Депозит • 05 Ақпан, 2024

Депозит ашудың дер шағы

184 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Таяуда еліміздің Бас қаржы реттеушісі – Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 15,25%-ға дейін 50 базистік тармаққа төмендету туралы шешім қабылдады. Бұған инфляциялық үдерістердің баяулауы ескеріліп, алдыңғы жылдан бері алғаш рет бір таңбалы мәнге жеткендігі бар. Осыған қарағанда, инфляцияның орнықты бөлігіндегі көрсеткіштер тұрақталып келе жатқан сыңайлы.

Депозит ашудың дер шағы

Фото: pixabay.com

«Бұл – әлемдік азық-түлік на­ры­­ғындағы бағалардың төмен­деуі, Орталық банктердің тежеу­ші саясатына қатысты сырт­қы ин­фля­­циялық ортаның жақ­са­руы. Бірақ инфляцияның өсуі мүм­кін кейбір факторлар мен тәуекелдер сақталып отыр. Оған экономика ішіндегі тәуекелдер ор­нықты тұтынушылық сұра­ныс­қа, фискалдық ынталан­ды­руға, жоғары инфляциялық күтулерге және реттелетін баға ре­фор­ма­ла­ры­ның тоқтау­сыз­ды­ғынан», дейді Ұлттық банк төра­ғасы Тимур Сүлейменов.

Бас банк басшысы сыртқы ортада Ресейдегі инфляцияның жеделдеуіне орай, тәуекелдер бай­қалып, бұған дейін айтылған риторикаға сәйкес әрекет ететін­дігін, қатаң ақша-кредит шарт­тары ұстамды қалпында тұр­ған­­дығын, бұл инфляцияның ор­­нықты түрде төмендеуін қам­­та­­масыз етіп, ортамерзімді келешекте инфляцияны 5%-ға жуық тұрақ­тандыру қажеттігін жет­кізді.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция 9,8%-ды құрағаны, Үкімет пен ақша-кредит саясатының инфляцияға қарсы қолданған шаралары түрткі болғанға ұқсайды. Бұған әртүрлі саладағы өндірушілердің бағасы төмендеп, жоғары базаның әсері маңызды рөл атқарған. Бүгін­дері әлемдегі инфляциялық қысым­ның әлсіреуі де еліміздегі инфля­ция­ның төмендеуіне ықпал етіп отыр. Бағаның өсуіне ақылы қызметтер, оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді ре­формалаудан қалыптасқан баға­лар айрықша үлес қосқан. Азық-түлік инфляциясы 8,5%-ға және оған жатпайтын тауарлар баға­сы­ның өсуі 9,1%-ға дейін төмен­деген. Ал қызметтер инфляциясы «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын жүзеге асыруда тарифтер 12,4%-ға дейін ұлғайған.

Сонымен осы жылы күтілетін инфляцияның медианалық көр­сет­кіші біршама төмендеп, 16,4%-ды құрады. Респонденттер бола­шақ­та бағаның ықтимал өсуіне тамақ өнімдері мен жанар-жа­ғар­­май бағасының өзгеруі себеп бола­тындығын айтады.

Былтыр экономиканың өсуі қыс­қа­мерзімді экономикалық инди­катор негізінде 5,1%-ға баға­ла­нып, Бас банктің болжамына сәйкес келген.

Мұнай өндірудің ұлғаюы, та­мақ өнімдері өндірісінің кеңеюі, жеңіл өнеркәсіп пен машина жа­сау­дың өсуі өнеркәсіп сек­то­рын­­дағы өндіріс көлемін 4,3%-ға арттырған. Сондай-ақ 13,3%-ға қымбаттаған құрылыс пен 7,1%-ға өскен ақпарат және байланыс салалары да экономикада оң өсім тіркеген.

Дегенмен өткен жылдағы ас­тық түсімінің нашарлығы ауыл шаруашылығы 7,7%-ға айтар­лық­тай төмендетіп тастады.

Сонымен сыртқы секторда инфляциялық қысымның әлсіреуі жалғасып, біршама Орталық банктің тежеуші ақша-кредит сая­­­саты нәтижесінде әлемдегі ин­фля­ция баяуласа да, көптеген елде әлі де таргеттен жоғары кө­рі­­неді. Алайда Орталық банк­тер­дің көбі ұзақ уақыт бойы мөл­­­­шерлемелерді жоғары дең­гейде сақтау қажеттігін айтады. Елі­міз­дің негізгі сауда серіктесі саналатын Ресейдегі инфляция 7,4%-ды құрап, ішкі сұраныстың жедел өсуіне және инфляциялық күтулердің жоғарылауына жол ашқан. Банк өкілі Еуроодақта Еуропа Орталық банкінің тежеу саясаты жағдайында инфляцияның баяулау үрдісі 3,1% деңгейінде бай­қалып отырғандығын мәлім­­дей­ді. Дегенмен 2% таргетке 2026 жылы ғана қол жеткізу мүм­­кін деген жорамалдың да жоқ емес­тігін, яғни жоғары па­йыз­­дық мөлшерлеме ұзақ уа­қыт бойы сақ­талады деген болжам бар. Біздің саудадағы тағы бір серік­те­сіміз Қытайда эконо­ми­калық бел­сенділіктің әлсіз көр­сет­кіштері жағдайында үш ай қата­рынан 0,3% дефляция болған.

«Инфляцияны 5%-ға жеткізу туралы ортамерзімді басты мақ­са­ты­мызға жету үшін осы ара­лықта ұс­тамды қатаң ақша-кре­дит шарт­тарын сақтау керек. Біз жа­ңадан түсетін деректерді мұқият қадағалап, айтарлықтай өзге­рістер енбеген жағдайда ба­за­­­­лық мөлшерлемені біртіндеп тө­мен­­­детуді жалғастырамыз. Дей тұр­­ғанмен мөлшерлеме бо­йын­­ша шешімдерде үзілістер болуы мүм­кін екенін де жоққа шы­ғар­май­мыз. Бұл жерде атап өтетін жайт төмендеу циклі ұзақ болуы мүмкін», дейді Бас банкир.

Иә, Ақша-несие саясаты коми­те­тінің базалық мөлшерлемені 15,75%-дан 15,25%-ға төмендетуі ақпан айынан бастап депозит мөлшерлемесі де өспейтіндігін білдіреді. Талдау жүргізген сарапшы-мамандар депозит ашып, жоғары мөлшерлемені ұстап қалатын уақыт келгендігін, ең жоғары мөлшерлемелері бар жеке депозиттер нарығын екшелеп, ақшаны мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік бермейтін жинақ салымдары, депозиттерді толтыру мүмкін еместігін айтады. Алғашқы алты айда ең жоғары тиімді мөлшерлеме жылына 17,8% болса, оны «Home Credit Bank» (жинақ депозиті) ұсынып отыр. Одан кейінгі орында 17,7% мөлшерлемемен КЗИ Банк. Ал 17,5%-дық мөлшерлемені ұсынып отырған екінші деңгейлі банктер саны төртеу.

Жылдық депозит сегментінде ең қолайлысы «Home Credit Bank» (ЖТСМ – 16,9%) пен Қазақстан-Зираат халықаралық банктен (16%) бөлек, тағы төрт екінші дең­гейлі банк 15,7% ұсыным­да­рын білдіреді.

Екі жылға депозит ашу кезін­де «Home Credit Bank» 14,3% ЖТСМ, «Halyk Bank» (14%) пен «Нұрбанк» (12,2%) бар.

«Bereke Bank» 17,6%-ға дейін, бірақ банк қандай мерзімде және қандай жағдайда жұмыс істей­тін­ді­гі көрсетілмеген.

 Шолуда «ВТБ» банк өнімдері қарастырылмады. Бұл ресейлік еншілес банк, оның бас компаниясы санкцияларда, бірқатар шектеулерге әкеледі. Айта кетер­лігі, банктерде арнайы ұсы­ныс­тар бар. Егер депозит сомасы 10 млн теңгеден асатын болса, Еуразиялық банк секторында жа­ңадан ашылған депозит­тер үшін жоғарылатылған мөлшер­ле­ме 6 ай мерзімге 18% екендігін көрсетеді.

Нарықта одан өзге де арнайы өнімдердің ішінде, мәселен, де­по­зиттің орнына депозиттік сертификатты сатып алу жағы бар. Сертификаттар бойынша па­йыз­дық мөлшерлеме депозит­терге қарағанда жоғары. Бірақ де­по­зит­тік серти­фикатқа қазақ­стан­дық депозит­терге кепілдік беру қоры жеке тұл­ға­лар­ды кепіл­ден­­дір­мей­тін­дігін есте ұстаған жөн.

Сонымен «Home Credit Bank»-те 60 ай – 17,25%, 36 ай – 18%, 24 ай – 18,5%, 12 ай – 17,5% икемді (100 мың теңгеден бастап) 24 ай – 16,5%. Мұндағы мөлшерлеме мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда да аяқталмайды. Қазір­гі таңда елімізде инфляция түп­кі­лікті түрде тұрақтанды деп айтуға да негіз жоқ емес. Сыртқы инфля­ция­лық фон да қолайлы үдерісте. Мамандар базалық мөлшер­ле­менің төмендеуімен қатар, депозиттер де арзандайды, сондықтан осы уақытта мөлшерлемелерді бекіту арқылы ең тиімді шарттарды сақтауға мүмкіндік жеткілікті екендігін тағы бір мәрте еске салады.