Қоғам • 05 Ақпан, 2024

Жалған статистика жарға жығады

170 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Марк Твен «әлемде үш түрлі өтірік бар: өтірік, шектен шық­­­қан өтірік және статисти­ка» деген екен. Өткен аптада Мә­жілістің жал­пы отырысын­да осы статистикадағы сала­сын­дағы сәйкессіздік мәселесі көтерілді.

Жалған статистика жарға жығады

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Депутаттар күн тәртібіндегі мәсе­лелерді қарап болған соң, тиісті мем­лекеттік мекеме басшыларына сауал­дарын жолдаған. «Respublika» пар­тиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров Премьер-министр Әли­хан Смайыловқа жолдаған сауалын­да статистика жүргізудегі кемшілік­терді атап көрсетті.

Депутаттың айтуынша, әрбір отан­­дасымыз, соның ішінде нәресте бала­ларды есепке алғанда, әр күн сайын жарты килограмм картоп тұ­тыну керек. Ал бұл салыстырмалы түрде кар­топтың отаны саналатын Беларусь елінен бірнеше есе көп.

«Статистикаға бекер сүйеніп отыр­­­ған жоқпын. Ашығын айт­сақ, елі­­міз картопты көрсеткен мөл­шері­нен екі есе аз өндіреді. Дәл осын­дай жағдай басқа салада да кез­де­седі. Яғни бұл ресми статистика мен шынайы өмірдің сәйкес емес еке­нінің анық мысалы. Салалық одақ­­тардың бағалауына сәйкес, би­дай­ға қатысты берілген есеп 3 миллион тоннаға артық. Бәріміз білеміз, 2021 жылы Маңғыстаудан бастап бүкіл оңтүстік батыс өңірлерде қуаң­шылық болды. Сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрі ауыр жағ­дайға қарамастан 20,1 миллион тон­на астық жиналғанын сүйінші сұрап жеткізгені есімізде. Жекелеген аймақ­тарда мал басын санағанда анық­талған сәйкессіздік 40 пайызды көрсетті.

Осындай өтірік кімге, не үшін керек? Жалған есептер еліміздің ауыл ша­руашылығы саласын құрдымға жі­бермей ме?! Барлық деңгейдегі әкім­­дік, орталық мемлекеттік ор­ган­­ жалған мәлімет беруді әб­ден үй­ре­­ніп алды. Былай айтқан­да, же­ке қосалқы шаруашылықтардың көр­­сет­кіштерін өз бетінше еселеп, ста­­тис­тиканы түрлендіре бе­реді. Ал бұл үшін жауапкершілік мүл­­дем қарас­тырылмаған», деді А.Қожаназаров.

Депутат әкімдер арасындағы бә­секелестікті бағалайтынын, бірақ нақты атқарылған іспен, нәтижемен жарысса ғана құптауға лайық болатынын атап өтті. Оның айтуынша, ойдан шығарған сандармен арзан ұпай жинау елге қажет емес.

«Мұның зиянын бюджетті жос­парлау кезінде көріп отырмыз. На­рықты реттегенде қате шешімдер қа­­­былданады. Бәрін былай қойғанда, бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігінің тас-талқанын шығаратынын баса айтқым келеді. Мемлекет басшысы 2025 жылға ауыл шаруашылық саласының мәліметтерін қайтадан жүйелеу үшін нақты тапсырма бергенін білесіздер. Алайда Статистика бюросы тарапынан тиісті дайындық жұмыстары әлі күнге дейін басталмай отыр.

Жоғарыда айтылған жайттарды ескере келе, келесідей қадамдарды ұсынамыз. Әкімдіктердің жұмысын бағалау критерийі ретінде қолда­нылатын өнім көлемі индексі сенімді бизнес көрсеткіштеріне ауыстырылуы керек. Мүмкін кәсіпорындар рей­тингін есепке алған жөн», деді А.Қо­жаназаров.

Сондай-ақ «Respublika» партия­сының төрағасы әкімдердің жұмы­сын бағалауды нақты қолда бар құ­рал­дарға қарап бекітуді ұсынды. Мы­салы, ауыл шаруашылығы өнді­рісіне бөлінген жер учаскелері, бе­рілген субсидиялар, жасалған инфра­құрылымдар, тартылған инвестиция көлемі, несиелер көлемін секілді критерийлерді ескерген жөн.

«Статистикалық есепті мал басын есепке алудың ақпараттық жү­йесін, дақылдардың ғарыштық мо­ниторингін, салық және зейнетақы есептеулер, кедендік декларация­ларды және электрондық шот-фак­­туралардың базасын интеграция­лау арқылы жүргізу қажет. Кәсі­би фермерлерді, жетекші IT-компа­ния­ларды және халықаралық сарап­шыларды тартып, жұмыс тобын құру арқылы ақпараттық, әдістемелік және нормативтік-құқықтық базаны же­тілдірген жөн. Егер шаруа қожалығы жергілікті әкімдердің сұрауы бойынша өндірілген өнім көлемін ұлғайтып көрсетсе, оған тиісінше салынатын салық көлемі де ұлғайтылуға тиіс», деді А.Қожаназаров.