстіне қас­қалдақтың қанындай болып отырған су бағасының қымбаттауы адамдардың орынды өкпе-назын тудырып жатыр. Күз­дігүні Сабынды ауылында су мә­селесіне байланысты жиын өткізілді. Сол жерде жаңа жылға дейін ауызсу беріледі деген уәде айтылды. Халық мәселенің мән-жайын және бұл жұмыстың оңай-оспақ шаруа емес екенін жақсы түсінеді. Бір жылға қоян терісі де шыдайды ғой, біз де шыдайық дескен. Өкінішке қарай, жаңа жылға жетсек те, су жетпеді. Жұ­мыс­ты атқарып жатқан мердігерлер қаржы тап­шылығына байланысты шап­шаң қи­мылдай алмады. Енді жер қатып қалды. Техника қардан өте алмайды.

Күзде су құбырының бойында біршама жұмыс атқарылған. Аудан әкімдігінің мәліметіне қарағанда, 2023 жылдың 9 қазанына дейін Егіндікөл ауылының тұсында 10 434 метр, екінші учаске Сабынды ауылының маңында 13 680 метр траншея қазылған. Барлығын қосқанда 24 114 метр. Комитеттің мәлі­метіне қарағанда, өткен жылдың 10 қаза­нына дейін траншея бойында жеті құдық орнатылған. Жұмыс қарқыны бір тәулікте бір шақырым траншея қазу­ға же­тіп отыр. Қаржылық қолбайлау бол­ғаннан кейін ойға алған оңды шаруа орындалмай қалды.

Аудан тұрғындары қазір тасымалда­натын суға тәуелді. Ол су 50 шақырым жердегі Астрахан ауылынан тасымалданады. Қаншама шығын. «Егіндікөл су арнасы» мемлекеттік кәсіпорны басшы­сының міндетін атқарушы Ниязбек Мейрамовтың жауап хатында ауызсу бағасының қымбаттауы тәптіштеп түсіндіріледі. Ауызсуды тасымалдауға байланысты кәсіпорынның шығыны көбейе түскен. Егіндікөл ауданына су үш көлікпен жеткізіліп жатыр. Өткен жыл­дың мамыр айынан бастап Егіндікөл, Қоржынкөл, Бауманское, Спиридонов­ка елді мекеніне су тасымалданады. Жанар-жағармайдың қымбаттауына орай бағада көтеріліп отыр.

Қыраулы қыста ауызсудың азабын тарт­қан Егіндікөл ауданының тұрғын­дары өкпе-наздарын айтудай-ақ айтып жатыр. Тек еститін құлақ болсын деңіз.

 

Ақмола облысы